Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  90


Автор: Қабиболла Сыдиықұлы

ДАЛАМЕН ДИДАРЛАСУ

Қалада бітпей тіршілік,
Оралдым күзде ауылға.
Сағынып жүрген сан жылдар,
Құрдасқа, досқа, бауырға.
Үбектеп жүрген қу жанды,
Үп еткен лептен жасқанып,
Тоғыттым дүлей дауылға,
Қарпыды боран бас салып.
Астан да кестен Атырау
Толқындар тасқа секіріп,
Ақшулан жалды арыстандай,
Ыңыранып жатыр өкіріп.
Алыстап кетті, білемін,
Жайдары жылы бөктерлер.
Жадырап тұрған күндер де,
Жамырай ұшқан кептерлер.
Кақады қара суықтар,
Дегендей: — Келдің несіне?
Қайсар бір үміт қасқарды
Өмірдің нұрлы кешіне.
- Қу бала, сені білемін,
Өскен бір жерің Қарақұм –
Ішін бір тартты дүлей жел,
Дегендей: - Кел, кел, қарағым!
Томсарып жатыр жапаным,
Жатырқап қалған жәйі бар.
Сілкіп бір сілкіп алғасын,
Ашуы мүмкін айығар.
Даланың долы бораны
Игенмен мені жас талдай,
Жамылып нөсер жауынын
Келемін жүріп жасқанбай.
Даламның дарқан сырласы,
Бабамның бағзы мұңдасы –
Қасиетті Каспий көк теңіз
Кешігіп келсем, сөкпеңіз.
Дала мен теңіз екі алып —
Әзиз ана - Атырау!
Ұлан бір байтақ төсінде
Телегей сырлар жатыр-ау!
Жырлайды жалын жүрегің
Басыңнан нелер өтпеген?!
Армандар қуып кеткен ем,
Алқынып қазір жеткен ем.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу