Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  150


Автор: Қабиболла Сыдиықұлы

ДАЛА КҮЙІ

Көгілдір дала, көлбейсің алда тағы да,
Қараймын саған, қараймын ойша сағына.
Аядай мынау бөлмеге мүлде сыя алмай,
Аңсаймын сені ойға алып әр кез қиялдай.
... Шабандоз бала басына ердің жабысып,
Қос жүйрік өтті үзеңгілерін қағысып.
Көбінің аты жайылып қалып шабысқа,
Жұмсайды қамшы атына емес, намысқа.
Төбенің басы ығы да жығы дулы жұрт,
Көңілінде көптің күдікпен қоса туды үміт.
Арқасы қозған бұ халық ұшып кетердей,
Көз ұшындағы қос жүйрікке де жетердей.
Қос жүйрік сонау қиянда оқтай ұшады,
Шетсіз де шексіз толқындап дала құшағы.
Қос жүйрік кейде қос ішек болып кетеді,
Күй болып зулап, сатырда -сұтыр етеді.
... Сағыныш ойлар, болса да далам жырақта,
Жұлқылап өтті-ау дүсірлеп үндер құлаққа.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу