Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  310


Автор: Медет Дүйсенов

ҚАРА ШАҢЫРАҚ

Қашан да елге қара шаңырақ киелі,
Ата мен әже ақшулан басын иеді.
Бөлейік қала тұлғасын жүрек-бесікке,
Ұмыта көрме, ұяң ғой ұшқан, сүй оны!
Замандас құрбым, жетелер бізді жолға үміт,
Бабалар демеп жатады қалсақ болдырып.
Туған жер деген – аялар мәңгі махаббат,
Махаббат гүлін алмасақ екен солдырып.
Қиялмен кейде ой-дүрбі салам өткенге,
Құлпырған Гүлі, жеттік деп қалай Көктемге.
Жаудырмай тұра алам ба жырдың жаңбырын,
Қария қалам жүз елу жасқа жеткенде.
Отаршылдықтың мазағы менен азабын,
Толағай сынды көтере білген ғажабым.
Көтеріп таудың басына «ұлық мүсінді»,
«Күйік патшаның» күйігін тартқан қазағым.
Бойыңда тұнған тарих қанша білгенге,
Жазсам-ау деген құштарлық сезім жүр менде.
Тебіренді ғой қаланған мынау әр тасың,
Досанның алып жүрегі тоқтап түрмеңде.
Ол кезде кімдер махаббат мұңын жатты елеп,
Қайып та кеткен құсамен аңсап, шақты ерек.
Қорғаныш іздеп қараған саған, қараған,
Көзінен жасы моншақтап тұрып Ақбөбек.
Ұрпаққа үлгі, ұрандай-түбек ұлдары,
Бабаның өткен батырлық салтын шыңдады.
Солардың бірі – Нәдірбайұлы Қылышым,
Ержүрек ерім Азамат соғысындағы.
Шайқасқа түсіп, жағысқан теңдік шырағын,
Жалау мен Мақаш даңққа салған тұрағын.
Қазақтың тұңғыш атты әскер басы Төлесін,
Түбектен түлеп, самғаған көкке қыраным.
Нар жүгін айту, барлығын айту мүмкін бе...
Толғасын қанша, таусылмас шалқар – бір тілге.
Ақиқат, Арды ту етіп беріп артына,
Аңызға олар айналып кеткен бұл күнде!
Қарасам шолып келбетін көне қаланың,
Ақжарқын жанның ізгілік ізін табамын.
Қол созып бейне құшақтағысы келгендей,
Қарсы алар мені көшесі Маршал ағаның.
Еске алып тұрам, жаныма ыстық бейнені,
Шертеді сырын жадымның сонда сөйлемі.
Бір жүрген күліп, бақытты күндер елестеп,
Биіктеп сала береді, шалқар ой көгі.
Музейге кірсең шежіре сырлар көп ұғар,
Есболдың мұнда жосылып жатқан жолы бар.
Түбектің талай тарихын талмай көтерген,
Артық та болмас азамат десек оны нар.
...Езілген елдің еңсесін тіктеп ерледің,
Найзағай сынды, түнекте қылыш сермедің.
Жер ауып келген Тарасты басып бауырға,
Жеті жыл бойы ақынның жанын тербедің.
Жеті жыл бойы, туыстай оны көргенің,
Ұлыңа балап, Таразы атап келгенің.
Құдірет қонып кобзарьдың нәзік қолына
Сүгірет болып қағазға түсті өрнегің.
Темірдей төзім талайды арбап, таң қылған,
Шығады-ау жыр мен сүгірет самсап алдыңнан.
Қырық жетіге келгенде көші кідіріп,
Қырық жетіде қыруар еңбек қалдырған.
Өсірген Тарас, жалғыз түп ағаш – тіршілік,
Өркенін жайды, өмірге ынтық бір шыбық.
Осынау орын айналады әлі орманға,
Көкөрім талдар тұрғанда көкке құлшынып!
Баяғы мекен. Жертөле анау, баяғы...
Жапырақ шулап тұрады бақта саялы.
Кім білсін, бәлкім, Сатанғұл шалды жоқтай ма,
Ақ шуақ өрген алақанынан аялы.
Украиналық достарым менің, босама,
Ақында арман бар ма еді, сүйген қос ана.
Тереңге кеткен ағаштың тамырларындай,
Достықтың дәні себілген жерің - осы ара!
Осы ара, жырдың ұясын салған мекені,
Кеудені өлең самалы желпіп кетеді.
Адамдар тобы ағылып келіп өзендей,
Тарастай ұлы мұхитқа тағзым етеді.
Сұрапыл күрес – өмірде, қалам, шаршама,
Сұранып тұр-ау ғаламат істер сан-сала.
Балықшы қауым теңізге беттеп барады,
Бекіре жонды толқындар бүлік салса да!..
Кемелер жүзіп, теңізде құрса керуен,
Салып жүрген жоқ, айдында олар серуен.
Береді елге, тұңғиық судың байлығын,
Тереді маржан маңдайдың ащы терімен.
Еңбеккер ұжым, қайнатып табыс қазанын,
Басыңнан дәйім тарқамай өтсін базарың.
Асқақтап тұрған аймақта үйлер қаншама,
Ақ маржан сенің тасыңнан тауып ажарын.
Соқпақта сонау, соңында сансыз сұрақ қап,
Қиындық кешіп, келдің-ау тауып бұлақ-бақ.
Қимылы ғажап, ертегі кейіпкеріндей
Бүгінге жеттің, ғасырды белден бір аттап!
Кетігім менің! Толысқан шағың кемелге,
Көркейе берші, көз керек дерсің көрерге.
Көк тіреп мейлі, өмірге келсін сан қала,
Қаласың қара шаңырақ болып сен елге!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу