Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  172


Автор: Қыдырбай Тұрмағанбетұлы

«ИТ ЖОҚ ЖЕРДЕ ШОШҚА ҮРЕДІ....»

Түйсігінде дәнеңе жоқ,
Жүр еді қырда қойын жайып.
Дәм көтерейін деді ме пақырды,
Орталықтан бір күні
Нағашысы шақырды.
Сол –ақ екен Достілек
Шаңын қағып шөткелеп
Көнетоздау костюмін
Үстіне жапсырды да,
Қойды «құдайға» тапсырды да
Орталыққа жөнелді.
/Нағашысы орта мектептің директоры еді беделді/
-Ал,Достілекжан
Менде болсын құлағың.
Бұйыртса сені биыл
Білдей мұғалім қыламын.
-Мұғалім?!
-Иә, мұғалім.
-Ойбай,айта көрм...
-Стоп!
Әңгіменің артына шыдағын.
-Апырай,нағашы – ай,
Білімі құрғыр да шала...
-Әй бала,
Физикадан бермейсің
Химиядан бермейсің
Какой-то ән сабағы үшін
Неменеге терлейсің?!
-?..
-Әй...й...й
Мойныңнан су кетіп
Бес жасар баласың ба?
Әй,анда – санда болса да
Қолыңа домбыра аласыңба?
-Ептеп.
Малдан келгенде күйініп
-«Тау ішіндені» шертем
-Бітті! Дұрыстап киініп
Мектепке кел ертең!..
«Ит жоқ жерде шошқа үреді»-
Демекші бұл күнде
Мойынбайдың Достілегі
Әннен беретін мұғалім.
Бір ставканың «құлағын»
Ел қатарлы «бұрап» жүр
Нағашысынан қыңқылдап
Жарты ставка тағы сұрап жүр.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу