Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  260


Автор: Қыдырбай Тұрмағанбетұлы

ӨНЕР МЕН ӨСЕК

(сықақ)
Есік алдында екі жеңгей
Ананы айтып, мынаны айтып,
Тіпті...
«Философияға» барып қайтіп,
Әңгімені қыздырып отыр.
Өсек деген тай қазанға
Әр тақырыптан турап салып
Шыжғырып отыр:
-Бағана маған Әсем жолықты.
Сол айтты:
Кеше клубта ойын болыпты.
-Иә...
-Сол ойында
Садырбектің сары қызы
Әйел болып ойнапты,
Куйеу болған жігітті
Сүйгенде бет-аузынан
Сау-тамтық жер қоймапты...
-Ту! Пәлекет –
Әке-шешесін сыйламаған сорлы екен!
Әй, келін, сонда ол қыз
Қалай әйел болды екен?
-Кәдімгіше, жеңеше,
Ақ орамал тартып,
Күйеу болған жігітке
Қос қолын артып,
Еркелеп асылғанда,
Немесе долданып басылғанда –
Сұмдық!
Әйелден аумайды екен.
-Е, онда анау атастырған жігіті
«Пішту» деп алмайды екен.
-Жеңеше, концерт болса
Сол қыз-ақ қалмайды екен:
Өткен бір концертте
Хабарлаушы Түймебек
Еріккендер қол соққанға
Сахнаға әлгі қызды
Дырылдатып сүйрелеп...
Содан ол:
«Сіздердің сүрауләрің бөйіншә» деп
Қайта-қайта билеп ед.
-Ей, бәрі-қайнағадан,
Жасынан бір жуастау неме еді.
-Шешесін көк соққан ба,
Сондай жын ойнаққа
Неге рұқсат береді?!
Былтыр кетті қалаға
Оқуын оқып қобыздың...
-Айтқандай, келін-ау,
Күйеуін кім ойнайды о қыздың?
Әсемнің айтысы –
Сәпураның кіші қайнысы.
-Сонда әнебір нефтібаздағы
Жылтыр қара емес пе?
-Дәл өзі?
-Көтек! Оның,,,
Әйелі бар емес пе?
-Әйелі болса да сол жылтыр
Қоятын емес дейді.
Аймалап жалағанда
Тоятын емес дейді
-Апырай, мына қыз қор қылды-ау
Тым жақсы жігітті.
-Жеңеше бұл сұмдықты «жылтырдың»
Әйелі де естіп, біліпті.
«Таң атса басқа жаққа
Көшірем», - депті, - клубты.
-Ендеше, естиміз екен ғой
Тағы талай бүлікті...
Пай! Пай!
Осы жеңгейлердің еріндері
Киіз болса –
Бүріп тігіп тастар ем,
Ал, ағаш болса –
Сүргіменен сүріп тастар ем




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу