Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  87


Автор: Айсырға Қилыбаева

ЖАУАПТЫСЫҢ!

Өсірдім, ұлым, сені «өренім» деп,
Құндақтап, ақ бесікке бөледім көп.
Әлпештеп, аяладым күні-түні,
«Қызығын өскеннен соң көремін» деп.
Сен менің көңілімді ертегі еттің,
Аймалап, құшып-сүйіп, еркелеттім.
Өмірдің толқынында алға оздырар
Өзіңді арманыма желкен еттім.
Тәтті едің, сүп-сүйкімді сәби едің,
Көңілді шалқытатын әнім едің.
Мен сені «Бар байлығым басымдағы,
Жалғасар өмірімнің мәні» дедім.
Еміздім ақ сүтімді жасқа дейін,
Қаз тұрып, тәй-тәй аяқ басқан едің.
Азамат болып жүрсең елге керек,
Өзіңнен тілегім жоқ басқа менің!
«Анам» деп ардақтасаң, еңселімін,
Ер-жігіт болғаныңды көрсін елің.
Қартайып, әлсіресем, құлыным-ау,
Қайратым, сүйенішім – сенсің менің.
Сен жүрсең сүйіндіріп, қартаймаспын,
Қиналсам, биік жүріп, байқалмаспын.
Жоғары қаратпасаң, ұлым, мені
«Жеттім, - деп, - арманыма» айта алмаспын.
Азаяр қартайғанда қайрат-күшім,
Алға оздыр ғұмырымның жалғап көшін!
Арлы қыз, адал сүтті ана болдым,
Сен қалған өміріме жауаптысың!!!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу