Өлеңдер ✍️
ІV ӨЛЕҢ
Сонша ауыр сырлар ұғып бір түннен,
Көрсең еді кездерімді күрсінген.
Сағыныштан сарғаюмен сарылып,
Көрсең еді қалғанын тек құр сүлдем.
Сені ғана ойлай берем күн мен түн,
Тек мұңаям, белгі қалмай күлкімнен.
Сол шақтағы жабырқаңқы жүзімнен,
Көрер ме едің көз жасымды іркілген.
Әрбір минут ауыр болып бір күннен,
Көзіме жас іркілген де, сүртілген.
Жас жанымның тыныштығы бұзылды,
Өзің айтшы, болды дейсің бұл кімнен?!
Мәңгі безіп кетпесем де күлкімнен,
Кезім сирек бір жадырап, сілкінген.
Соңғы айларда ауыр оймен арбастым,
Өзің айтшы, болды дер ең бұл кімнен?!
Өзің айтшы, жас махаббат солсын ба,
Өзің айтшы, жаныма мұң толсын ба?!
Өзің айтшы, жалын атқан жүрегім,
Тұншықсын ба, шыдамаса сол сынға?!
Бастай алмай шынымен-ақ жол шыңға,
Ажырастық... Өзің айтшы, сол шын ба?!
Рас десең, оранайын, батайын,
Қайғы деген қара ниет толқынға.
Қапалықпен қалдырып бар айыбын,
Батқаны ма махаббаттың айының?!
Ескегі – сен, сон болмасаң батпай ма,
Тұңғиыққа қалтылдаған қайығым?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter