Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  154


Автор: Медет Дүйсенов

МЕНІҢ ЖҮРЕГІМ

Өмір менің ғашығым, көрген сайын құмартып,
Тірлік кешіп келемін, жүрегіме жүк артып.
Жалғандықтың мұнары жайламашы жанымды,
Удай ащы болса да, бұлтақтамас шын артық!
Шындық сынды жалаңаш, бар, жүрегім,
күндеме...
Керегі жоқ тіпті оған, үлде менен бүлде де!
Көз ілмейді дүрсілдеп, тірлігімді күзетіп,
Шулы базар – күнде де, тыным алар түнде де.
Асау өзен ағысы – жүрегімнің дауысы,
Жаңғырығып жатады күйін тартып тау іші.
Желге қосқан уілін, сағынышым ол менің –
Сыбызғысын үрлесе, айна көлдің қамысы.
Бұтақ емес, ал анау, ол – жүрегім ырғалған,
Құс та қозғап кетеді, ұшып келіп бір қонған.
Тебіренер толғанып тоқсан тарау тамырым,
Бүршігі боп ағаштың бұла жырым бүр жарған.


Жол тартады жүректен, айтылмаған арман-ән,
Аққулардың ілесіп қанатына самғаған.
Жүрісінен жүрегі жаңылмасын деп тілеп,
Мені бағып тұрғандай, кірпік қақпай бар ғалам.
Баста дәурен шалқыған тұра бермес құрып бақ,
Жаралғаннан жырлаған жүрек сырын кім ұқпақ?!
Сол арқылы өтеді барлық жақсы, жаман да,
Санам менің сүзгіштей алады өзі сұрыптап.
Маған қарай беттесе шаттығымның самалы,
Күн ілгері сезініп, жетпек оның хабары.
Тәнім, жаным арқылы,
тар кеуде де жатса да,
Бәрін, бәрін көреді... жүрегімнің жанары!
Қатты қаға алмаймын кеуделердің есігін,
Қол ұсынып тұрады күле қарап кешірім.
Жүректердің мен үшін болмақ емес жаттығы,
Тербетемін аялай, жүрек-сәби бесігін.
Қатыгездік жаралап, байғұс жүрек құнысып,
Жыртқыш көрген қояндай бұғып қалды бүрісіп.
Қамаулы құс сияқты қанаттарын сабалап,
Кеуде-түнек ішінде, аласұра жүр ұшып.
Онсыз-дағы қас-қағым тірлігіңде, о, тоба,
Айтыңдаршы, адамдар,
айтыңдаршы бола ма:
Маза бермей апыр-ай, көкпар тартып жүргендей,
Саласыңдар жүректі неге ғана додаға?!
Табиғаттың алмасқан түндері мен таңдарын,
Бүкіл қайғы-қасірет, қуанышын, арманын
Жинап алған өзіне жұдырықтай жүрегім,
Көтеріп тұр алқынып, қара жердің салмағын.
Отырсам да бөлмемде, ол сапарда үнемі,
Шартарапты тынымсыз шарлауменен жүреді.
Жүрегімнің кірмейді ешқашанда реңі,
Бұл дүние дертінің, табылғанша бір емі!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу