Шығармалар ✍️
Ер Төлеп (1754 - 1835)
Шежіреге жүгінсек, ежелгі рулардың бірі Адай – сегіз арыстан түзіледі және ұлы Қазақ елін қалыптастырған қырықтан астам ру- тайпаларға кіреді. Ал Адайдың сегіз арысының біріне Мұңал делінеді. Адайдың қара шаңырағы да осы Мұңал тайпасы. Есімі Адайдың ұранына айналған пір Бекет ата осы рудың перзенті. Батыс Қазақстан өңірінде: «Мединеде – Мұхаммед, Түркістанда – Қожахмет, Маңғыстауда – пір Бекет қолдай гөр» ұраны-дұға кеңінен мәлім.
Сөз болып отырған Ер Төлеп атамыз Мұңал бабаға алты ата жер. Кәріқұлақтар Әнетұлы Ер Төлеп бір шаңырақтан дүреген алты перзенттің бірі деп бекітеді. Олар: Бабақұл, Мая, Қырымқұл, Қыдырша, Қоштан, Төлеп және Жаныс. Бәрінен де ұрпақ бар, олар егеменді еліміздің тәуелсіздік тұғырын нығайту жолындағы бүкілхалықтық майданның бел ортасында еңбек етіп, өмір сүруде. Ер Төлептің өніп өскен ордасынан, ел-жұрты құрметтеген өнегелі азамат тұлғалары көп шыққан. Мысалы, Ер Төлептің кіндіктесі Мая аруақ қонған зайырлы кісі боп өткен. Өзі Ер Қармыстың қиыспас досы болған. Сыртқы жауларға қарсы күресте Ер Қармыс өңірдің өзге дуалы ауыз ақсақалдарымен бірге Мая досымен үзбей ақылдасып отырған. Өнегелі үйдің, шаңырақтың ұл-қыздары ұялтпас дегені рас болар.
Осындай сұхбаттасу үстінде Мая би Әнетұлы Қармыс батырдан:
-Төлепті батыр дедіңіз. Батырлар аз ба? Төлепке арнап сәлем айттыңыз. Басқалардан өзгешелігі не оның? – деп сұрапты.
Әрине, өзінің туған інісі Ер Төлепті өзгелерден кем білмеген шығар? Сөйте тұра Ер Қармысқа сұрақты төтесінен тастаған ғой.
Сонда Ер Қармыс Мая би досына қарап, былай деп жауап беріпті: -Бір жылы сендердің әкелерің Әнет биге сәлемдесе бардым. Қонақ ретінде Әнекең би күтіп ап, отбасымен қызмет қылды. Ертесіне ме, білмен:
-Жылқыны жау айдап бара жатыр. Саны көп адам емес, деген суыт хабар шықты. Әнекең би үйінде біреу найза саптап отырған. Менің найзамның сабы ұңғысына кигізетін бөлігі сынған. Осыны жөндеу әлгі біреуден өтіндік. Бірақ найзам қапелімде дайын
болмады. Сыртқа шығып, белдеудегі атыма қарғып мінгенімде анадай жерде тұрған Төлепке:
-Найзаны сабына жіппен байлай сал,-дедім.
Төлеп бір жуан тұсауды алды да найзаның ұңғысын сабына айқастырып, шапшаң таңып байлады да қолыма ұстата берді.
Шауып жөнелдім. Жаудың шамасы жиырма шамалы адам екен. Мені көрген соң бесеуі кедергіге қалып, қалғаны жылқыны айдай берді. Бес адам деген не? Келе алғашқы біреуін шаншыл аударып тастадым. Тағы екеуін түсірдім. Енді екеуіне алаңдамай, басқаларына жеттім. Қалың шаң көтеріліп, адамдар мен жылқылар араласып кетті. Шаң ішінен көзге шалынғаны аман кетпеді. Қалғаны жылқыны тастай қашты. Көп жылқыны алдын орап, қайырып жүрген біреуге келсем, Төлеп екен. Менің артымнан бір атқа міне салып, о да жетіпті. Қолында қайың қорағаш.
Ауылға оралғасын әлгі найза саптайтынға оны қайта бердім. Аздан соң найзаны таңған тұсауды пышақпен кескісі келгенімен шеше алмапты.
-Тұсауды шешіп берейін дегеніммен, мен де шеше алмадым. Сонда Төлеп он төрт жасар бала еді. Қолының қуатын осыған қарап аңғара беріңіз.
Екіншіден, Төлеп шапшаң. Батырлардың талайы ағызып шауып келе жатып, түйенің жалғыз құмалағын аудармай шаншады. Бірақ, найзаның ұш жағы оны қайта көтеріп аламын дегенше аттың екпінімен кейін қалады. Және көзге көрінеді. Олар құмалақты жармай шанши алмайды. Ал Төлептің найзаны бір сілтеп, қайта тартып алғанын байқай алмай қаласың.
Үшіншіден, Төлеп мақтанбайды. Жаудың жолын тосқанда, не болмаса қуарда көбірек қамданады. Жау қарасын көрген соң асықпай шабады. Жау батыры найза қағып, тәсіл жасаймын дегенше Төлеп шаншып үлгереді.
Жауға қапталдап келгенде сабына қамшы сияқты етіп, бүлдіргі таққан найзасын лақтырып шаншып, кері шапшаң тартып, жерге түсірмей қағып алуды біз тек Төлептен ғана көрдік. Алған бетінен қайтпайды. Маңдайы да дөңес қой өзінің.
Аты аңызға айналған Маңғыстаудың халық батыры Ер Төлепке ұстазы Ер Қармыстың берген бұл бағасын тыңдаған Мая би:
-Тіфә, тіфә, Алла тіл көзден сақтағай, -деп, жайнап шыға келіпті. Төлеп батыр жайлы жеткен ел іші әңгімелерінің бір саласы
осы болар. Және осы сипаттама, мінездеменің авторы Ер Қармыс дегенге имандай сенеді замандастары.
Төлеп дарынды қолбасшы. Бұны ол бұдан 140 жыл бұрын жатжерлік басқыншыларға қарсы соғыс барысында айқындап берді. Оқиғаның ұзын ырғасын қысқартып бедерлегенде төмендегіше баяндауға сияды. XVIII ғасырдың салқын күзі болар. Қазіргі Бейнеу ауданы Күйкен тау баурай-етегінде (Қызылқақ) негізінен Байбоз, Жамбоз және Көрпе руларының аз-кем ауылдары Маңғыстаудың қара ойына, қыстауға көшпей ауа райына қарап отырып қалыпты. Өзге ру-тайпалар ауылдары жайлаудан қыстауға көшіп кетеді. Аз ауыл, қарасы тоғыздай ауылды Хорезм ханының үш жүз шамалас қарулы қолы шапқан. Ер кіндіктілерді атып, асып, әйел қыздарды жесір ретінде айдаса, алдарына үш мыңдай жылқысын салып, елдің ойранын шығарған. Қапелімде ойдағы, қырдағы ер азаматтарды жинауға мұрша бола ма? Жақын деген қазақ ауылдарының арасы ондаған, жүздеген шақырымды орап жатады. Жайсыз хабарды бұларға жеткізіп, қол жинап жауға аттану, бірнеше күнге созылмай ма?
Міне, осындай қанды қырылысқа төзе алмаған Ер Қармыс санаулы жігіттерге бас болып, жауға бірінші аттанады. Қанша дегенмен аздың аз, көптің көп екені майдан үстінде лезде айқындалады ғой. Сол ұрыста аз қолмен ерен ерлік көрсеткен Ер Қармыс қалың жаудың ортасында ауыр жараланған. Ер Қармыс тобының соңынан алғашында 40 шамалас нөкермен және кейін жолдан, елден тағы 20 шақты жігіттер қосылған Төлеп батыр 60 кісімен Хиуа ханы әскерлерінің соңынан қуады. Қаптаған қалың жаудың ортасында қалып, ауыр жараланып жатқан, ұстазы қарт батыр Ер Қармыстың үстінен түседі. Атынан қарғып түсіп, басын сүйейді. Жылай береді.
-Ер Қармыс-ау, ер Қармыс! Қуғыншы едім мен Қармыс! Алды-артыңды жинамай, Кеткенің сенің нең Қармыс?! Ер бабаға апырмай
Болған екен қиын іс. Қайырын сұрап жата бер, Келе жатыр батырлар, Көргеніңді айта бер.
Сонда Қармыс сөйледі,
Сөйлегенде не деді:
-Сен адайдың кімісің? Айтулы ердің бірісің. Маңдайыңа қарасам Қайтпас ерге меңзейсің. Ауызыңа қарасам,
Аш бөріге меңзейсің.
- - - - - - - - - - - - - - - - -
-Айналайын ер Төлеп, Осал жаудың бірі емес?! Үш мың қолдай ауыр қол
Айыртар жаудың түрі емес?! Сонда Төлеп сөйледі, Сөйлегенде не деді:
Олай деме, Ер Қармыс, Жауың бізден ер емес, Әркімде де Құдай бар. Сонда Қармыс сөйледі, Сөйлегенде бүйдеді:
- Олай болса ер Төлеп, Аттанып кеткен қалың жау Қызылойдан өткен жоқ, Ала шыңға жеткен жоқ,
Ер баба деп шулаған Қыз-келіннің дауысы Құлағымнан кеткен жоқ.
Ер Қармыстың батасымен жауды қууға қайта аттанады. Қарауындағы 60 жігітті жиырмадан үшке бөледі. Оң жағына жиырма жігітпен Жанақты, сол жағына 20 жігітпен Бегейді аттандырады. Олар «Қыземшек» жотасының асуынан өтпей жау тобына тұтқиылдан шабуыл жасау керек. Өзі қалған жиырма жігітпен жаудың соңына тура қуып, шабуыл жасайды. Осындай шешім қабылдағандағы Төлептің ойлағаны – өз қолының саны аз екенін жауға сездірмеу болды. Үрей туғыза үш жағынан шабуыл жасады. Жау тобы үш жағынан бірдей қаспаққа ілігіп, үрейге түсті. Оның үстіне үш жарым мыңдай жылқының әрі-бері ұйлығып, үріккен селі бас-аяғы үш жүздей жауды лықсытып, батырып жіберді. Көбінің аты жығылып, топырлап қалды. Төлеп
жылқыларды сырттан қоршап жүрген жігіттеріне шауып жүріп, бірде әрі, бірде бері үркітуге тапсырма берген. Жаудың қатары әлдеқашан бұзылды. Көздері топыраққа көміліп, әрқайсысы әр жерде қалың жылқы қалай үріксе, солай ығысады. Бағыттан айырылды. Төлеп осы арада жылқыларды бір бағытқа қудырта бастайды. Сосын жылқылар ұзап, шаң сейіле бастағанда әр жерден бытыраған жаулар көріне береді. Оларды Төлеп тобы көк сүңгінің ұшына кептеп қырған.
Төлептің соғыс өнері арқасында басқыншы жаудың талқаны шығады. Тұтқынға түскен жазықсыз жандар: бала-шаға, ер азамат толық азат етіледі, олжаға ұшыраған мал қайтарылады. Қан іздеп келген жатжерлік жендеттердің көзін өз қанына толтырды. Ең бастысы Ер Төлеп және оның айбынды нояндары ұлттық рухымызды асқақтатып, қазақ туы астына топтасудың үлгісін кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырды.
Қасіретті шайқас шығынсыз болмаған. Белгілі шежіреші Сұлтан Балхаевтың куәлік беруіне қарағанда Ер Төлеп жағынан да шығын болған. Олар: Матайдан – Есенияз, Өтеуліден – Жәнет, аралбай көрпенің Сырлыбайынан Қабыл батырлар т.б. делінеді.
Төлеп Әнетұлы Алшынның атақты батыры. 80 рет Маңғыстауға келген жауды қайырған, 50 рет жекпе-жекте жеңіске жеткен, 7 рет жалғыз өзі саны көп жауды жеңген, 83 жасында өз ажалынан өлген.
Ер Төлептің өмір және ерлік шежіресі ауқымды да бай. Ол зерттеулерге қарағанда 1754 жылы Маңғыстауда өмірге келіп, 1835 жылы ата қонысы Тұщыбекте өз ажалымен бақилық болған. Қарасын сонда беріп, елі 40 жігітті аттандырып, сүйегін Сейсем ата қауымдығына марқұмның өз тілегі бойынша жеткізіп жерлеген. Басына ескерткіш кесене салынды. «Ақтау-Атырау» темір жолы бойындағы № 4 бекеті «Төлеп ауылы» деп ресми атауға ие болды.
Интернетте баянды етілген жалғыз дерекке назар аударайық: маңғыстаулық Тұрұлы Ермембет (ол да Ер Төлептің замандасы) Хиуа ханымен сөз қағысында: «Біз жауға барып, ертең өлгенді батыр демейтін халықпыз. Менің өткенімнің батыры елу рет қол бастап, жарақты жауды қайтарған, жауынан бірде-бір меселі қайтпаған, 83 жасына қарағанда Алланың ақ ажалымен оң жақтан ақиретке аттанған Әнетұлы Төлеп». Интернет шерткен сырда терең мән жатқандай. Айтар едік, Ер Төлеп – аңыз адам. Өлкемізге белгілі қаламгер, Махамбет сыйлығының лауреаты Әбілхайыр
Спан мен Ер Төлеп ұрпағы Сұлтан Жұбаевтың бірігіп жазған «Ер Төлеп» кітабын (А., ЖШС «Эверо» баспасы, 2006) оқығанда оқырмандар осындай ойға тоқтары анық.
Туған халқына, туған еліне адал қызмет еткен Ер Төлеп батырдың қаһармандық қызметі біздің ұрпағымыз үшін де өшпес өнеге болып қалды. «Ерлік-елге мұра» деген осы.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter