Өлеңдер ✍️

  01.08.2022
  119


Автор: Айсырға Қилыбаева

АЛМАТЫ. ЖЕЛТОҚСАН. 1986 ЖЫЛ.

У құйылып, күйіп жатқан өзегі,
Алматыны үсік шалған кез еді.
Барып қалдым суығында ақпанның,
Жолсапардың келгенде бір кезегі.
...Қызметі, әжептәуір күйі бар,
Бір таныстың орталықта үйі бар.
Бұрынғыдай қарсы алмады жарқылдап,
Жүздерінде кіреуке бар... дүдәмал.
Ашық Күлән болып алған бұйығы,
Хамит салқын, салбырайды иығы.
Ас мәзірі дастарханға келгенде,
Мұз қабағы әрең-әрең жылыды.
Жүз грамды Хамит алып тастады,
Ашылғандай бұлт сөгіліп аспаны.
Менің төте сауалдарым бойынша
«Желтоқсанның хикаясын» бастады:
- Біздің жастар масқаралық жасады,
Күндіз күлкі, түнде ұйқы қашады.
Үш күн бойы бүлік салды алаңда,
Әрең басты Орталықтың жасағы.
Арақ ішіп, шегіп алған анаша,
Бұзақыға кім болады араша?!
Орыстарға жету қайда оларға,
Бойлары да, ойлары да аласа.
Аш қасқырдай қанталаған көздері,
Темір тоқпақ төнетінін сезбеді.
Төбеттерге айбат шеккен күшіктей
Әлін білмей, опат болды өздері.
Бір болған соң қазақ деген атымыз,
Солар үшін біз де күйіп жатырмыз.
Надандықтан, бодандықтан құтқарған
Орыстарда кетті қандай хақымыз?
Үлгі алып, кемелдендік орыстан,
Ортақ мүдде, тағдырымыз тоғысқан.
Салт-дәстүрін, «ұлы» тілін меңгеріп,
Үш жүз жылдай болып кеттік туысқан.
Сол жастардың көбі – ауылдан келгендер,
Түйе бағып, қой соңына ергендер.
«Дай, хлебке» келе алмайтын тілдері
Бола алмайды ел билейтін кемеңгер.
Орыс дейтін – рухы зор халық қой,
Бізден алғыр, ұлылығы анық қой.
Достығымыз жасай берсін мәңгілік,
Ал сол үшін елу грамм алып қой! -
Деп басылды Хамит құрдас екпіндеп,
Мазам болмай, отырдым мен кеткім кеп.
Шыдай алмай, сөзін кесіп тастадым:
- Ұлт намысын аяқ асты еттің, - деп.
...Алматыда бар тағы бір құрдасым,
Бір кездегі қызметтес жолдасым...
Сағираға қонақ болдым кешкісін,
- Звандама, үйге кел, - деп тұрғасын.
Өсіріпті әп-әсем қып екі ұлын,
Әкелерін көре алмай отырмын.
Сұрап едім, көзін қысты Сағира,
Деді де:
- Әлі оқып жатыр оқуын.
Бір жұмбақты балалардан жасырып,
Түр байқатты отырғандай ашынып.
Ұнатпады «Желтоқсан» деп қалып ем,
Мен де үнсіз қалдым сосын басылып.
Балаларды ұйықтатты да, телефонды айырып,
Күрсінді ол әлденеге қамығып.
«Желтоқсанның «сұмдықтарын» жыр етті,
Жанарынан жас төгілді ағылып.
- Менің жарым – нағыз Сібір қазағы,
Қазақша емес, орысша оқып, жазады.
Бірақ... Бірақ Желтоқсанда қазақ боп
Кеткені үшін болып жатыр жазалы.
Отыр қазір қапаланып, қорланып,
Өткен күндер қателігін ойға алып
Дейді:
- Не үшін Отан қорғау жылдары
Жауды жеңіп, Жеңіс күнін тойладық?!
Жат жерліктер соғыс ашты жау болып,
Сырттан келіп, аямауы – заңдылық.
Дәм-тұзы ортақ, ауасы бір жұтатын
Ағайынды қолпаштадық хан қылып.
Намыс үшін оққа тіккен бастарын,
Желтоқсанда қыршын қазақ жастарын
Фашистен де асып түскен жауыздық
Көзім көрді қанын судай шашқанын.
Қи-тезектей қыз, жігіттер күреліп,
Жатты темір машинаға тиеліп.
Қаскелеңге тартты он бес машина,
Тас алаңға «тастар» жасап иелік.
Бұйрық келді. Тас бөгетке тоқтадық.
Солдаттар тұр қарулары оқталып.
Алыс-жұлыс болып кетті әп-сәтте,
Қар бетіне жатты қызыл шоқ тамып.
Көз ұшында тұнжырайды Алматы,
Қарулының көбі – орыс солдаты.
Аяз сорып, қалтыраған қыздарға:
- Шешін, - дейді,- шешін, қане, салдақы!
Аппақ дене ақ күмістей аршылып,
Қар үстінде қар сияқты талшыбық;
Қара шашы тарқатыла төгіліп,
Жанұшыра жасап жатты қарсылық.
Екі солдат кетті оған жабылып,
Сүйреп барад шашын екі айырып.
Лақтырып жібергенде бетонға,
Ми шашылып, басы жатты жарылып.
Соны көріп, есім шығып кетті де,
Солдаттарды өзім алдым тепкіге.
Не болғанын ары қарай білмеймін,
Торға салған мені, «Сатқын» депті де.
Орыс болды бала кезден достарым,
Орысша оқып, орысша тіл ұштадым.
Алмағайып күн туғанда басыма,
Ұқтым кім дос, кім екенін дұшпаным.
Бір-ақ күнде кетті дүние айналып,
Өз қаныма тілім шықты қайралып.
Мен бір кезде «Сережа» боп аталғам,
Қазақ болып жүргеніме арланып.
Қаны таза мен – қазақтың ұлымын,
Қазақ болып жасайды енді ғұмырым.
«Барам, - деген, - қазақша үлкен оқуға»,
Бауырына басып екі құлынын.
Үйден солай кеткен еді қоштасып,
Жанарымды талдырады шық басып.
Жарақаты жазылмаған күйінде,
Бүгін бес күн екі айдан да кетті асып.
Милиция капитаны атағы,
Абақтыда әлі қанша жатады.
«Милицияға жау көп, - дейді, - түрмеде»,
Тас түнекте таңы қалай атады?!
Деп, Сағира жылай берді егіліп,
Ішін жегі құрт жатқандай кеміріп.
Желтоқсанда қатып қалған мұз еріп,
Жатырғандай тамшы болып төгіліп.
Сол қатқан мұз әлі еріп біткен жоқ,
Сондықтан да тамшы құрғап кеткен жоқ.
Тебілсе де, шашылса да бұл қазақ,
Әлі ешкімнің өзегіне тепкен жоқ.
Құлагердей небір жүйрік, жалқыны
Жұлып кетті Желтоқсанның салқыны.
Жасалады қоғамда бар құбылыс
Құрбандықтар төңкерісі арқылы.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу