Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  122


Автор: Медет Дүйсенов

«ӘЙТ ШҮУ, ӘЙТ ШҮУ, ҚЫЗЫЛ НАР...»

(Дүйсенбек Қанатбаевқа)
«Әйт шүу, әйт шүу, қызыл нар,
Бесқалаға түзу бар!..» -
Емпең-емпең желетін,
Иір мойны ұзын нар.
Сіз де айтқансыз, осы әнді,
Біз де айтқанбыз, осы әнді.
Көңілдерді тербейтін,
Халық әні қашанғы.
Осы өлеңде – сырымыз,
Осы өлеңде – мұңымыз.
Азаматқа айналдық,
Айта жүріп мұны біз.
Керуендей көрініп,
Өркеш-өркеш қырымыз.
Белден-белге өріліп,
Жататұғын бұрым-із.
Көрінер деп адамдар,
Тоқ бүйірлі қанарлар...
Бесқаланың жолына,
Қадалатын жанарлар.
Арбап арман, есті ала,
Баурап алған Бесқала.
Бізге салсаң сол кезде,
Оған жетпес еш қала!
«Әйт шүу, әйт шүу, қызыл нар,
Бесқалаға түзу бар!..»
Емпең-емпең желетін,
Иір мойны ұзын нар...
...Отырғызып жотама,
Кіп-кішкентай ботама
Әуелетем осы әнді,
Көне тоңды қопара:
«Әйт шүу, әйт шүу, қызыл нар,
Бесқалаға түзу бар!..»




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу