Шығармалар ✍️
Есекмерген батыр
Еліміз егемендік алғалы өткен тарих, ата-бабалар өткен қиын- қыстау жолдардың шежіресін қалпына келтіріп, жас ұрпақты отансүйгіштік, ерлік, рухта тәрбиелеу – маңызды іс. Бұл жөнінде республикалық, облыстық, аудандық газет-журналдарда аз жазылып жатқан жоқ. Солардың ішінде он екі ата Байұлының ішінде Адайлардың Атырау, Маңғыстау жеріне келу кезеңдерін көнекөз қарияларымыз айтып та, ардагер ағаларымыз жазып та келеді.
Өмірден өткен Өнберсін, Мұңалбай, Абдаш аталарымызбен өз әкем Дүйсен Адай батырлары оның ішінде ел қорғаған ер бабамыз Есекмерген батыр туралы айтқан ұзақ әңгімелерін шамның жарығына сабаққа дайындалып тыңдап жататынбыз.
Мен де Есекмерген бабамның ерліктері жайлы, оның өмір сүрген жылдары мен бейітінің қайда екендігін сұрастырып аудандық, облыстық, республикалық басылымдарға мақалалар жариялап келемін. Сонымен қатар Есекмерген бабамыздың есімін есте сақтау жайында да мәселе көтердім. Соның нәтижесінде өткен жылы аудандық мәслихаттың кезекті сессиясында Бейнеу селосындағы жаңа көшелердің біріне жау жүрек батыр, мерген Есенқұлұлы Есектің есімін беру жөнінде шешім қабылданды.
«Аңыз дегеніміз – тарих, тарих дегеніміз – ақиқат» деген екен бір тарих зерттеушісі. Халық оның бейнесін қиял-ғажайып батыр ретінде сомдап, жадында сақтаған. Осы өлкеге халықты бастап келіп, Маңғыстау жеріне алғаш ат басын тіреген батырдың Есекмерген Есенғұлұлы екендігі рас. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Әнес Сарай 2008 жылғы «Көнеліктер» кітабындағы «Қазақ хандығының құрамында» тақырыбының 272-
273 беттерінде 1694 жылы Томскіде Тәуке ханға елші болып келген Федор Скибин маусымның екінші жұлдызында Есекмергеннің 300 аттылы жасақпен Түркістаннан шығып, жортуылға аттанғанынан хабар береді. (История Казахстана в русских источниках XVI-XX веков. Алматы, 2005, том 1, 418 б). Оның жол көрсетушісі Тобыл губерниясының Вагай ауылының Чекек деген адамы екені айтылады. Шамасы ол орыс шекарасына жорыққа аттанған. «Әлгі жоғарыда атаған Есекмерген мен барда Түркістанға қайтып оралған жоқ, қайда кеткендерін мен
білмеймін»,- деп жазады елші Скибин (сонда 419 б). Осы шағын дерек Қосай ұрпағының қазақ хандығына қайтып оралғанынан, Есекмергеннің Тәуке ханның астыртын жеке тапсырмаларын орындайтын қолбасыларының бірі болғанынан хабар береді. Екінші бір дерек 16 қазан 2008 жылғы «Маңғыстау» газетінің
№160-161 (7388) санындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Әнес Сарайдың «Құнанорыс тайпасы» атты зерттеу мақаласында жазылған. Бұл кезде адайлар Қазақ хандығының құрамына кіріп, Түркістан төңірегінде отырған-ды. 1694 жылдың 4 сәуірінен 1696 жылдың шілде айларында Түркістан Тәуке хан ордасында болды, өз жазбаларын қалдырған Федор Скибин Есекмергеннің 300 жасағымен Түркістан шаһарынан шығып, орыс шекарасына жорыққа аттанғанын атап көрсеткен.
«Маңғыстау» газеті, 2011 жыл 16 маусым №103-104 (7963)
санында және «Рауан» 2011 жыл 17 маусым №24 (1995) сандарында «Мұрағаттар сөйлейді» атты мақаласын мұрағатшы Алқажан Еділхан жариялаған болатын.
Мұндағы деректер №266 Санк-Петербургское отделение Архива Российской Академии наук. Списки Тобольской архивы. Часть-4. Дело 14. 1 7203 от «Сотворения мира» 1695 год. 2
Туркестан (стр-419).Аудармасы: 1695 жылдың 2 маусымында Түркістаннан Қазақ Ордасы үш жүзінің қолбасшысы Есекмерген және оның әскері Түркістанда мен сонда жүргенде болған жоқ, қайда кеткенін де естімедім. Ал биылғы 1696 жылдың 8 қазанында жоғарыда аталған қазақтар Тобольск боярының баласы Дмитрей Сузбальцевті Қазақ Ордасының Түркістан қаласына байлап әкеліп, базарлатып сатып жүр деп жазған. Бұл құжаттағы мәліметтерге қа- рағанда Кіші жүз қазақтары Тәуке хан тұсында көрнекті мемлекеттік деңгейдегі міндеттерді атқарған, әскери басшылықта осылардың қолында болған. «Маңғыстау тарихында «сол кісінің дәуірі еді» делініп екі кісінің есімі аталады, бірі осы Есекмерген. Ал ұсынылып отырған құжатта біздің Есек батырымыздың ұлттық дәрежедегі тұлға екендігі жайлы теңдессіз дерек келтірілген. Осыдан кейін мұрағатты киелі емес деп қалай айта аламыз»,- деп, Алқажан ағамыз мақаласын аяқтаған екен. Біреулер Маңғыстауды
«әлі ашылмаған Антрактида», «Ашық аспан астындағы галерея»,- дейді. Бұл сөздің қаншалықты дәл-дәйектілігін кім білсін, бірақ әлі де тығыны ашылып, тиегі ағытылып айтыла қоймаған Маңғыстау тарихы – бір дастан. Соның бірі бұл қонысқа «жеті жұрт келіп, жеті
жұрт кеткен», бізден бұрын ноғай да, шүршіт те, қалмақ пен түрікмен де жайлаған деседі. Алпыс үй адай жайлы қоныс, малына шүйгін өріс іздеп Арқадан ауа көшіп, Жем өзеніне тақап келген шақта өзеннің күнбатыс беті қарақұрым қалың қалмақ екен. Арып- ашып, шаршап-шалдығып, көп көшіп, көлік жалдап келген ел байырқалап бой жазып демалайық деп өзеннің күншығыс бетіне аялдапты. «Көршілес, қоңсылас болайық»,- деп қалмаққа хабар салса, «аман-есеніңде келген ізіңмен кері қайт!» деп жауап қатыпты қалмақ. Қалмақтан қауіптенген Есенқұлұлы Есек батыр бір биікке шығып қарауыл қарайды екен. Бір күні атын тұсап, өзі қисайып жатса, көзі ілініп кетіпті. Қанша ұйықтағанын кім білсін, ояна келсе аты жоқ. Ізге түсіп келсе, Сарқасқа айғыр бір бұлақтан су ішіп, жусап тұр екен. Сол сапар Есек батыр қалмақтың Домбауыл деген батырына кезігіпті. Келе жатса, Жемнің қалмақ бетінде бір қара көрінеді. Қарайды, от үзген мал сияқты. «Япырым-ау, бұл бетке шығып кеткен қазақтың малы шығар, айдай кетейін»,- деп желе- жорта жетеді. Келсе, ер-тұрманы алулы қара ала арғымақ арқандаулы тұр. «Бұның иесі кім болды екен»,- деп байқастаса, бір желжарғанның ішінде дәу қара ұйықтап жатқан көрінеді. Саймасай бес қаруы қасында. «Е-е, қалмақтың Домбауыл деген дүрі бар деп еді, дәу де болса, сол боларсың»,- деп ойлайды. Есек батыр қылышының бауын ағытып тұрып: «Ау, бұл қазақ болып, қапыда қарамаңдай болмайын», деп тоқтап, түртіп оятады. Әлгі зордың- зорымен ояныпты.
–Кімсің? Атың кім?
–Қалмақпын, атым - Домбауыл. Сен кімсің?
–Қазақпын. Атым – Есек батыр.
Ал, кеп шарт та шұрт ұстаса кетсін. Екеуі де бірін-бірі сырттай естулі, сыралғы болса керек. Қанша алысқандарын кім білсін, ақыры Есек батыр жауын өлтіріпті дейді.Содан ертесіне қойдай шулаған қалың қалмақ атқа қонады ғой баяғы. Аз ауыл адайды бұратала құртып, есесі кеткен ерінің құнын алмақтағы. Не керек, қанды қырғын болыпты. Есек батырдан жекпе-жекте Тайлан ханы жеңіліп, қалмақтар сол жерде тырым-тырақай қашады. Есек пен Шотан батыр бастаған адай сарбаздары қалмақты Жайық өзенінен өткізіп жіберген екен деседі. Тарихтың куәсіндей, Есек батырдың қарауыл төбесі Есекжал, Сарқасқа су ішетін бұлақ – Сарқасқа, Домбауыл өлген құмақ – Домбауыл құмақ деп, Тайлан хан өлтірілген жер – Тайлан деп аталып кетіпті.
Маңғыстау өңірінде мұндай аңыз боп ауыздан-ауызға көшкен жайдақ жал, тақия төбе, бастау бұлақ көп. Сай-саласы, жыраң- жықпылды, қойын-қолаты бір шежіре болса, әр бұта, әр тасы тұнған сыр дерлік. Ел тыныштығын, жер-судың түгендігін, төрт түліктің бүтіндігін күзеткен батырлар бес қаруын бойынан тастамаған кез ғой. Көшпелі халық малының ыңғайына қарай шұрайлы, сулы жер іздеп жүре берген.
Әр рубасы жер-суды жан басы мен мал басына орайластырып белгілеп береді екен. Адайдың бір жолғы жер бөлісу реті «Есек- жал» деген жерде Түрікменадай тайпасының Байболынан шыққан білікті, беделді азамат Есенқұлұлы Есек батырдың басшылығымен жүзеге асқан деседі.
Маңғыстаудың үш түбегі, Күйкен, Манатадан Сарқасқаға дейінгі (Маңғыстаудың қазіргі картасында «Биік жал» делінеді), шығысында Желтау, Ырғызбай, Қарасай, Оғызқұдық, Онқұдық, Көкаланың құмды бұйраты, Ақсай, Көлтабан, Жетіқақ, Сам өресі, Маңсуалмас – Есет, Ақшағыл – Барсай, оңтүстік Қаратүлей, берісі даңғайыр Үстірт мына шеті Қарағантүбекке дейінгі ұланғайыр даланы игеріп үлгерген. Бір жылы Есенқұлұлы Есек батырдың ауылында үлкен жиын болып, жер бөлісіне Назарұлы Шотан батыр мен Үсен, Бәйімбет, Медеттің Арғынбай батыры мен Төлеп батыр, Ескелді Жанұзақ, Жеменей Сейіт би мен Бегеш батыр, зорбай Таған, бабық Әжібай, шоңай Бекбаулы, Құнан секілді ру басылары қатысқан жиын туралы ауыздан ауызға өтіп, кәрі құлақ қарттарымыз айтып, жазып та келеді.
Осындай ұзын құлақ үлкен қариялар үйімізде жиналып, әңгіме айтып отыратын. Енді сол естіген әңгіме желісінен есте қалғандарын қағаз бетіне түсіргенді жөн көрдім. Маңғыстауға қоныс іздеп, бет алған Есек батыр алпыс үй адайды бастап, жайлы қоныс, малына шұрайлы өріс іздеп, Үстірт үстіндегі бір мол құдыққа келіп қоныстанған екен. Қоныс жайлы болғанмен мал басы өсе келе су тапшылығын байқаған Есек батыр сол құдық қасынан төрт құдық қаздырады. Сол құтты қоныс атауы Бесшымырау деп аталып кеткен екен. Бұл құтты қоныс Бейнеуден 105 шақырым, Ақжігіт елді мекенінен 40 шақырым қашықтықта орналасқан. Құдық маңында ескі қойымшылық болған, соның ішінде үш үлкен құлпытас іспеттес ескі белгі болғандығын Жұмажан есімді қария айтып отыратын еді. Мұндай белгілер ертеде өткен батырларға қойылатыны аян. Біз іздеп жүрген Есек батыр
бабамыздың бейітінің осы белгілердің бірі болмасына кім кепілдік бере алады. Бұл тастардың тарихын біліп, анықтау үшін арнаулы экспедиция ұйымдастырылса екен деген ұсынысымды айта кеткім келеді.
Адайдың айтулы биі Мәтжан: «Елде елеусіз өткен екі ер болды», деумен кеткен екен. Оның бірі таутайлақпен алысқан, жез- тырнақпен жұлысқан, мейманасы тасып, ата қонысымызда алшаңдай басқан қалмақтың ханы Тайлан батырды жекпе-жекке шақырып, желкесін қиған Қосай ұрпағы Есенқұлұлы Есек батыр деген екен. Бейнеу кентінде тұратын Есенқұлұлы Онбай ақсақалымыз Есек батырдан тарайтын Тұман баласы Байсейіттен Оңайбайдан Өтеу аталарымыздың қаздырған құдығын осы кезге дейңн пайдаланып келгендігін айтады. Сол маңнан Өтеу құдығының арқа жағында арасы шамамен 25-30 шақырым Өтеу атамыз құдық қаздырып, құдықты әйелінің атына Мамық деп, қойған екен дейді. Бұл айтылып отырған құдықтар Есен қазақ түлейінің шығыс жағында орналасқан. Бейнеуден 200 шақырым шамасында ал, Түрікпен, Қалпақ шекарасына 50-60 шақырым шамасында орналасқандығын айтады. Осы деректерге қарағанда Есек батыр бабамыздың табанының ізі мен Сарықасқа атының тұяқ дүбірі бір талай жерде ойқастамады деп кім айта алады. Сонымен ауызша және жазбаша деректер жинақтары негізінде Есекмерген батыр бабамыздың өмірге келгеніне 350 жыл болып отыр. Есекмерген батыр бабамызға жасалған мәрмәр тақта бетіне оның шамамен (1662-1758ж.ж) өмір сүргендігі көрсетілді. Қазан айында оның атына берілген көшеге ескерткіш тақта орнатылды. Ескерткіш тақтаны қою ата жұртты жаудан қорғаған батырларды ардақтап, олардың қаһармандығын жас ұрпаққа үлгі етуге арналған осындай тәрбиелік маңызы зор шараның «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында кізілді. Есекмерген батыр Есенқұлұлы жайлы шетел мұрағаттарында сақталып келген тарихи деректерден елге жеткізіп, кезінде елдің бірлігі мен тыныштығын сақтап, туған жерді қорғауда бүгінгі ұрпағына өшпес өнеге қалдырған, ел есіндегі ерді құрметтеу баршамыздың да парызымыз. Ал «Еңбек даңқы» орденінің толық иегері Бисенбай Ауданбаев, соғыс және еңбек ардагарі Есекмерген батыр ұрпағы Дүйсеғали Көшеров баба жайлы ел аузында сақталып келген аңыз-әңгімелерді айтты. Салтанатты шарадан соң батыр бабаның ұрпағы Рысбай Дүйсенов ата рухына арнап ас беріп, Құран бағыштады.
Егемендік алып, еркіндікке қол жеткен соңғы жиырма жылға жуық уақыт ішінде есін жинаған халқымыз өткеніне көз жіберіп, шежіре жазып, өлгенін тірілтіп, ата-бабасына ас беру, басын жыңғыртып, түнемелік салу, қамқорлығына алу сияқты игі шараларды іске асырумен келеді. Бұл бағыттағы талпыныс, ата жігін айыра білу, жарыққа шығару араға жік салу емес, керісінше ата салған өнегелі істерді, олардың қадір-қасиеттерін ұрпағына жеткізу болып табылады. Бұл сияқты игі бастамалар «Өлі жебемей,тірі байымайды» деген аталы сөзді әспеттеп, құрмет тұтумен қатар, ұрпақ жалғастығын ұштап, заман талабына сай икемделе, «Мәдени мұра» бағдарламасына қосқан үлес деп білген жөн.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter