Өлеңдер ✍️
КЕК
I
Өтті көктем, жазда өтті, келді күз,
Сары жапырақ секілденіп солды жүз.
Азапты алты ай алпыс жылға барабар,
Жегі құрттай жүрегінде жара бар.
Ісіп-кеуіп Досжан жатыр байланып,
Көкірегін ыза менен қайғы алып.
Намыс дерті өртке айналып, асқынған,
Тасқа соғып тәнжіп қалған тасқыннан.
Өгей толқын өлекседей қақпалап,
Әдіре қалған бір кездегі бақ, талап.
Жатыр Досжан есеңгіреп, қалғыған,
Өткен күндер көшіп көздің алдынан.
Құм Нарынның топырағында шыр еткем,
Халқым, сенің әздігіңді жыр еткем.
Адам, сені алаламай сүйіп ем,
Тумысымнан біткен аппақ жүрекпен.
Тал бойымнан табылатын бір "мінім"
Түлкі болып жүре алмадым сыр бүгіп.
Көлеңке боп көше алмадым көлгірсіп,
Бірді мақтап, бірді даттап дүрлігіп.
Озған емен мен өзгеден біліммен,
Тайталаста топты жардым тіліммен.
Хан да болса қаймықпаған қасқа едім,
Сол мінезбен мақтауға да, даттауға да ілінген.
Отты жырды серік еткен жан едім,
Ойын-тойдың еркесі едім, сәні едім,
Кер келер деп ойламадым адамнан,
Бұл күндері келді аспаннан әлегім.
Жауырыным түскір осынау жерге тимеген,
Нар-палуанды да саз балшықтай илегем.
Күш пен әнді қанат еткен адам ем,
Қалай түстім дәл осындай күйге мен?
Қалай түстім дәл осындай күйге мен?
Әмір, сенің кей ісіңнен жиренем.
Ақиқат деп еміренген жүректі,
Көр-тамұққа салындыдай сүйреген.
Рас, ия, мен байлықтан кенде едім,
Тасқа біткен карағайдай пенде едім.
Өзімше ақтым, өгіздейін өкірген,
Мен өзгенің толқынына көнбедім.
Қара ниет толқындарға көнбедім,
Мен өзімше аққанымды жөн дедім.
Қас замана қара селін қаптатты,
Жылтыраған шырақтайын сөнбедім.
Өзгеше емес, мен өзімше шалқыдым,
Қанша жанды нұрландырды жарқылым?
Қанша көңіл бақшасына гүл екті?
Қанша ердің қыран ойын түлетті?
Айлар көшті. Санаменен сарғайдым,
Сұм тағдырды, қу тағдырды қарғаймын.
Бір кездесер кезің болса, Ерәлі,
Әттең, дүние, мен оралып бармаймын.
Жоқ, жоқ, ел мен туған дала, оралам,
Кәрлі қыста ақ бораны бораған.
Ақ күртікті адыр-адыр төбелер
Мойынына ақ жағадай ораған.
Осы күндер біздің күрке қайда екен?
Қайран анам бар ма, нендей жәйда екен?
Нұрғалиым көл қылды ма көз жасын,
Ләтипаның бір соқпауы жай ма екен?
Сұм Ерәлі жүр ме әлі түн қатып?
Шабарманға жол торытып, тыңдатып?
Жауыз ойдың келемеші болды ма,
Қайран менің Ләтипадай қымбатым?
Жақсы кезгі бір серігім — қанатым,
Су жорға еді-ау шабыт қанаттанатын,
Қай дұшпанның тақымында жүр екен,
Жалт-жұлт етіп, ойнақ салып сары атым?
Тағдыр саған, өмір саған, не дейін?!
Асқақтаттың кара ниет мерейін.
Жан-жағымда анталаған сұр жебе,
Қай ісіңе, қай жаныңа сенейін?!
II
... Ол кез еді-ау жадыраған жаз болып,
Көлдеулерден аққу ұшып, қаз қонып.
Ағатайдың Аққызының тойы еді,
Жиек елі дүбірлеген мәз болып.
Жыршы, күйші, енші алдырған қиырдан,
Мерген біткен, палуан біткен жиылған.
Бағын сынап, айтыс қызып, ат қосып,
Шулаған жұрт өлі аруаққа сиынған.
Шешен, сыншы, батыр, даңғой, мықты боп,
Бәрі келген, мешкей жатыр күпті боп.
Оза шапқан өнерліні көре алмай,
Шерменде жүр қызарақтап қызғанышқа жүкті боп.
Үсті-басы қызыл-жасыл, сарыала,
Шенділер бар мұнар көзбен қараған.
Болыс, би жүр жандарында жалтақтап,
Әлгілердің ақ табанын жалаған.
Кей үйлерде болыс, мырза, бай мақтап,
Ақиқатқа қарай алмай, тайғақтап.
Ақын да бар дүние тілеп зарлаған,
Байы мақтап, бұқарасы қарғаған.
ЖАПАЛ:
Бөкей мен Жәңгір аржағым,
Алтыннан сарай салдырып,
Алтын балдақ ақ алмас,
Ақ жүзін қанға малдырып,
Асқақтап даңқы әлемге,
Алшаңдап өткен ардағым.
Исатай сынды асқақты
Арыстандай қармаған,
Айдаһардай жалмаған.
Ерәлідей ерім бар,
Алпыс батыр жинаған.
Байлығымды сұрасаң,
Нарынға малым сыймаған.
Қара сирақ, кезбе ақын,
Маған неңді айтасың,
Ел көшкенде жүгінді,
Арқалап жанын қинаған...
Жарқанаттай жасырынған ордаға,
Жапал ақын намысымды қорлаған.
Сыбап өткем селіменен өлеңнің,
Өн бойымды ыза бұлты торлаған:
– Қарай алмас қас шындыққа – жарық күнге,
Ғарыппін де.
Жарға қонып жарбиған,
Жапалақ сынды Жапал-ау,
Бар ма еді күнің көрмеген?
Исатайдай асылдың
Бақыты қайтқан өрлеген?
Дәурені барда басында
Хан, сұлтанды қалтыратқан,
Қан жылатып, қансыратқан.
Қара түнді қақыратып,
Жайша ойнап өткен ерінен,
Ақылдың айдын көлінен,
Айрылып жұртым шөлдеген.
Болыс, биді бөлтіріктей бездірген,
Ұлығыңды ұлытып,
Исатай мен Махамбет
Жатқан жоқ па ел жүрегін жылытып?!
Әлі-ақ ертең бас көтерер бір арман,
Мың тілектен құралған.
Бүгін мені сұм заман
Жеті қабат жер астына жіберсе де сіңіріп,
Сол кезде мен
Жалын ата, көктеп шықпай тұра алман.
Алпыс адам ұры ұстаған,
Қанды көзі құрыстаған,
Ел билеген Ерәлі ма? —
Ер атынан садаға.
Жазықсыздың жүрегін жеп,
Қан ұрттаған қарақшы – ол,
Байлап атар қадаға...
– Тоқтат!
– Ұста!
– Отыр мынау бүлікші кімді қорлап?
Деген үндер үй ішін кетті торлап.
Сол жиыннан сытылып шыға бердім,
Дойыр менен сойылдан басты қорғап.
Баба жырау: – Бүлінер тойыңыз, – деп,
Тоқтау айтты, - Халайық, қойыңыз, – деп.
– Бұл өңірде Досжанның да аты бар,
Ер көңілді, палуан сүйек – заты бар.
Кектескенді қиып түсер наркескен,
Өштескенге нажағайдай шатынар.
Көңілінде ән, күйі бар қанатты,
Бал сөзімен жұртты аузына қаратты.
Сөзіменен жығар болса несі айып?
Жырдан өткір деп пе едіңдер
Тасқа шапқыр топас қару-жарақты?!
Даңғаза топ әйгілеп бишара атын,
Ұға алмады жыраудың ишаратын.
Ерәлі паң дүйім елді билеген,
Асқақты да, жасқақты да илеген.
Имек тұмсық, шоқша сақал қалтырап,
Өңі түтеп, шегір көзі шатынап,
Дүние жанды көз алдында өрт болып,
Бір жазылып, бір жиырылып атырап.
Жын ұрғандай қалшылдайды Ерәлі,
Қаһарынан қарлы құйын соғады.
– Асқан екен алшысынан салайын,
Деп бекінді, - жүрсе есірік боп әлі! —
— Асқан екен, алшысынан салайын,
Әкең болған есіктегі малайым.
Сорлы қарға бүркітпенен ойнаған,
Құтылып көр, қанды қақпан салайын!
III
Адай елі, дос болып ем сенімен,
Бес жыл бойы безіп кетіп келіп ем.
Туған жерді жүре алмадым көре алмай,
Есентемір елім бар деп сеніп ем.
Жайланып ас іше алмадым қоныста,
Ей, азамат, қайсың барсың болысқан?!
Сенген елім «сен бір жүрген бүлік» деп,
Бұлтартпастан буып берді болысқа.
Бұлтартпастай, буғандайын нетіп ем?
Сілтідейін тұнғандайын шетінен?
Жүрегіме қанды тырнақ салғасын
Ашынғаннан Адай өтіп кетіп ем.
Сұм жалғаннан мен бір жанды сүйіппін,
Қарақат көз лағындай киіктің.
Қанды көзін жері бар ма салмаған,
Бұл заманда күшті менен биіктің?!
Құлаш ұрдым арманыма жетпекке,
Қара күшті бір қаусатъш өтпекке.
Ал Ерәлі айдап берді бар малын,
Сүйгенімді оныншы отау етпекке.
Ой, дариға-ай, арманыма жеткенмін,
Қара күшті құм құштырып кеткенмін.
Қорқау қасқыр қоя алмапты ашуын,
Кектендіріп, келемеж қып кеткен күн.
Даттау менен іздеу салып шартарап,
Көзімізді құрту болып бар талап.
Бізді көрсе жемтіктейін жұтуға,
Бар пәлені жүрген екен арқалап.
Кім бар тыңдар, қалай өтем талқандап?
Жалған кінә қарып бітті арқамды-ақ .
Өткен күзгі Ойылдағы елімді,
Мойыныма байлай сапты арқандап.
Сұм Ерәлі алпыс кісі ұры ұстап,
Жазы-қысы түн бойына жылыстап,
Қашық елден қақыратып қайтатын,
Жазықсыздың қаны қатып қылышта.
... Бай, саудагер жиналысып қиырдан,
Қарақамыс базарына жиылған.
Ерәлінің бөрілері кезіпті,
Бұл аймақтан не болар деп бұйырған.
Жәрмеңкеде "Сары күпес" атанған,
Сергей деген мың бес жүздей ат алған.
Орынборға осы малды айдауға,
Он бес ұры жалданыпты қатардан.
Өзгелері аш қасқырдай қамалап,
Жылқы айдаған жолды жүрген сағалап.
Жетпіс атты қуып ала жөңкіген,
Екінші күн қара түнді паналап.
Айсыз түнде алдынан мал бермеске,
Жалшы байғұс жанын сала белдескен.
Осы түнде опат бопты төртеуі,
Жауларының беті ажарын көрместен.
Ертесіне сары ала таң атқанда,
Отыз адам қару қамдап, ат қамдап,
Бекетайдан бергі тұста кезіккен,
Сай сағалап, бой тасалап жатқанда.
Ес қала ма ойланарлық сасқанда,
Бесатардан бұрқырата оқ шашқанда,
Түлен түнде жылқы айырған бөрілер,
Алды-артына қарамаған қашқанда.
Оғы түскір ездікті де, ерлікті де сынаған,
Тиген жері ыдыраған, құлаған.
Жаралы боп қолға түскен жетеуі,
Шынтуайтта шынын айтып жылаған:
– Мекеніміз Майтөбе, Жарлы жанды,
Күші барды
Қол шоқпар қып жұмсамады қай төре?!
Жұтқын үшін жүрген біз бір пенде едік,
Ерәлінің қай сөзіне көнбедік?!
Кектескенді жаншыр болса, балға боп,
Түйрер болса, жебе болып қайсысына енбедік?!
Жауларына біз оқ болып атылдық.
Бағдары жоқ айуан болдық шыбыртқымен
айдаған,
Ой, дүние-ай,
Ақырында шатылдық.
Ерәлінің еш сөзіне көнбеғен
Досжанда екен батырлық.
Сар далада мұңды тыңдап жатқан ба?!
Тұтқынды алып Орынборға аттанған.
Тағы жетті соңдарынан бір хабар:
– Қолды болды Ор бойында жатқан мал.
Қолды бопты он бес "жалшы" баққан мал,
Ордың бойын өрлеп келе жатқан мал.
Елу жылқы "еншісіне" алған да,
Он бесі де бірі қалмай аттанған.
– Бұл ақымақ ұрыларды не етерсің,
Менің емес, өз түбіңе жетерсің.
Степной конокрад, қап, бәлем,
Ертең әлі-ақ су түбіне кетерсің!
Сергей купес самаурынша сақылдап,
Жандаралға шағыныпты қақылдап.
Намысымды алып бер, – деп айтыпты,
Губернатор бас изепті мақұлдап.
Орынбордан қағаз кепті Ордаға:
– Нарын бойын тәртіпсіздік торлаған,
Маниловтей мәртебелі купецтің,
Малын талап, ар-намысын қорлаған.
Ен далаға сіңіп кеткен жазалы,
Тек жетеуі қолға түскен, аз әлі.
Маниловтың малшысының төртеуі,
Сойқандардың соққысынан қазалы.
Бұл бассыздық – үкіметке қарсылық,
Кім іздейді ел бұзығын сарсылып,
Бунтарьларды ұстасын да, айдатсын,
Старшина, болыстарды жаршы ғып!
Өн бойында ойнақ салып түлкілік,
Сықылықтар бір бұрқанып, бір күліп.
Хабарды ала хат жоддапты Ерәлі,
Көрер көзге ашу кысып, бұлқынып:
- Правитель, мәртебелім,
Қашан жақсы ат алып берген
Телісі көп тентек елім?!
Ыстығы мен суығына,
Шыдап бақтым, болдым күйіп.
Аш қасқырдай анталаса,
Сес көрсетіп, келдім тыйып.
Соңғы жылдар
Өңшең құлдар
Сөзге құлақ аспаулы
Дала салтын, ата заңын ластаулы.
Ұя бұзар кекшілдерді
Досжан кедей бастаулы.
Осы Досжан мені тіпті алым көрген,
Қол алысып, қалың берген,
Қалыңдығыма қосылған,
Алып қашып тосыннан.
Тауық жылы Жиек бойында,
Ағатайдың Аққызының тойында,
Жұрт көзінше мәртебемді қорлаған.
Исатайды ер еді деп жырлағанда,
Сойқан сөзін сырлағанда,
Құл-құтандар екіленіп,
Осы ауылды қара құрттай торлаған.
Бұл күндері Досжан аты
Мың бұзықтан дос табатын,
Бір пәлеге айналыпты,
Ұры-қары, кедей-кепшік
Қару қамдап, сайланыпты.
Шауып кетіп,
Алып кетіп,
Аз күніңді қауіпті етіп,
Қара бұлттай құрсайды ұдай дүрлігіп,
Қара сирақ қарақшылар
Елге сіңіп, алшаң басып жүр бүгін.
Қырдың елі – панасы бар,
Бүйрек бұрар жанашыр бар,
Аттың майын,
Көже, шәйін,
Аямастан ақымақ өңшең досы бар,
Кісі өлтірген де осылар.
Күш, айламен ауыздықтар
Қас пәледей қанды көзді,
Қиқар, қияс, отты сөзді,
Басы Досжан — бір адам.
Бір мінезім қанға сіңген —
Ант етемін Алла атымен
Тілегім сол сұраған.
Мәртебелім, жаман атқа жал біткенде,
Жанына торсық байлатпаған дәуір де?!
Жөнге салып ел баға алмай,
Тентегіне "ем" таба алмай,
Көз қырына патша ағзамның,
Қалсақ, мырзам, тәуір ме?!
IV
Кербез дала жасыл пүліш жамылған,
Белең белдер толықсыды сағымнан.
Орда барар қара жолдың бойында,
Бір пәуеске келе жатыр сабылған.
Сонау белден қара-құра тамшылап,
Түйеліні атты айдайды қамшылап.
Жоталардан қылтың-қылтың асады,
Соңдарынан сары бозамық шаң шұбап.
Пәуескеде кавказ бөрік, сары кісі,
Алпамсадай палуан дене – нар кісі.
Осы өңірдің правитель Ақашы,
Ақ десе алғыс, қара десе қарғысы.
Аттылары – қасына еріткен жасағы,
Желе-жортып, шоқыраққа басады.
Шырт ұйқыда жатқан түнде Досжанды,
Ұстап алып "төтен ерлік" жасады.
Бұл өмірден жеріп болған жандардай,
Қиянатын көріп болған жандардай,
Түйе үстінде Досжан отыр кек кернеп,
Қара тасқа қадап қойған қанжардай.
– Қан боп қалды қатыным мен жас балам,
Жай түскендей жайрап қалды бас панам.
Ботасы өлген боз інгендей аңырап,
Көздің жасын көл қып қалды қасқа анам.
Қылдай қылап қылып па едім? — десе де,
Правитель сөзге құлақ аспаған.
– Өмір, саған ентелеп ем құлшынып,
Жауым еді көлгірсу мен құлшылық.
Қара ойлар қамап қара тұмандай,
Өр талабым қала берді қырсығып.
Әділеттің қорлық көрген кезі де,
Зұлматтан зорлық көрген кезі де.
Сұм замана сүттей ұйып қалыпты,
Қиянаттың қиямпырыс сөзіне.
Бұл өмірден жеріп болған жандардай,
Сеніп болған, қиянатты көріп болған жандардай,
Досжан отыр жұтып ойдың сілтісін,
Қара тасқа қадап қойған қанжардай.
Бір тояттап дидарына даланың,
Еркін жұтып жаздың жайлы самалын,
Правитель келе жатыр жүйткітіп,
Шолып көзбен Ақ Жайықтың алабын.
Боз торғайдың елең етпей күй, әнін,
Сылдырына түріп құлақ қиянын,
Тор жорға айғыр қайырып жүр үйірін,
Көк шалғынға қарш-қарш сілтеп тұяғын.
Күн нұрымен мақпал түгі құлпырып,
Жал, құйрығы желмен ойнап, жұлқынып,
Аяқбасса төгіледі жорғасы,
Пысқырынып, жер тарпиды құлшынып.
Пәуескені бір сәт жолдан шығарып,
Жәмшік тұрды мырза әмірін құп алып.
Правитель жасағына бұйырды: –
Торы жорғаға салу керек бұғалық!
Торы жорға асау жүген, құрық тимеген,
Ойнақ салып, желмен ойнап, билеген,
Тастаса да талай рет бұғалық,
Қаңбақ көрмей қайсысын да сүйреген.
Сонда асаудың үстатпасы болды анық,
Правитель тас-талқан боп долданып:
- Шақыр, - деді, - түйедегі тұтқынды,
Жалшылары ер Досжанды келді алып.
- Калындық ап қашатұғын серісің,
Кісі өлтіріп, жылқы ұрлайтын бөрісің.
Қара көзің канталаған касқырсың,
Бүтін елді бөрліктірген перісің.
Аяқ, қолда, мойыныңда бұғалық,
Енді ғана келген екен келісің.
Күшті болсаң, тоқтатып көр асауды,
Нақ шайтан деп біз айталық сені шын,
Ха-ха-ха!
- Ала жіпті аттамаған касқа едім,
Бергей деп ем бұл жаладан басқа өлім.
- Жол-жөнекей арыз тыңдап жата алман,
Құрысын онда атым Ақаш атанған!
Ұста асауды, тұрсың өзің не шатып?!
Шешіңіздер кол, аяғын маталған!
Қонып атқа, салды Досжан бүғалық,
Құр асаудың жан дауысын шығарып.
Қыл арқанмен қалшылдата ноқталап,
Алып келді мырза әмірін құп алып.
Сонда Ақашты тағы да ашу торлаған:
- Өңкей жасық бір ұрыдай болмаған,
Салың ерді, жүрің алға тайпалтып,
Депті, - торы танбасын еш жорғадан!
Селк-селк еткен азар ерттеп асауды,
Мінбек болып бірі әрекет жасаулы.
Асау атып, арындаған шағында,
Ер үстінен есеңгіреп, басы ауды.
Мінбек болып екіншісі ниеттенген,
Асау атты үзеңгіге жеткеннен,
Ортан жілік омырылып ол қалды,
Мөңкіп жығып, қос аяқтап тепкеннен.
Асау тұрды құрсап бойын жаза алмай,
Адам біткен алдындағы тажалдай,
Ал асауға жоламады еш жалшы,
О дүниеге ала қашар ажалдай.
- Тұтқын! - деді правитель тағы да, -
- Мін де мынау алас ұрған тағыға,
Еш жазбастан су шайқамас жорғасын,
Төгілте бер тежеместен ағыла.
Қамшы салма үстемелеп жорғаға,
Жорғасынан жаңылдырып зорлама,
Бұрын жетсең, қаңтар да қой қатырып,
Біз барғанша кір де, дем ал Ордаға.
Досжан сонда асауды ұстап құлақтап,
Ырғып мініп, алды ерге тұрақтап.
Аспанға ата бергенінде арындап,
Төрт өрмемен тартып қалды құлаштап.
Асау сонда алып ұшты, ағылды,
Белдерді аттап бұлдыраған сағымды.
Досжан жүзіп келе жатты дүниеде,
Дәл өмірдің өзіндей бір ағынды.
Кешті ойлар, ала бұлттай ағылып,
Ордасына барсам ба екен бағынып?
Ақиқатты Ақаш мырза аңдар ма,
Алыс тартқан алаулар ма тағы үміт?
Қандай тағдыр кез келеді тағы алдан?
Жоқ, сұм заман, әділет сенен таба алман.
Бір күніне құрбан еркін өмірдің,
Мың азап күн қапас торға камалған.
... Правитель қалды артта алыстап,
Қол бұлғады көңіліне таныс жақ.
Қайран, далам, кайдасың деп жөнелді,
Асауменен аққан оқтай қарыштап,
V
Жатыр Досжан өлі де емес, тірі емес,
Көз алдынан етті тағы бір елес:
- Өмір, сенің қай сырыңа жетіп ем,
Адай өтіп, үш ай кезіп кетіп ем.
Қайран ана, жан жарым мен баламды,
Жонға тастап кете алмадым бетімен.
Айқай шықты, үйге кіре ұлымды
Жаңа сүйе бергенімде бетінен.
Қырық найза калтыратты үйімді,
Қас пәленің қабағындай түйілді.
Өзім шықтым, өлмесін деп өзге жан,
Кетірер деп қан жоса қып күйімді.
- Бұзақыны бұғаула, - деп бақырды,
"Ерлігіне" Ерәлі сұм сүйінді.
Қасқыр ұстап алғандайын қызықтап,
Ер азамат ерге мінген жиылды.
Тұтқын болып Үйшік беттеп, қырды асқан,
Қара кісен сылдырымен сырласқам.
Алты ай бойы тырп еткізбес тездемін,
Тозақ үйде тұнжыраймын тұрмастан.
Үміт ұзап маздап алдан туатын,
Ісік өрлеп, кеміп бойдан қуатым,
Санды қиып бара жатыр қыл арқан,
Қара кісен аяқ-қолды уатып.
VI
Қайран ана қаусап бітпей не қылсын?!
Омырауға өксік жасы төгілсін.
Үйшіктегі үйі алдында түрменің,
Бастығына барып айтып егілсін.
Қайран ана барын айтып егілсін,
Қайғы менен кабырғасы сөгілсін,-
Тұтқынменен тілдестірсін анасын,
Десін бастық қарт ананың көңілі үшін.
Мүмкін бастық "рақым" етті мазақтап,
Көрсетпекке қойған жанды азаптап.
- Бұзақының бұйрығы осы, - дегендей,
Жеткізсін деп қыр жайлаған қазаққа.
Ана біздің оны ойлап жатпады,
"О, құдайым, бере гөрін" жаттады,
Жалғызының маңдайынан иіскеуге,
Түнеріңкі түрме есігін аттады.
Есеңгіреп жатқан Досжан шалқалап,
Бағы қашып, қайырлаған бар талап,
Күзетші кеп: - Анаң келді, - дегенде,
Ұшып тұрды тез ағашты арқалап.
Көп тұрмады тәлтіректеп құлады,
Омырылған бәйтеректей сұлады.
Байғұс ана жалғызының басында,
Құшып, сүйіп, шерін төгіп жылады.
У боп қатқан ащы шерін қозғады,
Күңіренді саулы інгендей боздады;
- Қиян-кескі өтіп жатыр Ерәлі,
Ел ішінде етек жайып өз заңы.
Сен кеткен күн құдай бізді қарғатып,
Көздің жасын отырғанда парлатып,
Ләтипаны алып кетті Ерәлі,
Ұрып-соғып, шала-жансар зарлатып.
Жүрген жанға өмір кешіп, жай ықтап,
Тағдыр сірә, не салмады лайықтап?!
Құзғындардан құтылмасын білген соң,
Ләтипашым жоғалыпты-ау Жайыққа.
Үйім бар ма отыратын қалқалап,
Қайырлаған шатты күнгі бар талап.
Ақ боранда ел аралап күн кештім,
Екі жасар Нұрғалиды арқалап.
Тегеуріні түтетүғын темірді,
Сонда Досжан селкілдеді, егілді.
Жанарынан жалын болып шыққан жас,
Бұла болып, мойынына төгілді.
- Бақ па, әлде сор болдым ба бір саған?
Қара бұлттай күнім өтті құрсаған.
Қара түнді қақыратар жайлардай,
Ыза кекке суарылған жыр соғам.
Емен едің, нар бұтағың сынар ма?
Шынға біткен шынарың сұлық құлар ма?
Жанар тауың талайларға нұр шашқан,
Аһ ұрар да, алауламай тынар ма?
Шарға түсіп жалын шашқан болаттай,
Бар нәрімді сұм тағдырға тонатпай,
Жауыздыққа бас иместен өтермін,
Әділеттің арына дақ жолатпай.
Самғап өткен қырларымды сағындым,
Туып, өскен құм Нарынды сағындым.
Әз үнімді сан таратқан әлемге,
Туған жердің самалына сәлем де!
Келер күнім –
Нұрғалидай бір балаға сәлем де!
Өміріме жалау еткен,
Жүрегіме алау еккен,
Жыр – Бабаға сәлем де!
Ақ сүтіңді кеше гөрші, кеш, ана,
Кешіре гөр кінәм үшін босаған –
Ана, бала айрылысар шақтағы,
Кос көңілді кан қып өтті осы ара.
VII
Қаздар қайтып бара жатыр, бұлт ығып,
Қара суық қыр кезеді жұлқынып.
Құрым үйлер құнжияды құрысып,
Ірге киіз жалпылдайды жыртылып.
Өмірінің өткен жазын, күзін де,
Ойлар жатқан, жылдар жатқан жүзінде,
Қараша үйде көздің алдын мұң басқан,
Жамиғаты қалт етпестен тыңдасқан,
Қас-қабағы, сақал-шашы қыраулы,
Баба жырау сайрап отыр тынбастан.
- Боз далада боздап жүрген жыр едім,
Әзиз ойды қозғап жүрген жыр едім.
Қайран, Досжан қапыда өтті дүниеден,
Бүл кеудеден жұлынғандай жүрегім.
Зеңгір көкте бірін-бірі қуса бұлт,
Келсе көктем, бұлаң белдер бусанып,
Ер Досжанның жырлары деп ұғыңдар,
Жапан жонның жұпар шашса жусаны.
Долы дауыл алас ұрып, құйын сап,
Дүние түтеп, орнай қалса қиын шақ,
Досжан деңдер нажағай боп атылып,
Бір алапат қара нөсер құйылса.
Маған алыс әлі алдағы жарық күн,
Жасым жетіп, жабаураған ғарыппын.
Досжан атын сұрар болса келешек,
Көңілінен табар жыршы халықтың.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter