Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  152


Автор: Айсырға Қилыбаева

ҚОЙ БАСҚАРҒАН ҚАСҚЫРЛАР

Қауымдықта шаншылған әр құлпытас –
Бабалардың қайыспас тұлғасындай.
Мұнда жатыр ерлік пен ерендіктің
Ғұмырлары, ұзарған мың ғасырдай.
Өрлік, ерлік бойына жинап алып,
Талай ғасыр куәсі сырға қанық.
Желге тосып маңдайын, күнге қақтап,
Аспан сүйеп тұрғандай нұрға малып.
Аты әлемге тараған тектіліктен,
Ұрпақ едік тараған Көк түріктен.
Ұйқылы-ояу біз жүрміз әрі-сәрі,
Арыла алмай мимырт ой, көп күдіктен.
Бізде бүгін түрліше ағымдар бар,
Күлді-көмеш тірлік те, жалын да бар.
Тереңдік пен берендік қанында бар
Үнділерде мынадай қағида бар:
«Бір отарға қасқырдан басшы қойса,
Қой қасқырға айналып кетеді екен.
Қой басқарса үйірін қасқырлардың,
Қасқыр байғұс қой болып кетеді екен».
Күндер кешіп келеміз өрісі кең,
Жарқырайды шын алтын көп ішінен.
Көк аттыға жақпайды ит үрісінен
Байға малай жағады жүрісімен.
Заман жалын тарайды күнге қарап,
Жесір жасын төгеді жерге қарап.
Елін жауға бермеген, жерін дауға
Қонай батыр, ер Төлеп, Асау, Барақ.
Үлкендердің тілегі түгенделді,
Кішілердің мүддесі көгенделді.
Орындығы биіктің көздеріне
Құрт-құмырсқа көрінер төмендегі.
Қайнап-қайнап зығырдан, буға айналды,
Асқақ арман адасып, мұңға айналды.
«Түлкі боғы – түсіміз» шынға айналды,
Тамылжыған тәтті әуен шуға айналды.
Хандарымыз жалданып, құлға айналды...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу