Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  198


Автор: Айсырға Қилыбаева

ШАҢЫРАҚТЫ ҮЙДЕ ӨСІП ЕМ

Көкжиек болып көсілем,
Ақ самал болып есілем.
Көгінде жұлдыз самсаған
Шаңырақты үйде өсіп ем.
Бақыттың барша құстары
Көктемде әнге салатын.
Төбеге шығып әкеміз,
Қоштасып күзде қалатын.
Анамыз ұршық иіріп,
Текемет, киіз басатын.
«Қонақ қой үйдің құты» деп,
Толтырып қазан асатын.
Таңертең тұрып, әкемнің
Әкелуші едім торы атын.
«Атқұмар бала екен» деп,
Үлкендер мақтап қоятын.
Балалық күнге өкпе жоқ,
Белгісіз болып өткен жоқ.
Алыстап кетті аралдай
Баратын қайта өткел жоқ.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу