Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  108


Автор: Айсырға Қилыбаева

ЖАСЫМДЫ СҮРТІП…

Жасымды сүртіп жұбатшы мені, жақсы адам,
Сыйлашы бір гүл бал ара қонған бақшадан.
Өмір бойы жинаған барлық қазынам –
Зілмауыр тастар сандықта ешкім ашпаған.
Тас-сандықты шығара алмай күркемнен,
Әлсіздік жеңіп, айрылдым жігер-еркімнен.
Аша алмай қойдым қақпағын, басым босамай,
Тағдырдың қатты тырнағы бүріп желкемнен.
Ұрғандарды қуалап мені таспенен
Ақылды тыңдап, «Тоқтатам, - деппін, - аспенен».
Тастарды жинап, асылды сыйлап басқаға,
Белестен өтіп, теңізді кешіп, аш келем.
Зілмауыр тастар...
Көтеріп келем құламай,
Дауыл да мені теңселтті алай-бұлағай.
Құласам, бірақ қайтадан тұра алмаспын,
Ей, жақсы адам, сондықтан маған бол абай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу