Өлеңдер ✍️
МӘҢГІЛІК ЕМЕС БҰЛ АРА
Замана ортақ саған да,
Замана ортақ маған да.
Мейірім ғана жетпейді
Қоржыны толық адамға.
Екеуміз де қонақпыз
Жасауын жайған ғаламға.
Сыланып сырлы көктемдер,
Оралмай өтіп кеткендер;
Керуен күйлер күңіреніп,
Жыраулар жырын төккен жер.
Қарағай-үміт қаулатып,
Арыстар қолын байлатып;
Жіберген оны жендеттер
Итжеккен жаққа айдатып.
Біреулер өткен шаттанып,
Алтынмен, зермен апталып.
Мәңгілік маһшар төріне
Олар да кеткен аттанып.
Бөбегі жастай шетінеп,
Дерт еміп шерлі көкірек;
Ізіне ұрпақ жалғаспай,
Арт жағы қалған сетінеп.
Әжелер өткен балбармақ,
Алдағы күнді армандап.
Қосыла алмай ғашықтар,
Жүректе жара, қалған дақ.
Аналар өткен ардақты,
Дүлдүлдер өткен байрақты.
Тақты да өткен, бақты да,
Біреуі тірі қалмапты.
Дана да өткен ғұлама,
Бал-дәурен баста тұра ма?!
Біліп қой соны, қарағым,
Мәңгілік емес бұл ара.
Кедейлер өткен тоя алмай,
Дүлей де кеткен оралмай.
Бай мен би, бақсы, балгер де
Ұйқыға кеткен оянбай.
Сұлулар өткен сыланып,
Кірпігі нұрға шыланып.
Жақсыны жоқтап жылаймыз,
Нәресте келсе қуанып.
Батырлар жайлы аңыз бар,
Жеткізген бізге абыздар.
Өмірді мәңгі сақтаған
Анаға әркім қарыздар.
Алланың добы домалақ,
Ұстатпай кетер домалап.
Қағида, өшпес мұрағат –
Жақсыдан қалған ұлағат.
Ұлылар кеткен айдалып,
Түнекке күні айналып.
Әділеттікті көксеумен
Азуы тасқа қайралып.
Білімін көпке шаша алмай,
Түнектен көзін аша алмай;
Көрсоқыр тобыр, тоңмойын
Бастарын алған, шаш алмай.
Бабадан артқа із қалар,
Шешеннен өлмес сөз қалар.
Бәрімізге ортақ Жер-Ана
Құрсаққа бір күн бізді алар.
Ақ нұрын жерге төкті күн,
Күн нұрын көрмей кетті кім?!
Заманның кілті қолында,
Білімді жастар көп бүгін.
Оңнан күн, солдан ай туып,
Жастарым өссін талпынып.
Заманға заман жалғасын
Келеді бір көш артынып.
Сен бүгін тақта отырсың,
Төменді көрмес соқырсың.
Кіргізбесең де кеңсеңе,
Осы жазғанды оқырсың.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter