26.07.2022
  191


Автор: Сақып Керелбаев

ҮШ АТАҒА АС БЕРІЛЕДІ

 


Өткен өмірімізде біздің атақонысымызға айналған қасиетті Маңғыстаудың жері мен елін найзасының ұшы, білегінің күшімен қорғаған, көсемдік пен шешендіктің үлгісіндей сөз сайысында қатарына дес бермеген адайдың айтулы тарихи тұлғалары – Назарұлы Шотан, Тәжіұлы Досан батырлар мен Тілеуұлы Абыл ақынның рухына арналып 1998 жылы 15-16 мамыр күндері Маңғыстау ауданының қасиетті Қаратөбе жерінде ас беріледі.


Бұл асты бүкіл Жары атамыздың ұрпақтары бірігіп өткізуге сөз байласып, ұйымдастыру  алқасын  құрды.  Осы  мақсатта  бұрыннан  арнаулы  ашылған


«Досан» қорын пайдалану жөнінде ұйғарым жасалды. Біз неліктен «Асты Қаратөбе жерінде өткіземіз» деп шештік? Маңғыстауда қырдағы қауымның ұлысы – «Сисем Ата» болса, содан кейінгі және ойдағы қауымдардың ең көрнектілерінің бірі – Қаратөбеде. Бұл жерде 1910 жылғы «Жұт итте» Бозашының ашыққан еліне ұндай астық таратылып, жығылып жатқан әлсіз адамдарға көже пісіріліп, таратылған. 1918 жылы В.Лениннің тапсырмасымен Астраханьнан Маңғыстауға кемемен келген Әліби Жангелдиннің экспедициялық әскер тобы Ақтөбе майданына аттанар алдында осы төбенің басында қалың ел жиналған. Сонда Адай төңкеріс комитеті құрылып, төрағалығына атақты Тобанияз Әлниязұлы сайланған. Абыл мен Досанның зираттары осы жерде, ал «Шотан да Қаратөбеде жерленген» деген дерек бар. Бұлардан басқа Маңғыстауға белгілі ірі тұлғалардың бірқатары да мәңгілік мекендерін осы төбенің басынан тапқан сыңайлы. Ол жөніндегі әңгіме алдымыздағы уақыттың еншісінде. Аталып отырған үш Атаға Өзеннің ақ мәрмәр тасынан ескерткіштер салынғанын көпшілік біледі.


Қазіргі нарықтың қысып тұрған шағында алыс пен жақыннан қоныс аударып келгендер мен бұл аталарды жете білмейтін ағайындар үшін аталған тұлғалардың кезінде халқына еткен қалтқысыз қызметі жөнінде қысқаша мәлімет бере кеткеннің артығы болмас деп ойлаймын.


Жарының Назары Шотан батыр 1705 жылы туылып, 1786 жылы дүниеден өткен. Ол 18 жасында жоңғарлармен болған жойқын қырғын «Ақтабан шұбырынды-Алқакөл сұламада» Адайдың атақты батырлары Қосай Атақозы, Есенғұлдың Есекмергенімен бірге елін жауына алдыртпай және бытыратпай, Сауранды айналып, Сырдың бойымен бүкіл Адай тайпасын батысқа көшірген. Соңынан Есекмерген жол көрсетіп, Қаратоқай Беріш Есболаймен бірігіп, Өрмелі асуы арқылы Маңғыстаудың қасиетті Қараойына әкеліп қоныстандырған. Бұл жөнінде ақын жерлесіміз Балтабастың Түмені былай деп жырлаған:


Атамыз алпыс үйден аз келіпті, Ішінде Ақпан деген таз келіпті. Есболай ере көшкен екі үй екен,


Қалғаны қар кеткен соң, жаз келіпті...


 


Сонымен, шоқтығы биік тұлға Шотан Назарұлы – елінің қамы мен намысы үшін жүз толғанып, мың ойланып, халқының азаттығы мен амандығы үшін өмір бойы ата жауымен арпалысып-алысып өткен жүрек жұтқан батыр, Қалдан Церен мен Шона Доба бастаған шапқыншы жоңғарларға қарсы бүкіл қазақ халқы жан алысып, жан беріскен қанды шайқастарда Алаш қолын бастаған қолбасы, сан рет жекпе-жекте қарсылас дұшпанын жер жастандырған ер. Оның халқының алдындағы беделінің соншама жоғары болғандығының айғағы – Маңғыстаудың үш түбегіне адай руларын ыңғайымен орналастыруы. Көптеген ресейлік дерек көздеріндегі 40 жыл бойындағы мәліметтерде Назар мен баласы Шотан батырдың аттарын көрсетуі бекер еместігін көрсетсе керек- ті.


Абыл Тілеуұлы – Жарының Тоқтамыс тақтасынан, 1777 жылы өмірге келіп, 87 жасында, 1864 жылы дүниеден өткен. Негізгі қонысы – Тиген- Қаратөбе маңында. Ол заманның алмағайып кезеңінде, қазақ пен қалмақтың жаугершілік шапқыншылықтарының соңын ала, Хиуа ханы мен бектерінің құтырып тұрған тұсында, адай мен түрікпеннің арасы шиеленісіп тұрған кезде өмір сүрген. Ақберен ақын Абыл атамыз адайлардың бас ақыны ретінде өзінен кейінгі Ақтан, Нұрым, Қашаған, Аралбай, Сәттіғұл және т.б. ақын-жырауларға ұстаз болған. Түрікпеннің әйгілі шайыры Мақтымқұлы «Сөзге түсіп, соңыңнан ілесетін кім бар?!» - дегенде: «Тек екі-ақ адам бар, - депті. – Олар: Адайда – Абыл, Кердеріде – Әбубәкір».


Абыл Исатай-Махамбетпен сырлас-сыйлас болған, көтеріліс кезінде жырымен дем беріп, Баймағанбет пен Қайыпқали сияқты озбыр сұлтандардың қылығын барынша сынап, әшкерелеп отырған. Ол өзімен тұстас өмір сүрген танымал тұлғалардың көбіне жыр арнап, сөз шығарған. Өзінің Құлбарақ батырға арнауында:


Құлбарақ туып еді Табылдыдан,


Жау көрсе, жаман қашар жабындыдан. Барды да, батыр жауда қапыда өлді,


Тиді де ажал оғы қағындыдан, - деп жырласа, Сүйінқара батырдың қазасына:


Сүйекем сапар шекті сексен бесте,


«Сисемде» қалды ұйықтап Аютөсте.


«Қорлыққа көнбен» деген бір пенде еді, Алланың о да көнді салған іске, - деп жоқтаған.


Ақынның өлеңдері мен арнаулары, айтыстары ойлы мысалдарға толы, ақыл-нақыл, насихат, әзіл, сықақ түрінде болып келеді. Оның мұсылмандық сауаты жоғары болған. Бұған араб әліпбиіне арнаған толғауы толық куә бола алады. Онда:


Әріпте жиырма тоғыз келеді «Әліп», Атасы Әзірет-Әлі Әбу Тәліп.


Жан беріп, күнәкәрді тірілтіп ап, Тарттырар көр азабын отқа салып.


 


Әріпте жиырма тоғыз келеді «Би»,


 


Көреді иманды құл Алладан сый. Қылығы бұ дүниеде жаққандардың,


Сайланар сегіз жұмақ ішінен үй... – деп толғайды.


Осылайша қашан 29 әріп таусылғанша жалғасып кете береді.


Мұрын жыраудың өзі 1942 жылы Алматыда алты ай жатып, «Қырымның қырық батырын» жаздырғанда: «Мен бұл жырларды әуелде Сыпыра жырау, одан Абыл, кейіннен Нұрым, Ақтан, Қашағандардан жалғастырып үйрендім», - деген екен. Абыл туралы деректер Қазақстан Ғылым Академиясы Орталық ғылыми кітапханасының қолжазбалар қорында молынан жинақталған және соңғы кезде шығып жатқан кітаптарда да көптеп кездеседі. Өз кезеңінің әділетсіздігіне мойынсұнбаған ақын өткір өлеңдерімен жағымсыз кейіпкерлерін аяусыз мінейді. Озбырлық пен үстемдікке лағнет айтады. Болашақ ұрпағын елжандылыққа, ауызбірлікке шақырады, атакүлдігімізді ардақтауға үндейді. Ал айтыс өнеріндегі ақтаңгерлігі – өз алдына бір төбе. Бір сөзбен айтқанда, Абыл – адай ақындарының баршасының ұстазы және орақ тілді ұстасы.


Атақты Досан Тәжіұлы атамыз – халық батыры, патша үкіметінің отарлау саясатына байланысты әділетсіздік пен теңсіздікке қарсы шыққан 1870-73 жылдардағы Маңғыстау шаруалары көтерілісінің тікелей басшысы және ұйымдастырушыларының бірі. Досан батыр – 1829 жылы туылып, 1876 жылы қайтыс болған, Жарының Дәулеталы тақтасынан шыққан танымал тұлға. Көтерілістің бастауында Досан батыр сарбаздары патша үкіметінің «Уақытша Ережесіне» қарсылық білдіріп, ауа көшкен. Адай ауылдарын қайтаруға шыққан подполковник Рукин басқарған жазалаушы әскер тобын толық құрамында жойып жіберген. Содан кейін ереуілшілер Форт-Александровск қамалын бірнеше күн қамап, шабуыл жасаған. Алайда, зеңбірек добы мен мылтық оғына ешнәрсе істей алмай, кейін шегінген. Досанның жауынгер серіктері үш жылдай артына түскен патша әскерлеріне алдырмай, далалық ыңғайда партизандық әдіспен күресіп, Хиуа жеріне өтіп кеткен. 1873 жылы Хиуа ханы патша үкіметінің алдында тізе бүккеннен кейін, барар жері, басар тауы қалмаған Досан жасағы Маңғыстаудың Үстіртіне амалсыздан қайтып келген. Көп ұзамай жазалаушы әскерлердің қолына түскен Досан батыр абақты азабын әбден тартып, қайтыс болған. Халық ақыны Сәттіғұл Жанғабылов оның ерлігіне арнап үлкен дастан шығарған. Халқының азаттығы мен еркіндігі жолында жанын пида еткен Досан Тәжіұлының есімі ұрпақтар жадында мәңгі сақталмақ.


Осындай өмірлері өнеге боларлық үш арысымызға үлкен ас берілуі – біздің жаңа тарихымыздың жарқын беттерінің бірі болып қалатындығы, жас ұрпақ жадында ұзақ жылдар бойы сақталатындығы күмәнсіз. Қазақы қанымызға сіңіскен, дәстүріміз бен салтымызға айналған бұл шараның заманның қиындықтары қабындаған тұста өткізілуі – ерен елдігіміздің, берік бірлігіміздің, ынтымағымыздың, ырыстылығымыздың дәлелі. Бұл астың басты ерекшелігінің бірі: өткізілетін шараларға жұмсалатын шығын тегістей аталған Аталар ұрпақтары мен олардың жанашыр-тілеулестерінің есебінен екендігі. Екіншіден, астан артылған ақша-қаражат, азық-түліктердің басым бөлігі қайырымдылық ретінде тұрмыс күйі төмен, мүжәлсіз, жетім-жесір ағайындарға


 


үлестіріледі. Мұндағы мақсатымыз – елдік пен адамгершіліктің, имандылықтың үлгісін салу.


«Үш Ата асына облыс әкімі Н.Баев, облыстық мәслихат хатшысы Б.Шелпеков бастаған облыстық мемлекеттік ұйымдар мен ірі кәсіпорын басшылары, барлық аудан, қала әкімдері бастаған делегациялар, зиялы қауым өкілдері қатынасып, аталған аталар туралы ғылыми-практикалық конференция өткізіледі, онда Маңғыстау ауданының әкімі Қыдырбақыт Сейілханұлы ініміз баяндама жасайды, Аталар ұрпақтары да сөз сөйлейді» деп ұйғарым жасап, тиісті келісімдерін алдық.


«Асқа 100 шамалы үй тігіледі» деп жоспарлануда. 15 мамыр күні ертеде болып, қазір ұмытылып кеткен «Ошақ бәйге» жарысы 15 шақырымға жіберіледі. Болашақта бұл үрдіс ел ішінде кеңінен тарар деген ойдамыз. Кешкісін жан-жақтан келген ақындардың мүшәйрасы, ескілікті жыр-терме, ән айту, күй сайысы тәрізді Абыл ақын атындағы мерекелік шаралар өткізіледі. Астың қонақтарына сыбағалары мен тиісті қонақасы беріледі.


Ал 16 мамыр күнгі астың бағдарламасы мынадай:


08.00. - Аталар әруағына арнап құран оқу.


08.30. - Ас беру салтанатының ашылуы.


09.20. - Аталар өмірін бейнелейтін театрландырылған көріністер.


10.00. - Шотан батыр рухына арналған жүлделер үшін 30 шақырымдық аламан бәйге және 5 шақырымдық жорға жарысы.


11.30. - Досан батыр рухына арналған жүлделер үшін балуандар сайысы. 12.30.-14.30. - Үш Атаның рухына арнап ас беру.


Асқа келемін деген кез-келген адамды құшақ жайып қарсы аламыз. Оған барушыларды апарып келетін автобустар мен автокөліктердің жүрісі жөнінде қосымша хабарланады. Бәйгеге автокөлік, мотоцикл, телевизор, тоңазытқыш, кілем, мал тігіледі. Шотан, Абыл, Досан аталарды дәріптеген, оларға арналған ескерткіштер мен сурет, мүсіндерді дүниеге келтірген, ән мен күй арнаған өнерпаздарға, сөз шығарған ақындарға әртүрлі тартулар мен сыйлықтар болатындығын да көпшіліктің қаперіне береміз.


Жиынға адам көп келеді деп күтілуде. Демек аталар рухын риза ету үшін бұл шараны өткізуге олардың ұрпақтарының ұлдары мен қыздары тегіс атсалысқанын қалаймыз және осы хабарландыруды асқа шақыру деп түсінуін сұраймыз. «Көп жиналса – көл» деген, кім екендігімізді көрсетер кезіміз келді.


Асқа қатыс. Үлесіңді қос. Бірігейік, ағайын!


Ұйымдастыру алқасы атынан Сақып КЕРЕЛБАЕВ.


 




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу