Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  183


Автор: Медет Дүйсенов

ТУЫСҚАНДАР ЗИРАТЫ

Туысқандар!
Ия, олар туысқандар,
Ұрпақ үшін ұран сап ұрысқандар.
Кездігінен қаймықпай қаскөйліктің,
Мезгілінен ертерек гүлі ұшқандар.
Атсын десек тамылжып пүліш таңдар,
Ей, адамдар, тірлікте суыспаңдар.
Туыстықты жүрекпен ұғысқандар,
Тыныштықтың тізгінін нық ұстаңдар.
Айқас болған, аңырап «дот» әлі тұр,
Жаутаңдайды қамығып жоталы қыр.
Саласындай қос қолдың солдаттар-ай,
Анасындай сүйетін Отаны бір.
Елім деді жүректер тегіс берен,
Шегінбеді, қауышып ер іспенен.
Тегін бе еді өліспей беріспеген?
Сенімдері бір-ақ сөз: «Жеңіс!» - дер ем.
Даңқын жырлап мәңгілік тұрар дала,
Биіктік бұл бітпеген қыранға да.
Жазылмайды түйілген жұдырықтай,
Тілектері тоғысып бір арнада.
Туысқандар зираты – қамал ғалам,
Тісі батпай торыққан ажал да арам.
Қатыгез жау осынау қайсарлықтың,
Қабірде де құшағын жаза алмаған!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу