Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
26.07.2022
102
Жұлдызды түнде жолыққан
Жұлдызды түнде жолыққан
Жүрегім аппақ арманға.
Түсінен қашпай, жөн, ұққан
Ғашықпын түнге, таңданба.
Ірке алмай ішкі ағынды,
Тамсанып үнсіз тұрдым-ау.
Жарыққа ынтық жанымды,
Толғантып ғажап түн мынау.
Арудың қыпша беліне,
Төгілген қолаң шашындай.
Мойылдай түнге, еліге
Қарадым қимас асылдай.
Барады көңіл шалқып-ақ,
Кеудемді кернеп шырын ән.
Тұрғандай түнің жарқырап,
Қарақат көздің нұрынан.
Түндер-ай, жырым бүр жарар,
Үміт-құс саған ұшады.
...Жап-жарық десем кім нанар,
Қараңғы түннің құшағы?!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter