Өлеңдер ✍️
ЖІБЕК ЖОЛЫ
Ей, көңілім, кірпігіңді аш, қарағын!
Құс болып ұш, ішіп қиял шарабын.
Жібек жолы – жібек белбеу сияқты-ау,
Белін буған, мынау сайын даланың.
Сортаң жолдың сорабына түсіп ап,
Кірекештің әуеніне саламын.
Жібек жолы! Құмар болған әркім-ақ...
Өн бойыңнан өре тұрар, сан сұрақ.
Талайлардың дірілдеттің тізесін,
Қапшық-қапшық алтын болып жалтырап.
Білесің бе, шаңға аунады сол үшін,
Жұмыр бастың үстіндегі сан тымақ.
Керуендер... ойға сырғып оралар,
Көне соқпақ сонда шалқып сөз алар.
Қаптапты ғой жібек құрты сияқты,
Саудагерлер, дәруіштер, қожалар.
Төрткілдердің төбесінен телміріп,
Жолаушыны күтетіндей обалар...
Анау жатқан қырат емес, көлбеген –
Асты-адамдар, алып мүрде, ол деген.
Аждаһадай жылжып жеткен жауыздық,
Балағымнан еніп, төске өрлеген...
Қақ сүйектей, -
менің көне кенттерім,
Көмейіне тұрып қалған көлденең!
Жылдар өтіп, жапқан сайын парағын,
Маңдайына әжім салып даланың.
Қылғытыпты қарны тоймас қара жер,
Таңдамастан адалын да, арамын.
Бұл күндері бәрі өзгерген, тек қана,
Өзгермеген – аспандағы, дара күн!
Толғаныстан нөсер жырым төгілмек,
Қазақстан, жібек жолды елім деп!
Жаққым келіп жансебіл боп жүргенім,
Кәрі тарих қоламтасын мен үрлеп.
Тұрады ылғи, жалпақ жұртты жалғаған,
Жібек жолын, Жүрек жолы дегім кеп!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter