Өлеңдер ✍️
ҒАЛЫМ ҚҰРДАСЫМ ҒҰБАЙДОЛЛАҒА
(Филология ғылымдарының оқымыстысы Ғұбайдолла Айдаровқа
арнаймын)
Бұлыңғыр бұлтты күніңнен –
Желсіз айлы түн артық.
Қарқылдаған қарғадан –
Сайраған бұлбұл үні артық.
Түсініксіз болса да,
Жас сәбидің тілі артық.
Қадірлейтін үлкенді
Ағаларға – іні артық.
Тұла бойы ақ қырау,
Қаһарлы қыстан – жаз артық.
Бір-біріне сыр айтқан
Құрбылардың назы артық.
Қорашыл жаман төбеттен –
Үрмесе де, тазы артық.
Қажетсіз заттың көбінен –
Қажетті заттың азы артық.
Тәрбиесіз жастардан –
Өнегелі шал артық.
Абыройсыз кәріден –
Нәресте, сәби бала артық.
Бақырауық қоспақтан –
Мыңқ етпейтін нар артық.
Ұзынқұлақ есектен –
Ат баласы – жабы артық.
Рәсуа дәулеттен –
Абырой мен ар артық.
Дертке шипа болатын
Ащы да болса, дәрі артық.
Кісіні ренжітуден –
Сыйласқанның бәрі артық.
Түзейтұғын мініңді
Әділ айтқан сын артық,
Өтірік сөзден – шын артық.
Ашық ауыз аңқаудан –
Ақылы бар сұм артық.
Берекесіз болған соң,
Байымайды ұры артып.
Әсер берсе әркімге,
Тыңдағанды құмартып;
Өзі өлсе де, өлмейтін
Ақындардың жыры артық.
Әмбеге бірдей әр уақыт
Ай мен Күннің нұры артық.
Екі аяқты, бір басты
Осы күнгі адамның
Біреуінен бірі артық.
Қайта айналып келу жоқ,
Өлген жаннан – тірі артық.
Сөйлей білсек жүйемен,
Тіршілікте тіл артық.
Орын таппай сөйлесек,
Аламыз бойға кір артып.
Қайырсыз сәнді үйлерден –
Даладағы моланың
Паналауға ығы артық.
Татымсыз тағам болмайды,
Көп нәрседен – тұз артық.
Ықылассыз сыйлықтан –
Жақсы лебіз жүз артық.
Саналы болса, ұл артық,
Сабырлы болса, қыз артық.
Соқпағынан жаманның –
Шарапатты жақсының
Басып кеткен ізі артық.
Қопалы қалың батпақтан –
Өткел берсе, мұз артық.
Даудың артын көбейтіп,
Алмаған жақсы ұзартып.
Алыс пенен жуықты,
Айыра білсе, көз артық.
Қолға түспес алтыннан –
Қолыңдағы жез артық.
Тозығы жеткен жібектен –
Жаңа болса, бөз артық.
Мың да болса, қорқақтан –
Бір батырдың өзі артық.
Бәрін айт та, бірін айт,
Жамандардың өзінен –
Жақсылардың сөзі артық.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter