Өлеңдер ✍️
АҢЫЗАҚ МҮЖІП...
Аңызақ мүжіп, жапанда қалған күркедей,
Ырым да-жырым көңілім – тозған көрпедей.
Түсінбей мені, ауыртып бекер кеттің-ау,
Өз пікірімді айтқаным үшін бүркемей.
Жалтырақ сөздің тигізер аз ғой пайдасы,
Айтылғандарды қайталап, іштей талдашы.
Көлгірси күліп, арқадан қаға салуға
Досыңның, кешір, жетпейтін әдіс-айласы.
Пікірлеріміз үйлеспей, қалдық үндеспей,
Жүректер салқын, мелшие қалды тілдеспей.
Шуақты күннің, достықтың қимас белгісі
Екеумізге енді оралып қайта келместей.
Жақсы тілекпен, тәтті үміттермен басталған
Достық пейілдер мүлгиді, сұр бұлт жастанған.
Жетім жүрегім егіліп тұрды, еңіреп,
Нәрестедей бір қорғансыз жолда тасталған.
Мінезім менің – даламдай ойпаң-қыратты,
Қыр дауылына нар қамыс қана шыдапты.
Ебелек ұшар, жантақ та қалар опырылып,
Құлатпас дауыл нар қамыс – асыл мұрат-ты...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter