Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
26.07.2022
80
АҚ СЕЛЕУЛЕР
Сыбызғысын сызылтып тартса желдер,
Тербеледі құбылып ақ селеулер.
Дөңбекшіген аумайды-ау ақ айдыннан,
Толқын-толқын созылып жатса дөңдер.
Қалайша мен тұра алам көңіл бөлмей,
Ғажайып жыр санамда өрілгендей.
Ақ селеулер тасқыны ағылып кеп,
Сезім болып кеудеме төгілгендей.
Толықсиды көгімде нұрлана таң,
Сағыныштан бір сәтке мұңға батам.
Әжем қайда самайы ақ селеудей,
Ақ сақалы желбіреп тұрған атам?
Қарай бердім селеулі жаққа, егіндей,
Мөлдір шықтар жанардан шақ төгілмей.
Ақ селеулер шыққанда шалқып алдан,
Айқара ашып құшағын ақ көңілдей!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter