Шығармалар ✍️
Әдеби орта
Енді Мұрынды поэзияның жыраулық белесіне жетелеген әдеби орта жөнінде аз-кем сөз қосу өз-өзінен сұранып тұрғандай.
«Қырымның қырық батыры» туралы эпопеялық туындысы Мұрынның бүкіл өмірі бойы төккен терінің, үздіксіз творчестволық ізденісінің бірегей салуалы жемісі. Ғасырлар бойы қырық бір батыр туралы жыр негізінен ел аузында шашыраңқы күйде айтылып келді. Аса дарынды тұлға болмаса, қырық бір жыр поэмалардың бәрін Гомердің “Илиадасы” немесе “Одиссеясы” сияқты біртұтас эпопеялық шығарма деңгейіне жеткізу мүмкін емес еді. Міне, осындай аса күрделі де жауапты міндетті орындау Құдайдың
құдыретімен маңғыстаулық Мұрын Сеңгірбекұлының үлесіне тиді. Пір Бекет атаның қолдауымен Мұрекең ата Алланың нұры түскен бұндай абзал міндетін орындады, халқының, алты алаштың үмітін ақтады. Ендеше, осындай алып жыршы қалай пайда болды? Осы сұрақ шаң беріп жатса, бұған таңданатын дәнеңесі жоқ. Осындай ерен тұлғаның пайда болуының алғашқы себебі сол тұстың әлеуметтік жағдайымен түсіндіріледі. Әлемдік нұсқаның негізгі нобайы да осы. Ал бұл жөнінде біз очеркімізді жазу барысында тоқталып өттік. Қайталау-артықтық етер.
Екіншісі-жырау туып өскен, сонсоң ержетіп, ат басын тартып мінгеннен бастап, ақтық демі біткенше бастан кешкен ел мен жердің, әдеби ортаның ықпалы.
Оқырманға жақсы танысы мынау: тарихи оқиға мол өткен, аңыз әңгіме, жыр күй аса көп сақталған Арал мен Еділ арасындағы өлкеде, Маңғыстау аумағында туып өсті. Бұл жайды әдебиетші- ғалым Есмағамбет Ысмайылов 1956 жылғы “Ақындар” деп аталынған еңбегінде жеткілікті етіп көрсеткен.
Қазақстанның батыс өлкесінде жыраулар атасы Сыпыра, Асан қайғы, Асанұлы Абат батыр туралы аңыздар сақталған.
Қ.Сыдықов бастаған ғалым зерттеушілер Мұрынның шығармашылық мектебін қалыптастырудың тұңғыш ортасы осы деп көрсеткен.
Жырауды әдеби шыңдаудағы екінші орта-Әлім Үкі жырау, дәстүрі делінеді. Үкі жырау шығармаларын оның ұлы Тоқберген (Бекберген), одан Бітеген, одан Ділмағанбет, одан Махует, одан Нұрпейіс үйренген, ары қарай жалғастырған. Бұл мәліметтер ғалым М.Ғабдуллин шығармаларында келтірілген. Үкі жырау шығармаларын тек ұлы Тоқберген (Бекберген) емес, оның үш немересі: Жаскелең, Бақы, Бітегендер және Жаскелең баласы Темікбай, Бақы баласы Махуеттер меңгеріп, жырау атанған. Жаскелең-Нұрым, Қалнияздар замандасы. Мұрын жырау:
«Жаскелеңді Жем өзенінің өр басындағы Қазыбек Қандыарал деген жерде көрдім, бірге болдым» деген. Расы осы Мұрынның ұстаздары: Нұрым, Қалнияз, Қарасай, Ақтандар да, жыраудың өзі де Үкі ұрпақтарымен қоныстас, аралас, құралас жүрген.
Үшінші орта-Марабай бастаған Жеті рудың жеті ақыны. Н.И.Ильмин деген елші Марабайдың айтуымен «Ер Тарғынды» жазып алған. Оның достары, шәкірттері Қазақбай, Көшелек, Жібек қыз, Сабыр жырау, Ізім Шайыр, т.б.» шығармаларын В.Карлсон
1906 жылы жазып алған. Мұрын ата бұлардан да біраз нәрсе үйренген.
Төртінші-орта Жайық өңіріндегі Жиембет жыраудан тараған ақындар шоғыры, Олар: Сүгір жырау, Қубала, Табия, Нұрыммен айтысатын төрт ақын, т.б.
Бесінші- Қайырлы жырау айналасындағы Қожантай, алаша Жұмырбай, қарабура Досжан, Сартай ақын, т.б.
Алтыншы-Исатай-Махамбет көтерілісін жақсы білетін және Махамбет өлеңдерін жатқа білетін Қуан жырау, оның шәкірттері: Мұрат, Матай, Кішкене Қобыланды, олардың мұрагері-Ығылман Шөреков. Мұрын отыз жеті жасында Сағындықтың Жиделі көлі деген жерінде Мұрат ақынмен кездеседі. Нәтижесінде Мұраттан
«Ақжонасұлы Ер Кеңес» жырын үйреніп, шығармашылық қоржынын байыта түскен.
Біз, жалпы батыс Қазақстан аймағында, Маңғыстау, Атырау, Орал, Ақтөбе облыстарында ғасырлар бойы қалыптасып келген дәстүрлі жыраулық, жыршылық ортаға біршама шолу жасадық. Бұл дәстүр, шаруашылық және мәдени орта болса, іргелес аумақтардағы ақындық орталармен ешқашан үзілмейтін байланысы мен өміршең сипатын жоймай, біздің ұрпаққа жетті. Ол дами бермек.
Қазіргі Маңғыстау, Атырау облыстары аумақтарын мекендеген елдердің жырау, жыршылары Сарыарқа, Арал, Сыр, Орта Азия мекендеріндегі ақын, шайырлармен жүздесіп, өнер сайыстарын қыздырып отырған. Мысалы, Сүгір жырау Мырзалыұлы патша үкіметінің «Жаңа низам» реформасы себепті біраз жыл Хиуа жеріне ауысуға мәжбүр болған. Қашқынбай ақын өмірінің соңғы шағын Қарақалпақ аймағында, Қалнияздай жорық ақыны, әнші Қайып Қорабайұлы тәжік жерін паналаған. Осы сияқты себептермен Қарасай, Мәулімберді, Муса сияқты мықты жыраулар Қарақалпақ, Хиуа, Бухара өңірлерінде өмір сүрген. Олар ел, халық, өлкелер арасында экономикалық-мәдени байланыстардың беркуіне өз үлестерін ешқандай нұсқау, немесе тапсырмасыз азаматтық жолмен қосқан. Соның бірегейіне Мұрын жырау жатады.
Очеркімізде аталған ақын жыраулардың бәрі де «Қырымның қырық батыры» жыраудан жыршыға, атадан-балаға ұласып келе жатқанын айтады және өте көлемді жырлар топтамасының негізін салған Сыпыра жырау болғанын көрсетеді. Бұл көрсетулер негізсіз
емес. Араб саяхатшы ибн Батута Қыпшақ елінде XIV ғасырда саяхатта болған. Ибн Батута қалдырған жазбалардың бірінде Жайық бойындағы Сарайшық қаласында қарт жырау тұрғанын көрсеткен. Академик Әлкей Марғұланның пікірінше, Сарайшықта тұрған жырау осы Сыпыра жырау болуы керек. Ол өмірінің бірқатарын Маңғыстауда өткізіп, кейін Сарайшыққа қоныс тепкен. Оның өмір сүру дәуірі мен мекеніне қарағанда ноғайлардың сол Жем мен Жайық, Үстірт пен Маңғыстау маңында болғандығын ескерсек, осы ұлы жырау ноғайлы жырларының негізін салушылардың бірі-Сыпыра болуы әбден ықтимал («Қырымның қырық батыры», А.,2005, 11-бет)
«Қырымның қырық батыры» туралы жырларда Сыпыра жырау абыз ата бейнесінде суреттеліп отырылады. Бұл-баба жырауға деген терең алғыс сезімі болса керек. Көне ноғайлы жырларын, «Қырымның қырық батырын» Сыпыра жыраудан кейін оның талантты шәкірттерінің үлесі бар ғаламат туынды десе болар. Ондай дарынды шәкірттер қатарына көне Маңғыстаудың, Атырау өлкесінің ақиық ақын жыраулары Абыл, Қалнияз, Мұрат, Нұрым, Қашаған, т.б. жататыны талас туғызбайды. Ал жыр сүлейлерінің шығармаларындағы көркемдік өрнектер Мұрын жыраудың туындыларында айқын байқалады. Мұрын Сеңгірбекұлының әдебиеттегі осы тұстағы орны мынада: атам заманнан бері келе жатқан Абыл, Маралбай, Есенбек, Қуан, Көшелек, Жаскілең, т.б. ақындар жырлап, бұлардан қалған сала-сала батырлық жырларды өмір бойы топтап біріктіріп, желі-желі жүйемен өрбітіп
«Қырымның қырық батыры» күйіне, біртұтас дүние деңгейіне жеткізе білуінде. Оны – «Қырық батырды» кейінге ұрпаққа тапсырды. Сонысымен Мұрын Сеңгірбекұлы қайталанбас тұлға, сонысымен ол «Маңғыстаудың Гомері», халқымыздың сирек кездесер ұлы. Сондықтан болар: «Батыр деген барақ ит, оны екі қатынның бірі табады, ақын деген ақ бұлақ, оны қатынның ілуде бірі табады» деген екен бабалар.
«Қазақ әдебиеті» газеті 2009 жылдың 6 маусымдағы (24- 25/3136) санында былай деп жазған.
«Профессор Ә.Қоңыратбаев 1948 жылғы «Социалистік құрылыс» газетіне берген «Мұрын ақын жырлаған «Қырымның қырық батыры» мақаласында:
«Мұрын жырларында X-XIV, X-XVII, XVII-XVIII ғасырлардың таңбасы бар. Сюжетінің ескілігі, адам, жер аттарының
шыншылдығы, дін, миф сарындарының аздығы жағынан Мұрын жырлары ерекше көзге түседі. Бірақ, (сюжеттік арқауы бай, қызық болса да уақиғасы селдірек, ықшамдалған. Жырдың тілі жатық. Тек, 1942 жылғы жазылуында хатшылар жырауға ілесе алмағандықтан, оны түгел хатқа түсіре алмаған».
Еліміздің бас газеті осылайша Ұлы жыраудың өмірі мен шығармашылық қызметіне байыпты баға берген. Бәрін бірдей қайдан қайталап шығарсың. Және бұл оқырманды діттеген жерден шығара да қоймас. Себебі, біздің осы очеркіміздің ұзын ырғасында бұл тақырыптар баспасөздік талап көлемінде біраз қамтылды. Бір ауыз қосымша. «Мұрын жырларында X-XIV, X-XVII, XVII-XVIII ғасырлардың таңбасы бар» деген қорытынды жыраудың
«Маңғыстау Гомері» деген ұлы атағына лайық. Біздің бұл ойымызды оқырман қауым құп алып жатса, онда өзімізді очерк жазудағы мақсатымызға жеттік деп санаймыз.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter