26.07.2022
  86


Автор: Медет Дүйсенов

ДУЛЫҒАЛЫ ДАУЫЛПАЗ

I.БАТЫРЛЫҚ ПЕН АҚЫНДЫҚ
Айтулы небір дарабоз өткен даламда,
Батырлық пенен ақындықты еске алам ба:
Дулыға киген дауылпаз ақын Махамбет,
Атойлап шыға келеді менің санамда.
Аруақтанып адуын асқақ жырынан,
Сүңгідей өткір сөзінен оның сыр ұғам.
Аты ойнап шығар қоғадай жауды жапырып,
Жарқ еткен алмас қылыштай бейне қынынан.
Ойранды салып, орданың түріп іргесін,
Егеулі найза егескен жауды түйресін.
Дулыға киіп, домбыра қолға алғанда,
Батырлық пенен ақындық тапқан үйлесім.
Батырлық басқа, ақындық деген бір басқа,
Түсіне білсек тұғырын тауып тұрмас па.
Құдірет демей не дерсің, жұртым, не дерсің,
Екеуі бірдей тоғысып жатса бір баста!
Батырлық пенен ақындық егіз о бастан,
Жауыңды жаншып, дауыңды басып жол ашқан.
Алады кегін, алады демін сонан соң,
Жабады бұлтын көрпе ғып сонда көк аспан.
Түздегі ердің жазира дала – төсегі,
Долы дауылдан қайтпайды оның меселі.
Түсімде тыным таба алмай шаршап кейде мен,
Іздеп жүремін қайда деп ерлер кешегі.
Кешегі ерлер... көшеді көздің алдынан,
Үзеңгі батып, тұлпарлар көкке қарғыған...
Дулыға киіп даласын қорғау дегенің,
Даңқты дәстүр, ұрпаққа мирас арғыдан.
Даласын қорғау – анасын қорғау, бесігін,
Уақыт – абыз айтады бір күн кесімін.
Боз жусан құшып көз жұмған батыр боздақтың,
Ертеңге алып барамыз ту ғып есімін.
Ұрпақтың дәйім бостандық болып ұраны,
Жарқырай жанбақ болашақ күннің шырағы.
«Елім!» деп өткен ерлермен бірге, еңкеймей,
Еңсесі биік Махамбет ақын тұрады.
Махамбет –ақын, Махамбет – батыр, марғасқа,
Ақындар жүр ғой өзіңді теңеп алмасқа.
Түнекті түрген найзағай оты сияқты,
Нар тұлғам менің, уәжім бар ма нанбасқа?!
Тарихым ғажап, оқысаң жаның толқынар,
Тек болсақ екен, ойынпаз емес, ой құмар.
Төрімде тұрған домбыра менен дуылға –
Біздерге мынау, бабадан қалған бойтұмар.
Зарына құлақ түремін-дағы сол заман,
Махамбет болып мұңаям шерді қозғаған.
Сілкінем сосын, Атырау сынды долданам,
Махамбет болып тілімді тартпай толғанам.
Беймәлім маған өңім бе, әлде түсім бе...
Қиял-ай қиял, керемет сенің күшің де.
Бірігіп алып батырлық пенен ақындық,
Айналып кетті Махамбет сынды мүсінге!
II. ЖӘҢГІР ХАНМЕН ЖЕКПЕ-ЖЕК
Өңеші обыр қаһарлы ханның ордасы,
Халықты қанап отырған нағыз сор басы.
Керуен-керуен қазына кірген қақпада,
Күзетші үнсіз, қимылды баққан болмашы.
Кектеніп алған Махамбет ақын келеді,
Шеткері қалған, сауықтың болмай керегі.
Ат құйрығын кеспекші бүгін ордадан,
Сарайға беттеп шығудың сыры, себебі.
Келеді ойлап: «Соңғы рет ханмен кезігем,
Бітсе екен бәрі, бәрі де бітсін тезінен».
Палуан тұлға пішімін көріп күзетші,
Ұзатып салды қадалған жылан көзімен.
Жарлығы ханның...шақырып жатыр дегесін,
Елгезек жүрек сезеді тегін емесін.
Естіген шығар...өлуге бар деп ел десе,
Естіген шығар, өзімен іштей егесін.
Ашылды есік – аждаһа ауыз, арандай,
Көрінген жанды көмейге қылғып салардай.
Тістенді ақын, төбеден түскен бүркіттей,
Тас-талқан етсе, айызы қазір қанардай.
Сабырмен кірді, сұрланып өңі шырайлы,
Қашады күдік, жүгіртіп көңіл-құмайды.
Немене айтпақ, немене бұдан сұрайды,
Тағында ханың тағатсыз күткен сыңайлы.
Жәңгір хан:
Махамбет төрлет, кел бері,
Айтпағым бар-ды өзіңе.
Ерекше ер ең елдегі,
Тағдырдың төзер тезіне.
Ордамнан орын беремін,
Жырыңды толға, тайынба.
Ақылшы болсын деп едім,
Жан балам Зұлқарнайынға.
Жөні жоқ бұлай жүрудің,
Әбзелі алтын атқа мін.
Толықсып тұрған сұлудың,
Тілінің балдай тат дәмін...
Айбынын асыр сарайдың,
Маржандай мөлдір тіз де өлең.
Түсіне кірер талайдың,
Жұмағың осы іздеген.
Жамауға келмес жыртығы,
Кедейде жарлы қалды-ау нең?
Қондырып көзге күлкіні,
Сазынды төгілт, сал дәурен!
Тасыған селдей ағыла,
Арнадан асты қылығың.
Жарасын салды жаныма,
Іріткі салған бүлігің.
Қадалған жерден қан алып,
Көрместей қайта қасарма.
Сондықтан келіс, тоба ғып,
Келісім жақсы қашанда.
Ордадан мынау кеткенің,
Бақытты басқа тепкенің.
Опынтып жүрген онсыз да,
Өршітпе отын өкпенің.
Жемсауы толмас жұртты аяп,
Жүргенің дұрыс ісің бе.
Жауғалы тұрған бұлттай-ақ,
Түтігіп тұр ғой түсің де.
Қалатың болсаң қасымда,
Ханыңның даяр жәрдемі.
Жау болсаң-дағы жасырма,
Жауабың айтар бар ма еді?!
Махамбет:
Бармайды аузым айтуға «Хан ием» деп,
Жатқан шақты халқымның халі меңдеп,
Ақын қылып қайтесің, алаңдама,
Жазу қиын жаралы жанын емдеп.
Көнбесімді байлыққа көріп тұрып,
Ерке арумен алдайсың елік-қылық.
Қайда бұрып барасың көңілімді,
Жел көтерген қаңбақтай желіктіріп.
Бас тартамын, несіне таңсың маған?!
Өлеңімді Орда емес, алсын далам!
Сарайыңның асырар салтанатын,
Төрелерің төбеттей арсылдаған.
Бұқараға бұйырмай еріктілік,
Бөрі тиген қой қылдың бөріктіріп.
Езіледі соларға бауыр-етім,
Сендей сұмға кетейін соны ұқтырып.
Келді бізге тіріде қол алмас күн,
Олжа тілеп Ордаңа оралмаспын.
Қайталайтын сөзіңді қағып алып,
Торыңдағы тотықұс бола алмаспын.
Тақпенен бір тұра алмас ақберен жыр,
Өгейсіген қоштастым шақпен өндір.
Сенделіп кеп тапқаны сен екенсің,
Бәдәуи ме адасқан, бақ деген бір.
Нарынқұмым бұйырмай налалымын,
Кем-кетікке қимадың ала қырын.
Бәсіреге берді ме әкең Бөкей,
Ақжайық пен Еділдің аралығын?
Тамағыңды қомағай кеней келдің,
Шаш-етектен шығыны көбейді елдің.
Тартқылаған терідей ит жабылып,
Сілікпесін шығардың кедейлердің.
Ортақ еттің, былғаныш, өз арыңа,
Қайын атаң Қарауыл қожаны да.
Қақпанымнан қашып жүр кәрі қорқау,
Тәңір өзі түсірер тозағына.
Есіңді алды-ау, елімді ертер ісім,
Арғымаққа ер салдым ертең үшін.
Аталарым Тілеуке, Ағатайлар,
Жоңғарлардың сыпырған жон терісін.
Жынын шашқан бурадай долданба сен,
Қажет бізге ел қамын толғар көсем.
Жаудай тидің еліңе, жаңылмаспын,
Жәңгір демей атыңды Жоңғар десем.
Теңдік деген ұстанар ұранды ерек,
Сен емессің, арнамды бұрам бөлек.
Қалбаң-қалбаң жем іздеп қарқылдаған,
Көң шоқитын қарға емес, қыран керек!
Шығын қылып жатпайын босқа өлеңді,
Көрмеймісің ажары көшкен елді.
Қасқыр мен қой бірігіп қос көтермес,
Күдеріңді үз, қасқыр хан, қош бол енді!
III.БАЙМАҒАМБЕТПЕН БЕТПЕ-БЕТ
Созылып жатқан қаймағын бұзбай сонысы,
Құйқалы жер бұл – Баймағамбеттің қонысы.
Тұқымы ханның бермейді теңдік тексізге,
Бұрыс та болса, желіккен байдың жөн ісі.
Ханыңды көрсе қалмайтын тіпті жағынбай,
Шағымды келсе, бұзыла салар сабындай.
Дегені болып, дәулеті өрге домалап,
Ен салып алған Елекке меншік малындай.
Жуытпас жанды, оты жоқ жұтаң жерге айдап,
Баймағамбеттің зорлығы бүкіл елге айғақ.
Шалғыны – теңіз, шалқыды деңіз шаруасы,
Сұлтанның аулы Електің бойын ен жайлап.
Қисапсыз малы қоңыздай өрген, қырдағы,
Қожайын қарық, қызып-ақ тұр-ау қырманы.
Күлкісін күндіз, ұйқысын түнде қашырып,
Махамбет қана мазасын алып тұрғаны...
Електің бойын кенеттен елең еткізіп,
Шықты бір хабар, сыпсыңы желдің жеткізіп.
Қараны ханға теңгерем дейтін көрнеді
Бүлікшіл екен, түсіпті қолға деп бұзық.
-Махамбет батыр матаулы дейді, рас па?
-Абақтыға айдап, атады дейді, рас па?
-Батыр деп нең бар, есітіп қалар Байекең,
Басыңа пәле болады байғұс, сыр ашпа!
Сан-саққа бұрды буынсыз тілдер сүйреңдеп,
Ақсағың - тыңдай, өтірік-шындай түрлі өңдеп.
Барымта болған байлығын ойлап бүк түскен,
Байлардың енді көңілі көншіп, бірленбек.
Ақынды көріп айылын жимас, айбынды,
«Баратын жерің белгілі ғой» деп бай күлді.
Қаптаған сақшы қоршауында тұр Махамбет,
Қасқая қарап, қолдары артқа қайырулы.
Баймағамбет:
Түскесін қолға, кетті ерік,
Байлаулы баспақ секілді.
Көргің жоқ еді-ау, кектеніп,
Тірлікте менің бетімді.
Мүйізін тасқа соққылап,
Құзардан ұшқан құлжадай.
Жүруші ең шалқып, топ құрап,
Көрсеткен тағдыр қылжағы-ай.
Орнына есің түсті ме,
Жоқ-жітік жұрттың ақыны.
Ойнақтап жүріп үстіме,
От бастың міне ақыры.
Құтылам деме сен менен,
Құрығым ұзын қайда да.
Жолыма тұрсаң көлденең,
Түсесің қақпан-айлама.
Тілерсегімнен ілмек ең,
Тілегің қабыл болмады.
Табарсың тұрақ түрмеден,
Қамалған аңдай тордағы.
Қайтемін, сөзбен шеней бер,
Менімен болсын мейлі ісің.
Шыр бітпей өткен кедейлер,
Шығарып алар деймісің?
О, дүниеде айт өлеңді,
Періштесі мен жыны бар.
Оралу қайта жоқ енді,
Жат жерде көзің жұмылар.
Дем беріп, басқан дауылды,
Алладан күшті айналам.
Бүргелі жүрген жауымды,
Босағама әкеп байлаған!
Махамбет:
Сөйлей білсең, сөз де бір сойыл-дағы,
Датымды айтам бүкпестен ойымдағы.
Тілге тұсау салуың қиын болар,
Салған кісен сияқты қолымдағы.
Аярлықпен жыландай арбап жүрдің,
Махамбетті құртуды арман қылдың.
Жар жағалап жан баққан жапалақтай,
Қолтығына тығылдың хан Жәңгірдің.
Халық қарсы қиянат қылығыңмен,
Кінәлі өзің, көрерсің мұны кімнен?
Саяқ шығар сәтімді аңдығаның,
Әлсіздігің емес пе, бұғынумен.
Едіреңдеу үйінде ерлік пе еді?!
Білем, мені, жансызың «көрдік» деді.
Хабар алды, қасқырдай қамап алды,
Казак атты әскері Өрліктегі.
Хан Жәңгірдің қанқұмар сақ құзғыны,
Деген де сен «Түрмеге жапқыз мұны».
Қапы қалдым қонақ боп бір ауылда,
Әттең қолға тимеді ат тізгіні.
Тіл тартпаспын, сен мейлі тектісің бе,
Өкінішім қамыққан кетті ішімде.
Абақтыда жатсам да, әруақ боп
Тамағыңнан қысармын кеп түсіңде!..
Тыныштыққа зар қылдың тірлігімде,
Алмас кездік жатпайды қын түбінде.
Иманыңды айта бер осы бастан,
Сәті келген өлерсің бір күнінде.
Бұғынасың түлкідей бұлтаңменен,
Құлағымды сарсылттың «құртамменен».
Сертте тұрмас сілімтік, сұмырайсың,
Садаға кет сөзден сен сұлтан деген.
Асқақтадың, тудың да Айшуақтан,
Қиқаңдама, жабыдай қамшы батқан.
Іннен басын қылтитып зып беретін,
Жоқ-ау деймін айырмаң саршұнақтан.
Бүктің бе ішке сұмдық ой, сұсты әлдене,
Мүләйімсіп тұрсың-ау мыстан неме.
Ауызыңнан қызыл қан атқылатар,
Адырнадан аңырап ұшқан жебе.
Қолын созып қалды ана, қалды бала,
Көздің жасын жұтып сен қал күнәға.
Қылғаныңды алдыңа бір келтіріп,
Кездесермін тек қана қанжығада.
Баймағамбет:
Сөзің мен көзің соншама,
Кеудеме оқтай қадалды.
Кісенде қолың болса да,
Тұрсың-ау ұстап жағамды.
Өлшеусіз етіп жауыма,
Тәңір-ай, өткір тіл берген!
Мерт қылар, қалса маңыма,
Қарасы батсын бұл жерден.
Аждаһа болып аш құрсақ,
Абақты тосқан алдында.
Төбеңнен жаумақ тас бұршақ,
Тірескеніңе таңмын да.
«Ежелгі дұшпан ел болмас»,
Деп айтқан өзің емес пе?!
Болмасың мәлім сен жолдас,
Елдіктен кеттік егеске!
Қаңғырып бізге келген құл,
Мұныңа сенің кім шыдар?!
Ауырып, бұрын өлген бұл,
Өтеміске де құн сұрар.
Ашудың кетпей сызы әлі,
Тұрғанын қара жүзінен.
Жаралды аңдай ызалы,
Көз жазып жүрмең ізінен.
Жетімнің мынау жетілген,
Кетті ғой тіпті сөзі үдеп.
Қаптыра бермей бетімнен,
Әкетің ойбай, тезірек!
ІV. ЕРКІНДІКТЕ
Қап-қара меңдей беттегі,
Далада жалғыз қарайған.
Межелі жерге жеткелі,
Талпынып жүрген талайдан.
Төгеді шалқып күн нұрын,
Сергітер самал жел демі.
Махамбет еді, бұл бүгін,
Асыққан, елге енгелі.
Түрі жоқ жаннан түңілмек,
Шалса да жарқын жүзді мұң.
Көкейге келген күбірлеп,
Тартпады ойдың тізгінін:
«...Дақпырт-ау қазір дерегім,
Ұзақ жол жүрген – атқа сын.
Орынбор жақтан келемін,
Түрменің көріп қақпасын.
Көрмедім тіпті жасып бір,
Тауқымет тарттым бірталай.
Әлегің бастан асып тұр,
Атаңа нәлет сұлтан-ай!
Хорунжий орыс тұтқынды,
Бір кезде қалғам құтқарып.
Кінәсіздікке – мықты үлгі,
Болды да, соным шықты алып.
Болмай тұр жағар салтыма,
Отаршыл елдің жөнді ісі.
Шүкір, бар, қазақ халқына,
тілеулес, озық ойлысы.
Орысқа көбі жоламай:
«Ауызы түкті кәпір» дер...
«Надандық істен бол абай,
Жасамас бұлай ақылды ер», -
Деп жүрем артқы жастарға,
Ғибрат айтып үнемі.
Бірлікке дәйім бастар ма,
Жақсыға құштар жүрегі.
Бостандық әнін толғады,
Бозторғай ұшып бозаңнан.
Шақырған өмір жолдары,
Жарықтың екен өзі арман!
Жайлауда жағаң жүресің,
Еркіндік қандай тамаша!
Қадірін сонда білесің,
Қараңғы үйге қамаса...
Қайыспас дейсің қай мықтың,
Өмірін қауіп торласа.
Бір тиын – бәсі байлықтың,
Басыңда билік болмаса.
Қасиет болар, еркіндік,
Қаныма сіңген қазақтық.
Домбыра болып шертілдік,
Армандай әнім – азаттық!
Талай жау атқан тас маған...
Сабырға ойды билетем.
Исатай батыр бастаған,
Сарбаздар қандай күйде екен?
Айдалып кетіп, бұл анау,
Түрмеде жатқан шағында.
Шапқылап жүрген шығар-ау,
Шығарып алу қамында.
Жігіттің арлы, асылы,
Арығанын айтар ма.
Аспанның аққан жасыны,
Бағыттан тайқып қайтар ма?!
Бес қару тұла бойымда,
Күш кетпей тұрса білектен.
Өлермін күрес жолында,
«Еркіндік!» деген тілекпен.
«Бүлікке елді бастайтын,
Басымен қайғы, жүр мұнда.
Айқайлап ұран тастайтын,
Кетті, - деп – ақын құрдымға».
Қарқылдай күліп, қуанған,
Баймағамбет пен Жәңгірдің,
Өңдерін көріп қуарған,
Келеді барып, таң қылғым.
Жортуыл салып, жолдамын,
Жұлқысып едім жұрт үшін.
Қайтадан атқа қонғаным,
Күмірә қылар күлкісін.
Қаматып, шыққан құмардан,
Ойламас әсте, олар бек:
Кектеніп кеткен құба арлан,
Қайрылып келіп соғар деп.
Көрістірдік деп көріне,
Жатырсыңдар-ау жайланып.
Арғымақ туған жеріне,
Келмейтін бе еді айналып?!
Қапысы болса дұшпанның,
Кездіктей кескір, қайралып,
Кескіні – мұздай, іш-жалын,
Шықпаушы ма еді сайланып?
Тақымды салып тұлпарға,
Қалқаным қанға жуылып.
Қуатын шіркін күн бар ма,
Апшысын жаудың қуырып.
Мен едім тозақ хал кешкен,
Жарса да өтін жалынбас.
Ұстаған сертке наркескен,
Қынына қайта салынбас!».
V.ЖЕҢІС ПЕН ЖЕҢІЛІС
Таба алмай теңдік тынысы елдің тарылды,
Оятты осы намысы бойда бар ұлды.
Күреске үндеп Исатай менен Махамбет,
Көтеріліске көтерді күллі Нарынды.
Көтерді желдей Нарының құмын бұйығы,
Беймаза қылып бүйірі шыққан бүйіні.
Қас-қағым екен қолға алған істің қашанда,
Қисыны келіп, кетейін десе қиыны.
Алпауыттардың зәбірі жұртқа зор еді,
Ауылын шауып, кедейге малды бөледі.
Қояндай қылып көлеңкесінен қорыққан,
Хан менен байды, тізесі батқан төрені.
Жеңіс бұл, жеңіс! Алғашқы жеңіс, кәдімгі,
Жұлдызды үміт жайнатып тұрар жаныңды.
Қозғалса халық қаһарлы қара дауылдай,
Тұрғызбас білем орнында тіпті тағыңды.
Қас батыр болса осылай елін қорғасын,
Өлімге басты тікпей бақ қалай орнасын.
Өрт болып шалқып өлеңнің оты орады,
Ордалы жылан жатырған ханның Ордасын.
Омырау керіп Орданы қамап алғанда,
Исатай басшы Жәңгірге хабар салғанда.
Жалғанға сеніп, батырың қапы қалғанда,
Шаба алмай жауын Махамбет тұрды арманда.
Түбіңе жетер түпкі ойын ішке жасырып,
Зымиян Жәңгір айласын кетті асырып.
Төбеден түсіп, алдырған патша әскері,
Лап еткен жалын жана алмай қалды басылып.
Жана алмай қалды, жанбағандығы – шоққа сын,
Өлімнен қорқып ерлерің қалай тоқтасын.
Талайлар бар-ды...
Нәубеттің киіп ноқтасын,
Оралмай қалды, көре аламай қалды отбасын.
Тастөбе төсі айналды қанды майданға,
Адыра қалды ақылың менен айлаң да.
Сермеген шақта күн сәулесімен қылыштар,
Ұқсайды бейне жалт ете түскен жайларға...
Жеңілді бұлар, жеңіліс еді кәдімгі,
Жемісін тонап, жапырып кеткен бағыңды.
Қалғаны аман – азғана адам, сабылды,
Шаршаған жандай су ғой деп қуып сағымды.
Беймәлім сапар...
Соры ма әлде бағы ма,
Тағдырдың жолы не тоспақ алдан тағы да.
Үркердей топты Исатай бастап үмітпен,
Ат басын бұрды Жайықтың бергі жағына...
...Ақбұлақтағы алапат шайқас, ақырғы,
Сарбаздар қанын тасыған судай сапырды.
Ақтабан атпен Исатай жауға атылды,
Мерт қылды дұшпан, бұлағай салған батырды.
Алқымнан алып, қыл бұрау әкеп салғандай,
Махамбет тұрды таусылып демі қалғандай.
Қабырға сөгіп, қаусатып кеткен қаза бұл,
Жаурынды жарып, жүректі жұлып алғандай.
Жеңілді бұлар, жеңіліс еді кәдімгі,
Салмағы мұңның жаныштап тұрар жаныңды.
Исатай өліп, тағдырға көніп жүрсең де,
Түңілді жауың сындыра алмай сағынды.
Алыптың ісін, халықтың күшін таныттың,
Үзілді жібі мойынға түскен қамыттың.
Жеңіліс еді...
Бергісіз бірақ жеңіске,
Рухын көкке көтеріп кеткен халықтың.
Жеңіліс, жеңіс,
Жеңілу, жеңу дегенің,
Екі түрлі ғой, екіге оны бөлемін.
Бөлемін – дағы, өрімін ойдың өремін,
Екеуіне ортақ Күресті сонда көремін.
Өмірде мынау күрессіз сірә күн бар ма,
Күреспен ғана тіршілік – арба жүрді алға.
Мұқалып қалмай Махамбет ақын мұраты,
Алға аса берді, жалғаса берді жылдарға.
Жүректе жатса жатталып қалған жыр асқақ,
Теңдіктің, анық, қақпасын ұрпақ бір ашпақ.
Көтерілістің құлаған туын көтеріп,
Жеңіліс соңы жеңіске барып ұласпақ!
VI. МАХАМБЕТТІҢ МҰҢЫ
Бекетай құм, сен жебеп жатшы алыбым!
Жөргек етіп төсеген ақ шағылын...
Дарытқан ғой мінезін құм дауылы,
Аспан астын кернесе асқақ үнім.
Дүниенің дерттерін еншілеген,
Өзектегі өрт пе едің өршіл өлең.
«Қара қазан, сар бала» қамын ойлап,
Қайтсем екен көңілді көншімеген!?
Қайтсем екен, кетсем бе көзкөрмеске,
Кетті екен деп ештеңе өзгермес те.
Дәтке қуат, жаныма медеу етіп,
Қол бастаған, түсірем күндерді еске.
Кеудедегі бадана қорғаныштай,
Арыстаным, Исатай өлді арыстай.
Құсалымын қапамен, ызалымын
Жалғыз жортқа жапанда жолбарыстай.
Ашынамын, мұңымнан арыла алмай,
Қара нарым еді ғой Қабыланбай.
Алыбым-ай, өзіңнен айрылғанға,
Жан-жүрегім келеді әлі нанбай.
Алға тостым үмітті қылып айна,
Арыз айтқан арландай ұлып айға...
Қой бастаған серкедей ерім еді,
Үңірейіп орны тұр, Үбі қайда?!
Қыл бұраулы құрығын салды уайым,
Құла түзде кек қуып қанғырайын.
Келмей ме енді Ерсары, Есенгелді,
Қожахмет, Таңатар, Қалдыбайым.
Жаңға батты арада бары сұмның,
Қуғын болар сергелдең, тағы сүргін...
Қайыпқали, Жүністің нәмарттығы,
Наркескенін қайрады намысымның.
Құлазиды жанымдай, құм алабы,
Сейілмей тұр тұмандай күмән әлі.
Қайран менің қазағым қай кезде де,
Сатқындардан алыпты «сыбағаны»...
Күй кешемін, тұрғандай «налымалап»,
Қандыкөйлек достардың бәрі қарап...
Теңсіздіктің түнегін түріп тастар,
Жетеріне сенемін жарық әлі-ақ!
Келер күнім шуағын төгеді ме,
Жетер ме екем діттеген дегеніме.
Қүтіп жүр-ау қосағым, балаларым,
Қосақталып тауқымет көгеніне.
Қанша уақыт от басын көрмегелі,
Алапестей, қоспады елге мені.
Жүрегімнен жабығып шыққан жырым,
Жапандағы жылауық желге ереді.
Көріп мәзбін көктегі құс легін,
Құлақ тігіп құла ат кісінедің.
Үй-ішімді аңсаған мен сияқты,
Үйірінді іздейсің, түсінемін.
Арғымағым қылмайық хаққа асылық,
Жайымызды жауыздар жатпас ұғып.
Ауыздықпен алысып арындайсың,
Арқаң ерден босайтын шаққа асығып.
Қалды Нарын, құбылған құмы қылаң,
Табысармын туыстай түбі бұған.
Жабырқайды-ау жалғыз үй жолға қарап,
Қауға тартып Қаройдың құдығынан.
Жатпайды ғой елеңдеп, көз ілгенше,
Жалғыз атты жолаушы көрінгенше.
Келер керді төрімде-ақ көріп алдым,
Бір болайын солармен, бөлінгенше.
Жібі үзілмей күдердің, жалғана ма?!
Шуақты шақ сияқты алда ғана...
Мыңды жолдас қылушы ем, көп болыпты-ау,
Мұңды жолдас қылғалы маң далада.
Құшағынды аш, қуат құй, кәні далам!
Жігерімді тасыңа жанып алам.
Бұл күндері бейне бір көкірегім –
Көшкен елдің жұртындай қаңыраған.
«Өлі балық жолығар өлмегенге»,
Қыдыр ата кездесіп қол берер ме.
Тақырдағы қақ суы дәмі кермек,
Шырын татыр үздігіп шөлдегенде.
Құқы жүріп қайда да, қалталы асқан,
Алыс-жұлыс жалған-ай, жанталасқан.
Жайнап тұрған көгінде жаз дидарлы,
Жұлдыздарын жоғалтты, қаншама, аспан?!
Сапар шегіп өмірдің соқпағымен,
Келем әлі тыншымай, көп қамымен.
Дүниені жүрсең де дауылдатып,
Даусыз шындық бір күні тоқтары дем.
Туған жерден дамылын табар денем,
Мүләйімсіп мына әлем қалар менен.
Көз жұмармын үмітпен, кейінгі ұрпақ,
Қоңырауын тендіктің қағар деген!
VII. ҚАРОЙДА
Көңілдің құсы Қаройға қарай ұшады,
Ақынын тербер Қаройдың алып құшағы.
Қаройдың көгін алғаны несі бұлт құрсап,
Қабағы қату, қабарған кейпі құсалы.
Қаройдың көгін бұлт жапса хошы жоқ-тағы,
Таусылған жер бұл ақынның өмір соқпалы.
Көз жазып қалған қапыда қайсар қыраннан,
Қартайған Қарой-ананың болар жоқтауы.
Жасымау жөн-ау, ғаламат жойқын Жырға кеп,
Әбестік болар берілу түпсіз мұңға көп.
Қабірді мәңгі күзеткен анау құлпытас,
Айтады маған алдаспан ақын мұнда деп.
Қалшиып тұрмын құлпытас сынды қозғалмай,
Жанарым алды: жанталас...бұрын болған жай...
Түршікті жаным: желкемнен желпіп өтті жел,
Қап-қара Ниет қанды қолдарын созғандай.
Қаройда мынау қара ойлы жандар түн қатты,
Қайран да ақын құрдымға бақи шым батты.
Үзді олар солай сұсты да сұлу ырғақты,
Құмыға өксіп, құйыны өршіп құм жатты.
Жоқ, бекер бәрі!
Ырғағы жеткен бүгінге,
Дауылпаз ақын – дабылды дәуір тілінде.
Жатыр ғой жыры толқынды Жайық үнінде,
Жамандығынды жақсылық жеңді түбінде.
Мәңгілік ұйқы жазылған барлық мандайға,
Тура кеп тұрса ажалың адам тандай ма.
Есіл де ерді өлімге қалай қиды екен,
Топас тобырдан, ұғатын мұны жан қайда?!
Баймағамбетке жандайшап болып, жұлқысқан,
Қамалағанда қабатын иттей кіл дұшпан.
Қиылып түскен ақынның басын құшақтап,
Қаройдың беті қызарған шығар қылмыстан.
Күні де бәлкім қызарып батты ұяға,
Куәгер болған жасалған жерде күнәға.
Жабағы бұлтқа туған ай жүзін жасырды,
Сұмдықтан шошып, Қаройға қарап қияда.
Бұлағай салып бұрқанып өткен өмір бұл,
Кенеттен тынды, келіп еді ғой төгіп жыр.
Қаройға қарап...
Қаройға қарап дүние,
Дір ете түсті-ау, ішіне тартып демін бір.
Жоғалтып алды асылын Жайық өзені,
Жайығы сынды ағылған жырдың өзі еді!
Қараңғы түнде өксікке толып өзегі,
Қараша желі Қаройдың бойын кезеді.
Қаройдың бұған қайраны бар ма қылатын,
Топырақ бұйырып төсінде жатыр ұлы ақын.
Тұлпарын мініп белдеуде тұрған таң асып,
Құдыққа келіп суармайды енді құла атын.
Суармайды енді, су алмайды енді құдықтан,
Қолында барда алтынның нарқын кім ұққан.
Кескекті ерің қабірде мәңгі тыныққан,
Көрінбес қайта ол үшін енді күліп таң.
Суырып семсер, шабуыл салмас сар желіп,
Алса екен деген арманы бар-ды жарлы ерік.
Қанша рет өтті Қаройдың қойнын қар көміп,
Кеткелі қашан қатепті қара нар келіп.
Көңілі толқып, келеді мұнда басқалар,
Жүреді кәрің, жүрегі жалын жас та бар.
Құдықтың мөлдір шымырлап шыққан қайнары,
Көрнеді маған көзіндей жырдың басталар.
Табасын бақыт, туған жер – ана төрінен,
Жүремін ойша кешегі жорық жолымен.
Қорғаған елін, Махамбет еске түседі,
Ұясын қорып қызғыш құс ұшса көлінен.
Ұясын қорып өтті ғой ол да жан салып,
Лашын болып шүйілген жауын, қарсы алып.
Жалынбай кеткен, жалындай өткен жайсаңым,
Ұрпаққа мынау ұлағат еді қаншалық!
Махамбет тірі, өлді деп оны ұғынба!
Мақамы жатыр қуанышында, мұңында.
Шырағы сөнбей жанғаны деп біл, шынында,
Жүректе жыры, бейнесі тұрса миыңда.
Санама тоқып күндердің көне сабағын,
Сарғайған бетін ашам да ойға қаламын.
Кеудені кернеп дауылпаз күйі даланың,
Қаройға қарай, қарай да қарай барамын..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу