Өлеңдер ✍️
ОЙСЫЛҚАРА
Ойсылқара жануар:
Нар, інген, үлек, аруана –
Атың көп, бәрің де түйесің бір есім.
Әлсіздік, кірпияз ұғыммен күресіп,
Шөптің ең сілтілі ащысын сылқытып,
Тікенді қаттысын орып жеп жүресің.
Ботаңды ойласаң желініңді сүт кернеп,
Аңырап даланы басыңа түресің.
Түліктің суыққа, ыстыққа, жүріске көнбісі,
Сен - тағаттың, шыдамның белгісі.
Қия тас табаның тессе де,
Қыл арқан қапталыңды кессе де,
Мыңқ етпес шыдамды, момыным,
Алты ай жүк артсаңда арымас көлігім,
Шипалы шұбатым, керемет киімім, соғымым.
Бүкіл тамырың от болып,
Өзегің өртеніп иіскейсің ботаңды,
Онан да артық көресің туған жер-жотаңды.
Өскен далаңды сағынып,
Қап-кара көзіңнен жас парлап,
Сар желіп бел-белді асқанда,
Тұмсығыңды желге көтеріп оқтай зулаған,
Түріңнен арғымақ жасқанған.
Өскен мекенді ұмытпай,
Жердің түбінен келесің.
Ботаңды ертіп,
Күн қатып, түн қатып,
Нәр татпай желесің.
Есіл көшегің ере алмай хал кетсе,
Зар қағып ыза-дертпенен,
Қайырылмас сертпенен,
Мойынын бір бұрап,
Уһ! дейсің көрініп таныс белесің,
Не сол жолда өлесің.
Сен ғажап шежіре,
Иір мойын сырнайсың,
Ықылым заманнан жырлайсың.
Сенің сол сырлы бір үніңде,
Желімнің әні бар,
Көлімнің сәні бар,
Тауымның тәні бар.
Жерімнің нәрі бар,
Көгімнің әрі бар,
Халқымның оты бар, қаны бар,
Даламның қуаныш, шаттығы,
Қайғысы, зары бар.
Осынау үніңді
Сүйегім шымырлап тыңдаймын,
Жерімнің, көгімнің
Үміті, арманы - бәрі бар.
Жұрт сені бойына сеніпті десе де,
Демейсің: "Мықтымын — түйемін!"
Даламның сырласы,
Бабамның мұңдасы,
Қасиеттім, киелім,
Сонша бай мінезбен
Кішік болғаның үшін де сүйемін!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter