Өлеңдер ✍️
КӨҢІЛІМНІҢ ЖАНАРЫНДА – ҚЫЗЫЛҚҰМ...
Қызыл арай қыдырған, Қызылқұмда өскенбіз,
Құпияның көкесі, қызық мұнда дескенбіз.
Қолаттарды шарлаған қоянжымын қызықтап,
Қызыл іңір қонғанша Қызылқұмды кешкенбіз.
Қараңғы түн қаптаған түссе атынан топтанып,
Жамырайды жұлдыздар, жанары – от, шоқтанып.
Қызылқұмның төсінен көтерілген қызыл ай,
Қиялымды кететін қияндағы көкке алып.
Арымдары айқасқа анадайдан андыздап,
Телміремін ғашықтай жүрек ысып, тән мұздап.
Отырушы ем оңаша ой түбіне жете алмай,
Мені өзіне шақырған құмды жалда жалғыз ғап.
Болмысыңды білмесем, о, Қызылқұм кеш мені,
Мынау өмір байқасам, дәл өзіңдей көшпелі.
Салмай кеткен ат ізін, сағынышы ұлыңның,
Таушық жақтан аңқылдап самал желдің ескені.
Көңілдегі кететін, Қызылқұмда, көп кірбең,
Жас жуғанда жүзімді Қызылқұмға кептіргем.
Табанымды құм сүйіп, жанарымды күн сүйіп,
Құт дарыған қасиет, Қызылқұмда деп білгем!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter