Өлеңдер ✍️
Үйлесімі келмейді-ау...
Үйлесімі келмейді-ау,
Қозғамай сөзді әріден.
Тыңдағанға айтамын,
Заманның құлақ тәрінен.
Тағлым алмай, болмайды
Табиғаттың кәрінен.
Үстем болса ақылың,
Айрылар ашу-зәрінен.
Ақыл – адам азығы,
Кем емес қымбат дәріден.
Таластырма күшіңді
Жасы жеткен кәрімен.
Шамаң келсе, тату бол
Адамзаттың бәрімен.
Сәл нәрсеге алданып,
«Осыдан артық тірлікте
Кең не керек?!» демеңіз.
Дәреже, басқа бақ қонса,
«Ел не керек?!» демеңіз.
Сулы жерге кез болсаң,
«Көл не керек?!» демеңіз.
«Аяғыма оралғы,
Өміріңнің жалғасы –
Төл не керек?!» демеңіз.
Есіктен орын табылса,
«Төр не керек?!» демеңіз.
«Аспандаған көңілге
Жер не керек?!» демеңіз.
«Ел намысын қорғайтын,
Ер не керек?!» демеңіз.
Қалың халық – қауымың,
Бір тұрпатты денеміз.
Бір адамнан туғандай
Біріңді-бірің демеңіз.
Мүсәпір менен мүскінді
Есепке алып, елеңіз.
Еңкейіңдер ерінбей,
Болса да биік төбеңіз.
Орынсыз сырдаң сөзге еріп,
Бұзылмаңыз сабындай.
Азғана дәурен – тіршілік
Өте шығар сағымдай.
Біреумізге біреуміз
Қалармыз ертең табылмай.
Алмас қылыш тотығар
Шығармаса, қабында-ай.
Қас жүйрікті кім білер –
Бәйгеге түсіп, шабылмай?!
Нәтижелі іс шықпас –
Жанын қинап. сабылмай,
Бойыңда жігер болмаса,
Кіре алмайсың қалыңға-ай.
Қатардан да қаласың,
Есепке де алынбай.
Әуелден қиын күн көру –
Ақыл менен жігердің
Екеуіне жалынбай.
Адал жүріп, адал тұр,
Жалқаулыққа салынбай,
Жақсы болсаң – қалмайсың
Көп көзіне шалынбай.
Жаман болсаң – кеткенің
Қатарыңа танылмай.
Абайлап бас аяқты,
Қадамыңнан жаңылмай.
Ақыл тауып, арлы бол,
Құр босына сабылмай.
Жақсы болсаң – болғаның
Қараңғыда жағылған
Көшенің фонарь шамындай.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter