Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  186


Автор: Медет Дүйсенов

ҚАЗАҒЫМ-АЙ...

Қазағым-ай, өзіңмен кеңесемін,
Жолың ауыр болды екен неге сенің?!
Өлгеніңнің өшпесін орнындағы от,
Көргеніңнің бере алман мен есебін...
Тағдыр-ана тас емшек, емізбеді,
Үміт құсың ұмтылып, нені іздеді?
Арпалыстың аштықтың ағынында,
Толқын қуған қалтқыдай теңіздегі.
Туғаныңнан тұлпардың жалында өстің,
Сындыра алмас соқтығып, сағыңды ешкім.
Қырық бірдің кешегі қырғынында,
Кеуде тосып, қып-қызыл жалын кештің.
Тұрдың бейне басқандай, шоқ табаны,
Шу асаудай, басыңды ноқталады.
Кеткен қанша, нәубетте құрбан болып,
Кейінгілер еске алып, жоқтар әлі.
Қашан ғана көзіңнен серпілді мұң,
Ақ отаудың сыпырды «Жел» түндігін.
Ертегіге айналды, далаңдағы,
Ерке құлын сияқты еркіндігің.
Желбезегің қармаққа ілінді де,
Аузын ашқан балықтай күнің міне.
Шүлдір-шүлдір, апыр-ай сөйледің-ау,
Дініңді де ұмытып, тіліңді де.
Қандырды ғой айтайық құлай шынға...
Өзім деген орысың «лай суға».
Өз тіліңді қайтадан оқығанға,
Күлесің бе қайтесің, жылайсың ба?!
Желтоқсанда жастарға ажал төнді,
Жеткізіп ең теңдікке азар қолды.
Жұмысың жоқ, арқалап ала дорба,
Барар жерің бұл күнде базар болды.
Айырғысыз, бір ұғым – Қазақ, Дала,
Сан тауқымет көтерген азаптана.
О, дүние жұмағы бар болса егер,
Кірер еді-ау алшаңдап қазақ қана!
Кешіп талай қиынды келді көшің,
Қазағым-ай айтшы сен, енді ме есің?!
Қыран құс боп қалықтар – ұрпағың ғой,
Көк жалауың төбеңде желбіресін.
Көргеніңнің бере алман мен есебін,
Ырыс-құтпен қол бергей келешегің!
Қайран менің, қара нар – қазағым-ай,
Тағы қандай бар еді көрешегің?!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу