Өлеңдер ✍️
КЕШКІЛ
Боз адыр, сар шағылды,
Ауылым Кешкіл деген.
Бесігі пәк шағымның,
Сәбилік ес білмеген.
Ешкім дәл білмесе де,
Сағатын, ай, күнін де.
Әйтеуір мен туыппын,
Мажыра май күнінде.
Есімде, ақ арманын,
Анашым толғайды кеп:
– Ұқсаған май күніне,
Жаның жаз болғай-ды, – деп
Көлбейтін самиян бел,
Нәр беріп жас жаныма.
Аққу бұлт қалықтайтын
Айнадай аспанымда.
Далаға сеуіп жұпар
Қоңыр бұлт сіркірейтін.
Нұр шайып жасыл шөптер,
Жамырап, дүркірейтін.
Даланың көгіменен
Мен сонда бір түлеппін.
Дүниеден нұр тілеппін,
Құлшына жыр тілеппін.
Сол жерде жұтып ауа,
Сол жерде ана танып,
Тауыппын дертке дауа
Қаз тұрып, қанаттанып.
Кешкілім, айналайын,
Көңілдей кірбіңі жоқ.
Аспаны айнадайын,
Бұлыңғыр бір күні жоқ.
От ыстық махаббаттай,
Жалыны жандыратын,
Кәрленсе ақ бораны
Есіңнен тандыратын.
Боз адыр, сар шағылды,
Бір мекен Кешкіл деген.
Бесігі пәк шағымның –
Жан күйім ескірмеген.
Қарақұм қырларының,
Жатсаң да бір төсінде,
Жүректің жырларының,
Жүрсің сен тіркесінде.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter