Шығармалар ✍️
Өмірдерек
Мұрын жырауды өткен ғасырдың 40-шы жылдары
«Маңғыстау Гомері» деп жоғары бағалаған сол кезеңдегі қазақ халқының бағына біткен үркердей жарық жұлдыздарындай ғұламалар сенімі ақталды. Ол заңғарларымыз бұл сенімді:
«...бағалылығы жағынан қырғыздың «Манасынан да» асып түсер, дүниежүзілік маңызы бар халық эпосынан мәңгілікке айырылып қалу қаупі төніп тұрғанда, тіптен, қазіргідей соғыс кезінің өзінде де бұл шаруаны жүзеге асыру қажет және ол мұны ақтайды деп есептейміз» деп өрілген тұжырыммен бекіткен болатын.
Бұл сенім ойдағыдай орындалды. Бүгін таңда тәуелсіз мемлекетін баянды етіп жатқан қазақ елі сол үшін де оларға шексіз ризашылығын білдіреді.
Мұрын – Маңғыстау өлкесі Бозашы түбегінде 1859 жылы өмірге келген. Жыраудың кіндік қаны тамған жер «Иткелді» суы.
«Мекенімді сұрасаң, Бозашы деген түбекте, «Иткелді» судың басы еді» деп басталатын жыраудың Нұрыммен кездесудегі толғау жыры бұған куә. Кейде «Қоңырорпада» туылған деген нұсқасы да кездеседі. Байырғы тұрғындардың бекіте түсуіне қарағанда
«Иткелді» атауы бертінде «Қоңырорпаға» айналған. Бүгінгі ұрпақ
«Қоңырорпаға» тоқтауда.
Зерттеушілер, соның ішінде түбектің айтулы шежірелерінің бірі Алшын Меңдалиев Мұрынның ататегін былайша таратқан: Адай – Келімберді – Мұңал – Жаулы – Жары – Кеще (Мұрат) – Қожағұл – Құлқара – Айғыр (Алғыр) – Сеңгірбек – Мұрын (Тілеген). Ол – 1954 жылы 29 тамызда дүние салды. Форт- Шевченко қаласы жанындағы Сислам ата зиратында жерленген.
Мұрынның әкесі – Сеңгірбек, атасы – Айғыр, тетелес ағасы – Төлеген өз өмірлерін ұсталыққа, зергерлік кәсіпке арнаған. Туған әкесі Сеңгірбек Мұрынды жас кезінен қасында ұстап, ұсталық, зергерлік өнерге баулиды. Бірақ, Мұрын бала кезінен сөз, ән-күй өнеріне қатты құмар еді. Оның бұл қасиетін елден бұрын байқаған анасы Қалдыкөз (Қалдықыз) еді. Тек байқап қоймай, баласының халық қазынасы: өлең-жырларға, ән-күйге, аңыз-ертегілерге қаныға түсуіне игі ықпал етеді және анасы да бұларды көп білетін, ырғақ- сазымен айтып отыратын. Сөйтіп, болашақ ұлы жырауға оларды үйретуден жалықпайтын. Ұлын жеті, сегіз жасынан жиын тойларға ертіп барып жүретін. Осылардың арқасында бала Мұрын сөз
өнеріне біржола беріле бастайды. Шешесі Төлегеннен соң көпке дейін балалы болмаған. Содан он жылдан кейін көрген ұлының атын Тілеген деп қойған. Мұрын жыраудың үлкен ағасы Төлеген дәулескер домбырашы болған. Атақты Айжан қызбен домбыра тартысқан. Құрманғазымен кездескен, артына «Айжан қыз»,
«Шашбауқақпай» атты тамаша күйлерін қалдырған. Айжан аулының қонысы Жем бойы. Руы Адайдың Қосайы. 1868 жылдан бастап патшаның отарлау саясатына қарсы шығып көтерілген бұл ел 1875 жылы Тәжікстанға қоныс аударады. Солардың ішінде Айжан қыз, Қалнияз ақынның ауылы да кетеді. Бір жағынан жауынгер-сарбаз, патшаның Дәукескен қамалын алуда көзге түскен ер, екінші жағынан Махамбет сияқты жорық ақыны әрі сазгер Қалнияз Шопықұлының елін, жерін сағынған өлеңдері бізге кейінірек баласы Қортан жырау арқылы жетті. Қалнияздың
«Жорық күйі» дейтін күйі мен Айжан қыздың «Шашбауқақпай» күйін 1986 жылы Қабиболла Сыдиықов Тәжікстан қазақтарына барған іс сапарынан жазып алып келді. Айжан өте сұлу, кербез адам болыпты. Қыз күнінде киген сәукелесін келін болып түскен соң да тастамаған. Домбыраны көбіне таң құлан иектеніп атқан кезден бастап тартады екен. Онысын бұл уақыттағы саз тұнық шығады, әуені алысқа кетеді деп түсіндіреді. Төлеген солай Айжанмен бір жұма домбыра тартыстық, саусақ біткенде мұндай береннің енді болуы екіталай деумен өткен.
Мұрын 16 жасында Дәметкен деген қызға үйленеді. Араға жыл айнала бергенде әкесі Сеңірбек қайтыс болады. Енді отбасының күн көрісі Мұрынға түседі. Бірақ, Мұрындай жас жігіттің сөз өнеріне аңсары ауа береді, үй іші және шаруашылық қызмет-тіршілігіне «қолы тимейтін» күйге түседі. Өңі тұрмақ, түсінде де домбыра шертіп, жыр жырлап шығатын болған. Қабекең Сыдиықов жазып кеткендей, өлең-жырсыз отыра алмайтын күйге жетеді. Тек анасы емес, әкесінің де – Сеңгірбектің, ескелікті жыр - әңгімелерге үйірсектігі де ұлының бойында өшпес із қалдырғаны жайлы біраз деректер соңғы күндерге дейін келтіріліп жүр.
Патша үкіметінің отарлаушылық саясатына негізделген іс- әрекетіне көнбеген Маңғыстау халқы 1870-1873 жылдары көтеріліс жасағаны белгілі. Көтерілісті патша үкіметі күштеп басады. Көтерілісшілерге қару жасаумен шұғылданған, керек десеңіз найза, қылыш, мылтық жасауға дейін барған Айғыр Сеңгірбек сияқты шеберлерге отарлаушылардың қандай көзқараста болары айтпаса
да түсінікті. Түбектің бірқатар ауылдары Хиуа хандығы аумағына, өзбек, түрікпен, қарақалпақ аумақтарына қоныс аударады. Күйзеліске ұшыраудың салдары осы болатын. Қарақалпақ жеріне әкесі Сеңгірбектің отбасы да ауған. Халық дүрбелең болған 1870 жылы бала Мұрын, болашақ ұлы жырау 11 жаста екен. Араға он жыл салып, 1880 жылы Бозашы түбегіне, туған жеріне оралады. 1897-1899 жылдары, қайтадан қарақалпақ жеріне көшіп барып, Хожеліде тұрады. Хожеліде өткізген екі жыл ішінде екі ұлы қайтыс болады. Оның алдында Дәметкен жұбайынан көрген алты баласының үшеуі дүние салған-ды. Сөз жоқ, бұның бәрі, Құдай басқа бермесін, өте ауыр қайғы. Рухы биік Мұрын жыраудың өзі қайғы-күйіктен шөккендей күйге түседі. Ел алдында жыр айтуға зауқы соқпай қояды да туған жері Маңғыстауға қайта көшеді. Қонысы – қайтып оралғаннан кейін Форт-Шевченко қаласы болып еді. Қала іргесінен тау-тастан үш бөлмелі үй және ұста дүкенін тұрғызып алады. 1907 жылы жұбайы Дәметкен дүние салып, жалғыз қызы Тұрлан екеуі ғана қалады. Одан кейін алған әйелі Жанша (Жансалқам) 1940 жылы дүние салады. Сосын, жалғыз қызы Тұрлан мен күйеу баласы Дүйсенбайдың қолында болады. Бұлар Форт-Шевченкодан 16 шақырымдай Асан дейтін жерді мекендеген. Теңіз беттегі аласа үй еді. Бұл үй Киров көшесінің 20- шы үйі аталынды. Даңқты жыраудың жарты ғасыр өмірі осында өткен деседі жергілікті өлкетанушылар. Мұрынның өз сөзімен айтқанда «Осы кезден бастап, жыр, әнгімені тек әдейі шақырған жерде, әдейі жиналған құралдарда айтатын болдым».
Бір ескере кетер жай мынау: академияға Мұрынның өзі 1942 жылы Н.Ұйықбаев арқылы жолдаған өмірбаянында 1859 жылы, ал 1949 жылы жіберген материалдары 1860 жылы 15 қаңтарда тудым деген дерек баршылық. Жыраудың бейіті басындағы құлпытаста Мұрын Сеңгірбекұлы 1860 жылы туып, 1954 жылы тамызда дүние салғаны көрсетілген.
Мұрын жыраудың баласы Дәуітбай Мұрынов Ақтау қаласы іргесіндегі Дәулет елді мекенінде, Мұнайлы ауданында тұрып марқұм болды. Мұрынның кіндігінен тараған ұл перзенттері қарақұлақ болар шақтарында көз жұмады. Сонсоң өзінен тұяқ қалмайды да Тұрлан деген қызынан туған жиені Дәуітбайды өз атағына жаздырып, бала қылып алған. Сексеннің сеңгіріндегі ағамыз Дәуітбай Мұрыновпен 2009 жылдың сәуірінің аяғында
оның құттыханасында болып, дидарластық. Аса талантты ата Мүрекең жөніндегі материалдар және деректермен таныстық.
Осы очеркті жазуда Дәуітбай Мұрынов аға берген деректер мен әңгімелерді пайдаландық. Соның ішінде «Маңғыстау» газетінде 90-шы жылдары өлке тарихын зерттеушілердің, байырғы журналистердің бірі, бірнеше кітаптардың авторы Т.Шадықұловтың қаламынан шыққан Мұрын жырау және баласы Дәуітбай жайлы туындылар бар.
Осы тұста Дәуітбай аға Мұрынов туралы да бірер сөз арнамақпыз. Дәуітбай өз әкесі Мұрын жырауды мен үшін алдымен қарапайым ғана, түс қазақтың және Қашағанша айтқанда, жырау ретінде
«қайыртпай кеткен қара нардың» нақ өзі екенін тереңірек тануыма бірден-бір игі ықпал етті.
Сөз жоқ, Мұрын жырау алты алаштың мақтанына айналған заңғар тұлға. Мұрекең атаны асқарға айналдырған ғаламат күштің аты – Ұлттық Рух. Исі қазақты бір ту-көк ту астында күллі әлемге бастап келе жатқан да осынау қасиетті рухани құбылыс күші.
Рухани күш болса, сүтпен бірге сүйекке сіңген, тәніміз бен жанымыздың түп негізі, бастаушымыз һәм басқарушымыз дер едік. Ол жаратушы Иеміздің шапағатты нұрынан. Нұрдан рухани күш жаралған дейді. Рухани қуат күші - әр адам баласына тән. Ал оны өз деңгейінде ісімен де сөзімен де қолданып отыру жағы, ол енді баршамызда бірдей тең болмаған.
Мұрын ата осы жағына шынашақтай бала кезінен ден қойған. Ұсталықты, зергерлікті кәсіп ретінде меңгерсе де ес біліп, етек жабар шақтардан өмір жайлы терең ойлануға, ізденуге бет бұра бастаған. Бұл түйінге бала Мұрын, Мұрын жігіттің өлең-жырға дегенде ықыласы мүлдем өзгеше. Бала Мұрын ән-жыр тыңдап отырып, әлден уақытта ұйқыдан оянғандай боп, өзіне келеді және жан-жағына қарап, дел-сал халге түседі екен. Сол рухани күш бала Мұрынға, жігіт Мұрынға, ата Мұрынға оның соңғы деміне дейін қонып өтті. Аруақ қонған деген ұғым, сірә, осындайдан қалған болар деседі көнекөздер. Ал ұлттық рухтың қайнар бұлағы-халық творчествосы арқылы бейнеленеді, қорданалады. Ғылым тілінде солай сипатталады. Мұрын медреселерде білім шыңдаған деуге негіз жоқ. Ол өмір мектебінде тәрбиеленді, дін-шариғат ілімімен білім алды, жеке рухани өмірін халықтың ертегі, әңгімелері, ән- күйі, жыр-қиссаларынан араның гүлдерден бал жиғанындай, төзімділікпен теріп жүріп байытты. Рухани өмірін байытудағы өмір
жолы мен күресі ақтық демі біткенше толас таппады. Ұлылық киесі дарыса, тек қана осындай Алланың берен пенделеріне ғана дариды. Бұл тұжырымның алғашқы да, кейінгі де авторы біз емесіне кепілдік береміз. Ғибрат тұтарымыз сол, мұны көзі ашық, көкірегі ояу оқырман құп алады.
Солардың бірі — жоғарыда атап өткен Мұрын жыраудың баласы Дәуітбай Мұрынов. Өз әкесінің ұлттық рухының ғажап жоғары екенін Алматыда, ел астанасында өмір кешкен үлкен ғалымдар танып бағаланына бірер штрихтар келтірді. Қазір ақсақалдық жастағы Дәуітбай болса, әкесі Мұрын Сеңгірбековпен, 1942 жылдың 22 маусымында Форт-Шевченкодан Алматыға аттанған.
Алматыға жету үшін алдымен облыс орталығы Гурьев қаласына аяқ іліктіру керек. Осы мақсатпен Маңғыстау ауданының басшылары қолда бар жарамды су көлігі моторлы «Ералиев» қайығымен бұларды Каспийді кешіп, «Үйшікке-Гурьевке» шығарып салады. Тентек теңіз мінез шығармай қойсын ба? Толқып, тулап, әлек-шәлекке салады. Абырой болғанда қайықшы жігіттер ондай құқайды бастарынан кешіріп баққан, тәжірибе жинақтағандардан еді. Гурьевке (қазіргі Атырауға) аман-есен жетеді. Мұнда Мұрын жыраумен оның баласын Нәдір Шапағатов, (ол Сайын Шапағатовтың әкесі), екеуі де марқұм боп кетті ғой, бастаған бір топ жігіттер қарсы алады. Нәкең Шапағатов Гурьев облыстық мәдениет басқармасының бастығы болып істейтін. Ол кісі негізінен маңғыстаулық болғандықтан Мұрын жыраудың жақындарын, дос-жарандарын жақсы білетін. Сондықтан жыраудың қасына оның баласынан естиярлау, әрі өнерлі жерлесі Икембай Өтепбергеновты қосып астанамызға жолаушы поезімен шығарып салады. Мұрын жырау тобы жеті тәулік жол жүріп, көрген де арманда, көрмеген де арманда боп келген күллі Қазақстанның бас қаласына тұңғыш мәрте табан тірейді. 1942 жылдың маусым айының аяғы емес пе, үп еткен желі жоқ Алматы аспанын күн ыстығы қуырып тұрды. Қазақтың астанасына арнайы шақырумен келу бақытына ие болған Маңғыстаудың қара шалы қайтып қуанбасын, қайтып шалқып тасымасын?! Бұрынғының жолымен жыр-шумақтарын түйдек-түйдегімен ағытып алып, құшақ жая қарсы алған қазақ әдебиетшілері: Е.Ысмайылов, Н.Сауранбаев, басқада толып жатқан әйгілі қаламгерлерді бұл да емірене бірінен соң бірін бауырға басып жатыр. Рас, Мұрын ата оларды сол бойда
атап-түстеп тани алмаған. Кейіндеу, қонақ үйлерде, басқа орындарда кең отырып, шешіліп сөйлесіп дегендей танысып алуан- алуан сыр шертісті. Реті келгенде әзілін жыр жолдарымен жарасымды ұшқындатып жіберген. Сексеннің сеңгіріндегі жыраудың шау тарта қоймағанын алматылық үлкен әдебиетшілер, ғалымдар сонда бір байқап білген. Жырауды сол кездің белді қаламгері Бозтай Жақыпбаевтың қонақжай шаңырағына орналастырады. Жырауды күтуші қызметкер ұсталады, олар тұрмыстық қызмет көрсету жағына сөз келтірмей атқарған. Осылайша, Алматыдағы жырау өмірі «Қырымның қырық батыры» туралы эпопеялық жырды 1942 жылдың аяғына дейін жырлаумен өткізеді. Әдебиетшілер мен ғалымдар оларды толық жазып алуға үлгере алмайды. Сөйтіп «Қырық батырдың» отыз алтысы жазылып алынады. Ал қалған төрт батыр туралы кесек-кесек жырлар тарауларын Маңғыстауға, туған жерінде білім-сауаты жеткілікті кісілерге жаздырып, почта арқылы жіберуге уағдаласады. Дәуітбайдың көрсетуінше осы келісіммен бұлар Алматыдан поезбен шығып, Гурьевке, одан су жолымен Форт-Шевченкоға, ауылдарына қыс ортасында аман оралған. Жырауға «Еңбегің алладан қайтсын» деген игі тілегін айтып, он бес мың сом ақшаны сыйақыға ұсынған. Өрен жүйрік жырауға жеке-дара құрмет белгісін Қазақстан Республикасының басшысы Нұртас Оңдасынов, классик жазушыларымыздың бірі – Сәбит Мұқановтар танытқан. Екеуі де Мұрын жырауда өздерінің құттыханасы төрінен орын беріп, қазақи салтпен сый-сияпат көрсеткен. «Маңғыстаудың ғана емес, Қазақстанның Гомерісіз» деген бағаны сол күндері ұлы жырау сонда естіген.
Мұрын да Гомер сияқты тұтас тарих бейнесін жырмен кестелеуші. Жырау «Қырымның қырық батыры» эпопеясымен әмбенің көзін осыған жеткізе білді. Бұл ойды өзгеден бұрын танып білгендердің аты-жөндерін біз жоғарыда атап көрсеттік те. Біз бұған бір-ақ нәрсені қоссақ дедік.
Ол мынау. Шәкәрім Құдайбергеновті Алаштың алыбы десек, ол медреселерде оқып, білім шыңдау, ғұламалардан дәріс алу бақытын бастан кешіре алмады. Оны ол Мұрын жырау сияқты өзінен бұрын қалыптасқан халық арасындағы әдеби ортадан тынбай, үздіксіз үйренумен, естіп-білгендерін бойына сүлікше сіңіріп, зерделеумен ешкімнің сілтеу-нұсқауынсыз дамытумен ауыстыра білді. Және Шәкәрім Орта Азияда көп елдерді аралап көрумен ақыл-ойын,
білім дәрежесін тиімді үстемелеген. Мұрын жырау да дәл солай істеген. Зерттеушілер ол жөнінде жыраудың Каспийдың шығыс, терістік және батыс жағалауындағы, Әму мен Көпет Даг атыраптарындағы елдер-аралығынан, бұл өлкелердің біразында отбасымен жергілікті халық өкілдерімен аралас-құралас өмір кешумен қол жеткізгенін ашып көрсеткен. Соның арқасында түркі халықтарының бірнеше тілін меңгерген. Мысалы, түрікмен халқының «Көроғлы» атты көлемді дастанын сол халықтың өздері таңдай қағып тыңдайтын деңгейде орындап отырған. Араб елінің Рамуз патшасы және Ысырау (Қысырау) патшасы туралы әйгілі
«Оғыз» жырларын жақсы білген және тамаша орындаған. Өкінішке орай, бұл соңғы үшеуі жыраудың мұражай қорларында кездеспей келеді. Жалғыз бұлар емес. Айталық, Мұрын жырау 1949 жылы 8 тамызда академияға өз өмірбаянының толығырақ нұсқасын жіберген. Осы хатқа жырау өзі білетін мұралардың тізімін қосқан. Олар мыналар:
1.«Қырымның қырық батыры» туралы әңгімелер мен жырлар; 2.Түркменнің «Көроғлы батыры» туралы жыр, әңгіме;
- Араб елінің Рамуз патшасы, Ысырау (Қысырау) патшасы туралы жыр-әңгімелер;
- Бұрын Маңғыстауды жайлаған «Жеті жұрт» туралы әңгіме; 5.Адайдың Маңғыстауды мекен етуі туралы;
- Бәймәмбеттің ауасы (ауа көшуі, елдің көшуі, қоныс аударуы) туралы; яғни Маңғыстау халқының патша үкіметінің отарлау саясатына көнбеуі, салық төлеуден бас тартуы, шаруалар көтерілісі туралы;
- Адайдың Абылдан кейінгі атақты ақындары: Нұрым Шыршығұлұлы, Ақтан Керейұлы, Қашаған Күржіманұлы туралы әңгімелер. («Қырымның қырық батыры» 2005, 18 бет).
Жырау жасының ұлғаюы, жергілікті жердегі жанашырлардың не тіл, әдебиет институтының арнайы өкілдері арқылы құнттап жазып ала-алмауы салдарынан тізімде аталған мұралар түгелдей хатқа түсіріп үлгермеген сияқты.
Мұрын жыраудың баласы, асылдың сынығы Дәуітбай ақсақал әкесінің 150 жылдық тойына қатысып, 2010 жылдың көктемінің бірінші күні бақилық сапарға аттанды. Ақсақал мынадай да дерек қалдырып еді:
- 1947 жылы Қазақ ССР Халық шығармашылық үйінің шақыртуымен Мұрын жырау әкемізбен екінші рет Алматыға
келдік. Сөйтіп, астанада бір ай жиырма үш күн болдық. КазГУ-де Мұрекеңді жырлатты.
Ал енді Халық шығармашылық үйі Мұрын жырау айтуынан не жазып алды? Олар қайда? Бұларға, әзірше, ешқандай жауап жоқ.
Иә, Мұрын жырау туралы, оның өлмес шығармаларының тағдыры туралы басын аша түсер әңгімелер жетіп артылады және оларды келешек ұрпақ үлесіне қалдыра туралық.
Біз Гомер және Мұрын жырау турасында қозғаған әңгімемізді түйіндеуге ұмтылдық. Әйтпесе, әңгімеміз аяқталмағандай болмақ. Екі ұлы талант иесі: Гомер мен Мұрын жырау бір-біріне байланыссыз өмір кешкен. Мысалы, Мұрекең жырау Гомердің аты- жөнін естіп білген деуге де аузымыз бармайды. Себебі, ежелгі гректің ғұлама ойшылы Гомер шығармалары Орта Азияға, Қазақстанға ХХ ғасырдың 30-40-шы жылдары тарауы Еуропаша сауаты кемдеулерге жетпеді деу, сірә, талас тұғыза қоймас. Сонда Мұрын жырау өзінен бес, он ғасыр бұрын өмір сүрген жеке батырлар мен халықтардың бәрінің тіршілігін һәм ісін Гомер сияқты, өмір үшін, прогресс және бірлік үшін күресінің біртұтас картинасы деп білген. Сол тұтастықты Мұрын жырау «Қырымның қырық батыры» арқылы паш етуге бүткіл саналы ғұмырын арнаған. Естеріңізге сала кетсек артықтығы болмас, Мұрын бұл ойын жалаң сөз арқылы емес «Қырық батыры туралы» жыр үлгісімен түйіндеп отырған. Адамзаттың назарын аударып, ғасырлар бойы бірге жасасып келе жатқан рухани мұралар бар. Авеста, Илиада, Одиссей сияқты туындылар. Әлем ғалымдары осылай десіп, күрсініп алатынын қайтерсің? Сондай туындыларымыздың бірі
«Қырымның қырық батыры». Тек осы қағидатты әлем жұртшылығына насихаттау, ашып көрсету жағы қалыс қалып келді. Егеменді қазақ елі бұл олқылықтың орнын толтырса игі болар. Әйтпесе, Қырғыздың «Манасынан» асып түсетін жауһар дүниені өзгелер түгіл өзіміздің білуіміз кем соғып жатыр.
Тағы бір қосарымыз – қырық емес, қырық бір батыр жырлар кешенін қазағына, әлем оқырмандарына сыйлаған Мұрын жырауға қандай құрмет көрсетілсе де көптік етпес еді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter