Өлеңдер ✍️
![](/uploads/shorttexts/author_image/a93ba5a0b854a71d3a66f85b0638f040.jpg)
АБАЙ МЕКТЕБІ
Мәуелі бақтай жайқалған бұл бір ұяға,
Риза болып қарамас кімдер қиядан?!
Мерейі биік бұлттардан сонау әрі асқан,
Ғажайып бұл бақ аспанмен бойы таласқан.
Бұл бақтың кімдер жемісін татып өтпеген?!
Осынау бақта, дариға-ай, мен де көктегем.
Ұядан осы қанатын жазған ақ сезім,
Жауқазын кездер не деген ыстық, жақсы едің?!
Сол шағым енді жаз киік пе екен жыр қуған?
Балқаймақ күймен жарқылдап өткен бір думан.
Дәуірдің өзі байытқан саз бен ырғаққа,
Жыр-думан әсте бір толас таппас бұл бақта.
Бұл бақта жылда жауқазын гүлдер жайнайды,
Мың түрлі әнмен жас бұлбұлдары сайрайды.
Жыл өтер, бағбан самай шаштары ағарып,
Жамырар бұл бақ жас толқынменен жаңарып.
Көңілге ыстық, дариға, осы ұядан,
Ұшқын ап, кімдер ұшпады дейсің қияға?!
Алтын бір ұям, өзіңде өткен көктем ем
Өзіңнің кімдер жемісін татып өтпеген?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter