Өлеңдер ✍️
ЖАСЫРЫНБАҚ
Естесің, бала досым басы ұғымды,
Қашан да ойын десе асығулы.
Жүгіріп, жасырынбақ ойнаушы едік,
Арада сыр болмайтын жасырынды.
Мен қарап, сен тығылып жүретінсің,
Үнсіздік орнайтұғын, іле, тылсым.
Аңшыдай ізге түсіп бара жатсам,
Ту сырттан : «таппадың» деп күлетінсің.
Ауырдың, содан халің оңалмады,
Досым-ай, іште кеткен көп арманы.
Топырақ салып жатып қабіріңе,
Ойыма жасырынбақ оралғаны...
Жылаған көңіл-аспан жаңбыр әлі,
Басылмай, жауратты ғой жанды-дағы.
«Табуың сенің мені қиын» деген,
Сөздерің құлағымда жаңғырады.
Біреуді күткен жандай алаңдаймын,
Еді ғой, бір жүргенің маған да айбын.
Сен жеңдің, мен жеңілдім, расында,
Өзіңді досым мәңгі таба алмаймын.
Бір сәтте күнім күліп шуақтанды,
Бір сәтте ақпай тынып, Бұлақ қалды...
Көз жазып қалып жатқан қас-қағымда,
Бұл өмір жасырынбақ сияқтанды...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter