Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  99


Автор: Есенғали Бөкенбаев

Алдағыны білмейміз...

Алдағыны білмейміз,
Біздер үшін – қараңғы.
Кесе түсіп алдымнан,
Құртады менің шарамды.
Тіріде жөнге жүргізбей,
Ойландырған адамды.
Санаулы сағат азайған,
Басқан сайын қадамды.
Тәубе бар да, тағат жоқ,
Ұстаймын қорқып жағамды.
Тек кешірім сұраймын,
Жаратқанның өзінен,
Он сегіз мың ғаламды.
«Кәлимаға мүдіртпей,
Келтіргей, - деймін, - шамамды».
Мұсылман болсаң, ұмытпаң.
Жаратқан Ие панаңды.
Табыс еткен біздерге
Осындай қызық заманды.
Күнелтуге беріпті
Ақыл мен айла, амалды.
«Сөйлесін» деп, сөз беріп,
Көру үшін көз беріп,
Танытты арам-адалды.
Қысты күні қатайып,
Соқтырды жазда самалды.
Жеті қабат жер мен көк
Адамзат үшін жаралды.
Айналада Ай мен Күн
Нұрын шашып әлемге,
Жер-жаһанға таралды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу