Өлеңдер ✍️

«МЕН ТҰРҒАНДА»
(мысал)
Олай-бұлай ойқастап,
Жүретұғын қой бастап
Қисық мүйіз көк теке:
«Жол табамын, - деп, -төте
Шығаратын қотаннан»
Көз көрсетпес тұманда
Адасып қалды отардан.
Жалғыз емес, әрине,
Артында алты қой бар,
Алтауында алатаудай
Амандық туралы ой бар.
Көк текенің соңынан
Кең даланы кезіп келеді,
«Бастарынан бақ тайып»
Берекетсіз безіп келеді.
... Бір кезде бұлар
Қазылған терең орға жетті,
Болдырып, шаршап зорға жетті.
Осы жерде алты қой
Көк текеге қарады:
-Рұқсат болса, қарағым,
Бір ұсыныс айтайық,
Адастық қой, сондықтан
Кейін қарай қайтайық.
Жүре берсек біз бұлай
Қасқырлы сорға жетеміз...
Естігенде бұл сөзді
Шалқасынан түсті текеміз:
-Ой, сендерді
Тұрма осы қара басып
Нелерің бар білмеске араласып?
Мен тұрғанда қорықпаңдар!
Қала берсін осы жерде
Жүре алмай зорыққандар...
... Бір кезде бұлар шынында
Ат шаптырым сорға жетті,
Болдырып әрең, зорға жетті.
Сорды көрген қойлардың
Атыздай боп көздері
Былай шықты сөздері:
-Енді... енді құримыз...
Қасқырларға жем болып
Ос-сы сорда шіриміз...
-Тоқтат! –Теке бақылдап
Айқай салды осылай
Алты қойға жақындап, -
Уайым жұтар, қайғы жеп
Бұлар неткен байғұс ед?
Түк мәністі білмейтін,
Айтқан жаққа жүрмейтін!
Абыржымаң, қашпаңдар,
Мен тұрғанда саспаңдар!..
«Мен тұрғанда...» дейтіндей
Енді ештеңе қалмапты:
Осы сордың шетінде
Жіті шолып жан-жақты
Екі-үш қасқыр күтіп тұр.
«Бір тоятын болдық» - деп
Сілекейін жұтып тұр...
...Иә, сонымен көк теке
Еш ақылға көнер емес...
***
Біздің айтпағымыз:
«Мен тұрғанда!..» - өнер емес
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter
Қарап көріңіз 👇