Шығармалар ✍️
Айтуған жырау атандым
Байырғыны тыңдап, бүгінгіге айттырсаң да, өзімізден немесе өзгеден сұрасаң да – Маңғыстау киелі өлке. Өзіміз мерейлене айтамыз бұл туралы, біреулер құрметтей тіл қатады, тіпті, реті келген жерінде мінеп-сынап қалатындар да жоқ емес. Мұның бәрі жақсы. Құдай елеусіз-ескерусіз қалғаннан сақтасын, ал елдің көзіне ілігу, сөзіне іліну – жақсылықтың нышаны. Демек, кәрі Каспийдің маңғаз көршісі Маңғыстау ел назарындағы жер. Өлке қарабайыр болса – бұл жерді 362 әулие мәңгілік мекен етер ме еді? Алдына бұршақ салып тіленгенге бермес тағдыр Маңғыстаудың жерін иен байлықтың қоймасы етер ме еді? Осы дәулетке жарасар сәулетті тұрмыс бұйыртар ма еді? Ел мен жердің бағын да, бабын да, даңқын да, сәні мен салтанатын да асырар саңлақ перзенттерді тудырар ма еді?
Маңғыстаудың жалпақ даласын кімдер мекен етпеді, кімдер аузының суы құрып телміре тамсанбады? Бұл мекеннің бір қасиеті - өзінің діттегенінен шығып, көңіліне татымағанды төсінен «жер аудара» салатындай. Әйтпесе, бізден бұрынғы «жеті жұрт» шұрайлы жерді тәрк етіп қайда ауып кетті дерсің?!
Тағдыр тарихтың алмағайып сәтінде Сауран айнала көшкен Адай еліне Маңғыстауды қоныстануды бұйыртты. Тектілігі мен тентектігі жағынан Маңғыстау табиғатына ұқсас келгендіктен бе, ел мен жер етене қабыса түсті. Бұл жақындық түбек төсінде дүлей ерлер мен сүлей ұлдарды туғызды. Ізгіліктің нұрын шашар әулие Бекет ата бастаған әруақты аталарды, ар мен намысты қорғау үшін Сүйінғара, Шотан, Шабай мен Шоғы, Иса мен Досан бастаған көк найзалы ерлерді дүреткен дала әдемі өнерді, өрнекті мәдениетті дамыту үшін бұлбұл көмей жыршы-жырауларды, балбармақ күйшілерді, ақпа-төкпе ақындарды, алты қырдан ән асырған жезтаңдай әншілерді түлетті. Қысқасы, Маңғыстаудың құнарлы топырақ-құтты құрсағы «алтын айдарлы ұлдардың» ақ бесігіне айналды.
Маңғыстау табиғи ерекшелігіне, жер рельефіне орай ой мен қыр боп бөлінеді. Жер бөлінгенмен, әлгі айтылған тектілік бөлінбей, ен даланың үстін тұтастай шарпып жатыр. Түбектің қай бұрышына қарасаңыз да азулы ұлдардың, айтулы тұлғалардың көптігіне сүйсінесіз. Осы мақтаулы өлкенің ең бір шырайлы, шұрайлы өңірінің бірі - Қаратаудың сілеміне басын наздана салып,
ақбас бор тауларға еркелей көлбеп жатырған Жыңғылды ауылы. Адай жұрты Маңғыстаудан айладыр жұртын түре көшіріп, маң даланы еркін жайлай бастағанда, «барып қонысқа жайлы жер таңдап кел» деген әке бұйрығымен алқаға келген Тобыштың Шоңай атасынан тарайтын Даңұлы Құнан абыздың таңдаған жері екен бұл. Құнекемнің таным-түйсігі алдамапты – арада қанша жылдар өтсе де Жыңғылды осы әулеттің үрім-бұтағына құтты қоныс болып келеді. Егістікке қажетті су көздері бар, емдік қасиетке ие шөптердің сан алуан түрі өсетін Жыңғылды патшалық Ресей ғалымдарының көзіне қайта-қайта түсіп, оларды аталмыш өңірге 17-18 ғасырларда бірнеше рет ат басын бұруға мәжбүр етті.
Академик Ахмет Жұбановтың өзі «Өнер мен үлгі-өнеге жағынан Қазақстанды кең жазира десек, Маңғыстау – оның оазисі, ал Жыңғылды – соның нақ ортасындағы гүл бағы дерсің» деп бағалаған бұл жердің төскейден малы, төрінен әні үзіліп көрген жоқ. Бұл ауылдың перзенттері Маңғыстаудың, тіпті қазақ елінің дамуына әр жылдары, әр салада айтулы үлес қосып, ел шоқтығын биіктетуге өлшеусіз тер төгіп келеді.
Сонау Бейнеу ауданының Ақтөбе бетінде Тоқсанбай атты тау бар. Таудың Шоңай ауылының айбарлы азаматының атымен аталуында да үлкен мән бар. Және сол аудан аумағындағы ауқымды құмның атауында да Шоңай ауылының қатысы бар екендігін айтады кейбір деректер. Құмды картаға түсіру үшін әрекеттенген орыстың зерттеуші-ғалымдары бейтаныс жерде адасып, ішерге су таппай қатты шөліркесе керек. Маңғыстаудың ойы мен қырын бес саусағындай білетін жергілікті жігіттердің көмегіне зәрулік туындайды. Оларды бұл қиындықтан Даңұлы Сам құтқарады, жаны қарқараға келген сәтте құтқарушысындай болған адай жігітіне риза болған ғалымдар алдын ала уәдеге сай және әлгі жігіттің қызмет-құрметі үшін құмды Сам деген атаумен картаға түсірген екен дейді көненің сарыны.
Бұл Маңғыстаудың қырындағы шоңайлардың аңыздай ескен әдемі тірлігінен хабар берсе, ойдағы, Ұланақ, Жыңғылдыдағы ата ұрпақтарының да олқы түскен жері жоқ.
Қорыққанды желеп, тарыққанды жебеген Пір Бекет атаның замандас-досы әруақты сынықшы Бекбаулы ата, Құнан әулиені берген ауыл өмір аламанына көк сүңгісін өңгеріп, ел мен жер үшін түн қата жортып, түс қашқан Қожагелді, Рай батырларды қосты. Қарулы сансыз жау жасағына тап болған сәтте «енді маған әке-
шешем бауыр тауып бере алмас, ал өзім сау болсам, әйел де, бала да табылар» деген терең оймен туған баласын қалдыра тұрып, бірінші інісін жаудан құтқаруды ойлаған Қожагелді батырдың адамгершілігі, тумаласқа деген айрықша құрметі, сондай-ақ оған еш өкпесіз үлкен жүрекпен түсінушілік танытып, әке мен ағасын ақ жол тілеп жолға салған ұлының кемелдігі таңғаларлық. Қанша ғасырлар өтсе де мәнін жоймайтын тамаша әрекет, мазмұнды әңгіме. Әсіресе, жастарымыздың жан-дүниесін жаһанданудың жарқылы жаулап, ағайындық асыл қасиетке дақ түсе бастаған қазіргі заманда күннен-күнге жарқырай түсетін жәуһар жәйт.
«Өткеннің дұрысы өнеге, бұрысы сабақ» дегендей, өміріме нәр, жолыма бағыт-бағдар аламын деген жанға өлшеусіз үлгі-өнеге.
Сұңғыла ойдан суырылған сөз маржанын төгілдіріп, адалын айтып ақ сөйлейтін шешен ұлдар әулет даңқын асыра түсті. Петерборға ақ патшаның шақыруымен ел сөзін ұстап барған билердің бірі шоңай Құлыш қажы болса, алмас қылыштай кесіп айтар өткір сөздермен, қара қылды қақ жарған әділдігімен Қожық би ел ықыласына бөленді.
Ал өнер туралы әңгіме қозғағанда бұл ауылдың азаматтары Маңғыстау мәдениетінің сауырлы бөлігін құрайды деуге болады. Әсіресе, үзілердей боп құлдырап барып, кенет алапат дауылға ұласқандай құйқылжыған әсем де адуынды, ойнақы да екпінді, мағына жағынан бай, көркемдік жағынан сапалы күй өнерінің тізгінін ұстаған Есір, Арал, Әлмұрат, Шамығұл деп айтулы күйшілерді тізбектей айта аламыз. Маңғыстау күйін сан мен сапа жағынан дамытқан олардың өздерінен бұрынғы күйшілердің туындыларын бүгінгі ұрпаққа жеткізу бағытындағы сүбелі еңбектері өз алдына үлкен әңгімеге өзек боларлық тақырып. Күйші және күйшілік туралы айтқанда алдымен ауызға ілігетіндердің бірі
– Айтуған Тайұлы.
Халқымыздың аталық текке қатты мән бергендігі аян. Ұрпағының ұлағатты болуы үшін текті жердің қызына құда түсетініні де сондықтан. Ал ардақты, айтса сөзі орынды, ел сыйлаған көшелі қарттың баласының мінді болуы – ар былай тұрсын, әулет, ата тек алдындағы абыройсыздық. Шоңай ата балалары бабадан жалғасқан текті шынжырды үзіп немесе оның асыл тініне кір жұқтырып көрген жоқ. Атадан баланың артып туған мысалдары азы емес. Біз әңгіме еткелі отырған Айтуған бойындағы арда өнерді әкесі Тайдан алып, оны одан әрі жетілдірген, қуатты
сипатқа ендірген жан. Маңғыстауда сирек кездесетін сыбызғы өнерінің бірден-бір шебері Тайдың қырдағы Күйкеннен сызылтқан сыбызғысы мен ара-тұра ән әуелеткен дауысы ойдағы елге естілетіндігі ел арасында аңыз боп тараған. «Жел болмаса шөптің басы қимылдамайтындығын» ескерсек, бұл өз заманынан жеткен, Тай атаның көзін көріп, өнеріне бас иген жұрттың әңгімесі, яғни оның астарынан қандай да бір ақиқат іздеуге болады. Сыбызғыдан сөз өрбіткен сол Тайдың артында қалған үш тұяғының бірі - Айтуған өнерпаз болмағанда қайтсін?
2011 жылы ұрпақтары жыршы әрі жырау, суырып салма ақын Айтуғанның 210 жылдығын атап өтті. Шындығында, бұл тек ұрпақтардың ісі емес, жалпы жұртшылықтың шаруасы болатын және «атап өтпей» кең көлемде ұлан-асыр тойға ұластыруға молынан татитын мереке еді. Әйтсе де, шамамыз жеткен жерге шалағайлықтың әсері тие ме, әлде сәлдей қуанышын көлдей жаңалыққа айналдыра салатын базбіреулердей емес, шынайы талантын жеткілікті дәрежеде насихаттай алмайтын кертартпа құнтсыздығымыздың салдары ма - әйтеуір, Айтуған жыраудың тойы тек ұрпақтар арасында, Жыңғылды деңгейінде өткені өкінішті.
Айтуған – Маңғыстау өнерінің көрнекті өкілі. Айтулы
«Адайдың жеті қайқысы» мен Маңғыстаудың белгілі «Бес жүйрігінің» қатарына енбесе де, зор қабілеті, өзіндік мәнері мен нақышы, ерекшелігі бар өнерпаз.
Жиырмаға жасым келген соң, Айтуған жырау атандым.
Білгенімді жыр етіп
Топқа да салдым басымды
Тыңдағанды еңментіп- деуі жасынан домбырасын жалындай қолға алып, көкірегінен көрікті жолдарды төгілдірген айтқыштығын аңғартады.
Оның «бес жүйріктің» қатарында болмау себебі – «тақ-тақтың түбі тақ-тұқ болар» деп айтылатын әңгімеге орай жыршы- жыраулық өнерді түбегейлі кәсіп етпей, ерте жасынан доғаруында болса керек. Расында Түменнің әкесі Балтабастың ұлына айтқан осы бір сөзінің астары бар. Айтуған «Көргенім бар-ды Абылдан» деп алдында өткен ағасы Абыл жырауды үлгі етсе, бізге бұл қасірет кешегі өткен Қашаған, Сәттіғұл, Мұрын жыраулар, сондай-ақ Берекеттей ұлының артында «Қолыма алған домбыра, сен де
өзімдей аңыра» деп, «тұлыбына келіп еміренген боз інгеннің» кейпіне еріксіз енген Аралбайлардың тағдырынан мәлім. Бір қасиетті артық берсе, келесі бір тұстан тартыңқырап ұстайтын Тәңір ақпа-төкпе ақындар мен жыршы-жыраулар алдына иә, ұрпақ өрбіту, иә, біржолата өлең жолын таңдап, артына ұлдан емес, өнерден із қалдыру сынды екі жолайрық тастағандай. Осыдан кейін тумысынан бойына сөз құдіреті дарыған Айтуған жырау көкірегінен сөздің шым бұлағы ақтарылғалы тұрса да оны іркіп, аяғын тарта ұстауға мәжбүр болғандай. Бұл – бір жағы.
Екінші жағы -
Жарлылықтан, дүние-ай, Ініге көзді салмадым.
Қатын менен балаға Кейде тамақ таба алмай Жан-жағымды қармадым.
...жоқтық деген бір пәле
Соңымнан неге қалмадың?! – деп өзі айтқанындай, күнелтісі қоңырқай ақын өлеңмен нәпақа табуға болатынын білсе де, одан бас тартты. Оған жібермеген бірінші «жаманға басын иіп барғысы келмеген» намыстылығы, екінші «алмақтың да салмағы бар екендігі». Яғни, «сұрамсақ жыр өнері» бүгін алғанмен, ертең еселеп қайыруы мүмкін. Өтемі не болмақ? Айтуған жырау өзінің көзі көрген, құлағы естіген жәйттарды сараптай келе «ұрпағыма кесапаты тие ме?» деп қорқасоққандай. Әрине, бұл Айтуғаннан өзге жыраулар, ұрпақтың зарпын тартқан жоғарыда айтылған тұлғаларымыз «сұрамсақтығынан» осындай тағдырға кезікті деген емес. «Абылдан көргенім бар,
Тақ-тақтың түбі тақ-тұқ болады» дегеніне қарап, әлеуметтік жағдайы нашар болса да, той-томалақта жыр айтып, күнелтісін аз- маз қалыпқа келтіруге мүмкіндігі бар бола тұра Айтуған ақсақалдың бойындағы ақтарылған өнерінің тізгінін өз қалауымен тарта ұстауын осылай жорамалдаймыз.
Бірақ, көкірегін кернеген бұла өнерді іште тұншықтыру да оңай іс емес. Оның да өзіндік дерті, салмағы болады. Бұл құсалықты Айтуған жырау да бастан кешкен сынды.
...Бойыма біткен өнермен Үзілгенді жалғадым.
Жаныма менің батады Алты алашты аралап
Бағамды алмай қалғаным,-деп күйінеді.
Анығын айту керек, Маңғыстаудың батырлары сынды ақындары да тарихтан өз орнын, өз бағасын әлі толық алған жоқ. Дін исламның терең білгірлігі, оны сегіз мың ғаламның тылсым жұмбақтары, сонан соң күнделікті күйкі тірліктегі адамгершілік қасиеттерді үлгі ету, жамандық пен жақсылықтың, ақ пен қараның арасын айқара ашып, тыңдарманын ізгілікке шақыру бағытындағы терең философиядан, шебер ақындықтан, кемел көрегендіктен туындаған шоқтықты шығармалары қандай сынға, нендей талқыға салса да төтеп беретін сойы бөлек дүниелер. Гуманизм ұстыны еш уақытта мәнін жоймайды десек, бұл ұғымның тұнбасы, тәлім-тәрбиенің қайнар көзі болып саналатын жыршы-жыраулар шығармалары да шет қалмай, қайта ұрпақ тәрбиесіне дендей араласуы тиіс. Ал Айтуған Тайұлының артында қалған мұрасы аз болғанмен, айтары көп, ақындық әлеуетті аз ғана жолдармен таныта алу қиын шаруа. Өзінің осындай қабілет-қауқарын танығандықтан ол алаш баласын аралап, өнер көрсете алмағандығына опынады. Десе де, ұрпағына айтар ақылын, дүниенің парқын, байлықтың нарқын өлең жолдарына өрнектеп кете алған.
Бірлік сәні ұғысқан Не шығады ұрыстан? Абырой-атақ келмейді
Жағалас пен жұлыстан,-деп береке-бірлікті, татулықты уағыздаса,
Еңбексіз жан кер кеткен, Еңбек қой өрге өрлеткен. Еңбекпен маңдай терлесе
Тапқаны бақыт еңбектен,- деп тірліктің тұтқасы еңбекті насихаттайды. Өсек, ұйқы, жалқаулық, кесірлік тәрізді жаман әдеттерден сақтандырады
Өсек айтып көпірме, Жазықсызға жекірме. Даладан келе ақырып Үй мазасын кетірме.
Үлгі қып жұрт мақтасын, Сыртыңнан кінә тақпасын. Ұйқыны күйттеп күндіз-түн
Жиылмай малың жатпасын, - деген жолдарға жүктейді.
Ынтымақ пен еңбектің қадірі, қажеттігі сабақ пен тәрбиенің өн бойына өзек етіліп, балаларға оны айту, баулу, үйрету ұстаздардың міндеті болса, жоғарыдағы жолдардан Айтуған жыраудың жастарды жақсылыққа бастар ақылман ұстаздығының, оқу- тоқусыз-ақ тіршілікке керекті құндылықтарды танып, өзгелерге ұсына білуі де оның осал азамат болмағандығының айғағы. Айтуған Тайұлының өнеге-өсиетке, ғибратты ғақлияға толы туындысының бірі – «Өсиет термесі» деп аталады. Өскінбай Қалмамбетұлы орындаған деп айтылатын терме шайырлық шеберлікті де, азаматтық идеяны да, ағалық ақылды да, жыр иесінің парасат-пайым, таным-түсінігін де шынайы танытатын шығарма. Өнерді аз жыл жолдас еткен ол бар айтарын термелеріне түйгендей. Ақылды, сыйластықты, достықты, туыстықты өмірдің тұшымды жәйттерімен, ал араздықты, берекетсіздікті сормен, қазулы көрмен теңеу арқылы жақсылық пен жамандықтың арасын салмақтайды. Сонымен қатар, «Көңілден көңіл су ішер» дегендей, «аурудың көңілін хал сұрағанның, шерленген ердің көңілін әлдилеген сәби мен жайраңдаған жардың, аттың қайғысын қадірін білер жанның, ұлдың көңілін ата-анасы ашатындығын» айтады.
Пайдалы мен пайдасызды салыстыра, салғастыра отырып,
«Қадірсіз өткен өмірден Ұйқыда көрген түс артық.
...бірге жүріп өспеген, Бірін де бірі тістеген, Бір ауылға сыймаған, Сыйласпаған туғаннан
Сыйлы боп өткен жат артық» немесе
«Сырты құрым қараша үй, Аз да болса тамағы, Жарқырап тұрса аяғы, Ықыласты болса адамы -
Ханмын деп төрде шалқайған Ордасынан хандардың Сырты қораш болғанмен,
Қоңыр да болса іші артық» деп терең талдау жасайды.
Термеде айтылар ойдың ақиқаттығы, мазмұндылығы сондай, сан салаға бөлініп, шеті жоқ тұжырым, жорамалдар жолымен кеп, тоқ етер қисынын ұзақ жылдарға созылған зерттеулердің нәтижесінде баяндайтын бір ғылымның, сондай-ақ ғұмыр бойғы көз майын сарп
еткен бір ғалым еңбегінің айтар түйінін қорғасындай салмақты, күмістей таза, алтындай қымбат ойлы бір-жар термемен жеткізеді. Оқу-тоқуы аз болса да көрген-білгені көп, таным-түйсігі терең бабалар-ай дейсің осындайда, өзін өнерлі ортадан сырт ұстағанының өзі мынадай сұңғыла болғанда, қаптаған дариядай талай дүлейдің пайымының парқына жету біз үшін қиын-ақ болар. Бағаларыңды бере алмай жүрген жайбасарлықтың бір шеті осында болар-ау...
Біздің қарттарға айттырсаң, «Дүние – қызыл түлкі, байлық – қолдың кірі». Арда ойлы Айтуған да осыны растайды.
Біреу жарлы, біреу бай, Ақылға салып қарасам,
Дүниенің білдім жалғанын, - дей отырып, Аз ғана ғұмыр ішінде
Сайрандаңдар, жігіттер, Ажал да келсе бір күні
Кетеді халді меңдетіп, - деп кеңес береді. Жалған дүниенің жылтырағын жиям деп әлек болмай, өлшемі бес күн тірлікті базарлы, ажарлы, нулы-дулы өткізуді, жоқ деп жасымауды, жарлымын деп мұңаймауды ұсынады. Бұл Айтуған жыраудың ақындық дарынды, жыр өнерін ұрпақ тәрбиесіне арнағандығының, әрбіреудің өмір мәнін ұғынып, соған сай әрекет ете білуін көксегендіктен өз қабілетін тәрбие, үгіт-насихат құралы ретінде пайдаланғандығының дәлелі. Ешкім міндеттемесе де, халық тәрбиесіне араласуды ар алдындағы парызы деп білген шын талант оны айналып өте алмайды, оған өздігінен-ақ айналып соғады. Көр- жерді өлең еткеннен гөрі жалпақ жұртқа, келер ұрпаққа пайдасы тиер тағылымды жырлар айтуды мақсат етеді. Демек, келтірілген аз ғана мысалдар Айтуған Тайұлының азаматтық биік ойын, ұрпақ тәрбиесіне салғырт қарай алмаған абыздығын, ұзақ ғұмырды тек жүріп өтпей, одан көрген көп нәрсені көкірегіне түйе білген, одан ғибратты пайым жасай алған көшелілігін танытып тұр емес пе? Айтуғанның ақындық қарымын, айтпақ ойының биіктігін «Терме»,
«Қаз ұшар айдын көлден қиғаш қанат», «Өнерлі жігіттерге айтқаны», «Бәрінен де сол жаман», «Сәлем айт, барсаң сонау қырдағы елге», «Сөз білмейтін кейбіреу», «Не мұңдық»,
«Шонекеге», «Ақжан байға айтқаны» атты өлеңдері одан әрі тереңдей ұғындыра түседі.
Айтуған жырау туралы сөз қозғағанда, оның айтылмай қалмайтын бір қыры бар. Ол – мәдени мұраны бүгінге жалғаған алтын көпір болғандығы. Оған да куәлік ететін - өз өлеңдері.
Осынау бес күн тірлікте Сөз жаттауға қанбадым. Қырымның қырық батыры Отыз тарау ноғайлық Бәрін түгел жаттадым,
немесе
Тамсанды естіген жұрт қайран қалып
«Қырымның қырық батырын» жырлағанда. Бұл
жолдардан ұғарымыз – Айтуғанның «Қырымның қырық батырын» жырлағандығы.
Қабиболла Сыдиықовтың деректері де бізге Сыпыра жыраудың орындауынан жеткен ноғайлы жырларын Абыл мен Айтуған жалғастырған дегенді айтады. Таңды таңға ұрып ноғайлылық жырларды жатқа соғатын Мұрын Сеңгірбекұлы да өзінің алдындағы буынды айтқанда Қалнияз, Қарасай, Нұрым, Мұратқа, одан әрі Абыл мен Айтуғанға сілтеме жасайды екен. Әдебиеттің ауызша тараған дәуірі ғой, оның қиындығынан тұтымды жад, өнерге деген жанашырлық пен құнт құтқаратын. Айтуған жырау да өзінің білгені өзімен кетпей, ұрпақтың қажетіне жарауы қажет екендігін жан-жүрегімен сезінді. Бабаларының жәуһар жырын болашаққа табыстауға міндетті екенін ұғынды. Шәкірт тәрбиелеп, жыр жаттатуға тырысты.
Өнер алды - қызыл тіл, Ән менен күй жолдасы.
Жасымнан соған ергенмін. Үйретпей кетер өнерді
Қызғаншақ жырау мен бе едім?- деп, өзінде бар мұраны жастарға үйретуге білек сыбана кіріседі.
Бүгін бар бұл өмір де күні ертең жоқ,
Ноғайлықты түгел алып қалыңыздар,-деуі замандас інілеріне тапсырма бергендей, тіпті өтінішпен үн қатқандай да әсер береді.
Бойымдағы барымды Артымдағы ініге Қалдырайын деп едім.
«Отыз түрлі ноғайлық»,
«Қырымның қырық батырын», Қабылдайтын қайсың бар
Үйретейін деп едім, - дей келе, «опасыз мына дүние-ай!» деп аһ ұрған жанның жанайқайы байқалатындай.
Жыршы – орындаушы, жырау – автор әрі орындаушы десек, Айтуған жыршы әрі жырау. Сөзін өзі шығарып, өзі орындайтын ол суырып-салма ақын. Оқиғаға орай қолма-қол шығарған өлеңдері қазір ел аузында.
Домбырасын қанжығасына бөктеріп, өнер қуып ел аралап жүрмеген Айтуған жыраудың бізге жеткен мұралары көп емес. Өлеңнің саны емес сапасы маңызды. Демек, санаулы туындысының өзі оның ақындығын, шеберлігін, сана-сезімін танытып, әлеуметтік ахуалынан хабар беріп тұрады. Жақсы мен жаманды айыруға көмек беретін оқулық-құрал сынды. Айтуған жыраудың шығармалары Ізбасар Шыртанов, Қабиболла Сыдиықов тәрізді өнертанушы, өлкетанушы ғалымдардың қаламына ілікті. Халық арасында сақталған шығармалары хатталып, қағазға түсті. Оның есімі Нұрым, Қашаған, Аралбай, Ақтан, Сүгір, Сәттіғұл, Түмендермен қатар атала бастады. Бұл да шүкір етер тірлік.
Шоңайда жүйрік көп еді, Ел билеген басқарып.
Екіталай болғанда
Қалмаған кейін жасқанып,- деп өзі ризашылықпен сүйсіне сөз еткен Шоңайынан, Жыңғылдысынан Айтуғаннан соң да талай жақсы- жайсаңдар өмірге келді. Есір мен Арал, Шамғұл, Елбай, Әлқуат, Атанғұл күй-керуен мен жыр-көшінің көшбасында болды. Мықты жадтың иесі, көкірегі шежіре-сырдың сандығы Алшын Меңдалиев - өз алдына бір шың. Бабалар салған жолды жоғалтпауға, олар шыққан биікті аласартпауға өздерін парыздар санады ма – кейінгі буынның да өзіне жарасар жетістігі мол. Заманның талабына сай білім алып, алқалы орталарда топ жарып тұлғалана білді. Өнерлі ортада атын оздырып, елді аузына қаратты.
Жыңғылды маңындағы Қаратаудай, оның биік шоқысы әйгілі Отпан таудай еңселі ұлдар – елдің ортақ ұлдарына айналды, таудың киесін бойына сіңіріп өскендіктен кезеңінде, өз орталарында тау- тұлғалардай ерекшелене білді. Марқұм Ізбасар Шыртанов жыр- нөсер атанса, Күріш Тасболат ән-құдірет атанды. Білім беру ісінде Торғай Шоңқалов, Базархан Сүйеуов, Бақыт Балов, Кенжеғұл Исабергенов ұстаздық қызметтің білікті жүйріктері атанды.
Шәкірттері жоғары деңгейдегі жарыстарда жүлде алып, олар сабақ берген немесе басшылық еткен мектептер республикаға танылды. Бұл азаматтардың ізін басып, ісін жалғастырар бір топ алғыр жастар түйдек-түйдек боп қатарға қосылды. Маңғыстау тарихында мектепті тұңғыш «Алтын белгімен» бітірген Абылан Дүйсенбаев Алматыда, ғылым саласында жемісті еңбек етті. Бүгінгі таңда облыстың мақтаулы, тәжірибелі оқытушылары қатарында Жиде Баулыбаеваның, Бақтылы Себепбаеваның, Алтын Таушанованың, Нағима Қалшабекқызының есімдері құрметпен аталады.
Кеңестік дәуірде ел басқару ісіне, ауылшаруашылығын және өндірісті өркендетуге атсалысып, сүбелі үлес қосқан айтулы азаматтар шықты. Бүгінде 90 жастағы республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер, Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығына еңбегі сіңген қызметкер Таушан Қорбақов, КСРО Жоғарғы Кеңестің Халық депутаты, 1987-1992 жж.
«Маңғышлақмұнай» өндірістік бірлестігінің бас директоры, мұнай саласының ардагері Нұрлыхан Бекбосынов, соғыс ардагері, іскер басшы болған, өнерпаз қарт, Айтуған жыраудың ұрпағы Өтежан Алшымбаев, оның ұлы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Зейнолла Алшымбаевтар әулеттің абыройын еселей түсті.
Ақын Айсырға Қилыбаева - бірнеше жыр жинақтарының авторы, ақын-журналист Мұрат Базарханұлы мен ақын-журналист, прозашы Үміт Жәлеке облыс баспасөз саласында жемісті еңбек етіп келеді. Бұл буынның соңын ала жалынды жастардың өсіп келе жатырғаны анық.
Бұрынғылардың сынығы, кешегінің көшбастары болған Айтуған Тайұлы – бүгінгінің темірқазығы, мақтанышы. 2001 жылы 200 жылдығын тойлаған ұрпақтары 2011 жылы Айтуған атаның 210 жылдығын ұйымшылдықпен өткерді. Сартөбедегі ата басын қарайтып, Жыңғылдыдағы Есір Айшуақұлы атындағы орта мектепте ауқымды ашық сабақ өткізіліп, оқушылар Айтуған Тайұлының шығармаларын жатқа мәнерлеп оқыды, өздерінің балаң жырларын атаға арнады. Енді міне, Айтуған жыраудың мұраларын, ол туралы баспасөз беттерінде жарық көрген мәліметтерді, ғалымдардың зерттеулерін жинақтап, кітап етіп жарыққа шығармақ.
Айтуған Тайұлы «Аулыңнан жақсы шықса, көңілің тоқ» дегеніндей, жыраудың үміті мен сенімін ақтар ұрпақтар ісі – ата рухы алдындағы сауап, келешекке үлгі.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter