Өлеңдер ✍️

  02.08.2022
  96


Автор: Қазданбай Қосжанов

НАРЫН ГҮЛІ

Бас иелік туған жерге өткеніне бір қарап,
Түспесінші қызғалдаққа – кеудедегі жырға дақ.
Сыйлайықшы, ойлайықшы, сабыр етші, жан құрбы,
Құм Нарынның гүлінде де жатқан жоқ па сыр ғажап.
Қаны болар тамшылаған Махамбеттей дарынның,
Қалай ғана таптамақпыз қызыл гүлін Нарынның.
Гүл үстінде мөлдірейді, дірілдейді тамшы шық,
Мені ойлаған сағынышты жасындай боп жарымның.
Жотрқан болар Исатай да қаһар ойнап жүзіне,
Тұнған болар жаңбыр суы тұлпарының ізіне.
Үмітіндей келер күннің тұр екен ғой жайқалып,
Содан бәлкім нәр алған-ды осы араның гүлі де.
Солай мәңгі өсе берсін, көктей берсін жайқалып,
Самалында сергідік қой, жүрші, құрбым, қайталық.
Туған жердің тарихымен сырлас екен гүлі де,
Гүл сұраса сүйген жарға осы сырды айталық.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу