Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
26.07.2022
104
АҚМАЯ
Шартарапқа тартса да жол мыңдаған,
Бала шақтан ыстық қой орның маған.
Аласартқан жел менен жаңбыр мүжіп,
Аласақтан ақ шоқы қол бұлғаған.
Сені көрсем қаулайды шалғын өлең,
Беймағұлым, бұл атау қалды неден?
Айдындағы жылжыған ақ кемедей
Ақмаяны іздеймін алдыменен.
Жата бермей, Ақмая, түрегелші,
Салар, бәлкім, бейнеңді бір өнерші.
Ботақанын аңсаған бозінгендей,
Сағыныш боп жадымда жүре берші.
Сырларың бар білмедім басқа қандай,
Жақұт мүсін жанарды жасқағандай.
Асан атам іздеп кеп жерұйықты,
Желмаясын шөгеріп тастағандай!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter