Өлеңдер ✍️
ЖҰБАТПАҢДАР!
Жұбатпаңдар, жұбатпаңдар, ағайын!
Тазалансын, шаңын қағып, күңіренген шанағым.
Қалай ғана сыйғызармын жарылмай,
Өзегімде өтеніп тұр, кептеліп тұр нала мұң.
Жалаң ғұмыр!
Жалаңдаған қу ғұмыр!
Қыр соңымнан қалмай қойдың, сен құрғыр.
Қалай жүрем, қайда барам, япыр-ау?!
Алдым – үрей, жолым – тұман, бұлыңғыр.
Әрең жүрмін сүйретіліп,
Сүлдерімді тастамай.
Тұлдыр екем, тұлдыр екем, масқара-ай!
Төпей берме, діңкеледім, сәл сабыр,
Тас тағдырым, үркек керді жасқамай.
Жақсылыққа жаны құштар пенделердің бірі едім,
Көзге қораш көрінсем де, арманыммен ірі едім.
Басымды езіп, көзім шыққан қорлықтың
Зардабынан ауырсынып, қақ айрылды жүрегім.
Жұбатпаңдар, жұбатпаңдар, жұбатпаңдар, ағайын!
Бөгет болмаң, запыранымды бір төгілтіп алайын.
Ей, адамдар, жыламаңдар!
Қайғыға мен ең соңғы
Жол бермейтін бөгет болып қалайын.
Қуаныңдар!
Қасіреттің төгілмесін сортаңы,
Оның зәрі жақсы өнім мен жас өркенді қырқады.
Менен сарқыт сұрамаңдар, сыйғызайын бәрін де,
Кетсін бірге меніменен дүниенің кір-қағы.
Жұбатпаңдар, жұбатпаңдар, жұбатпаңдар, ағайын!
Қайғы бұлты сетінесін, нөсерлетіп жауайын.
Жаңбырлы әлем жасартады-ау даламды,
Бір үңіліп басқа көзбен қарайын.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter