Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  125


Автор: Медет Дүйсенов

ЖАУЫНГЕРДІҢ ЖЕСІРІ

Жесір отыр басынан тайған бағы,
Халі бейне балықтай қайраңдағы.
Көре алмады қызығын көктем шақтың,
Оралмады бақыты майдандағы.
Жас аруды үрейлі ой ноқталап ап,
Күрсінеді қып-қызыл шоққа қарап.
Жалын құшқан ошақта сексеуілдің
Сатырлаған дыбысын оққа балап.
Құс жастықты кеудеге қысты білек,
Ақ шабақтай аунақшып түсті жүрек.
Тарта берді түбіне ұйқы-көлдің,
Жар демінің бетіне ыстығы кеп.
Елестеді бал дәурен құратын күн,
Ғайып болды жанарда тұратын мұң.
Жалын көрді түсінде бір алапат,
Жарын көрді ішінде сұрапылдың.
Батыс жақтың қаптаған өртін күллі,
Көк құраққа ол жеткізбей серпіп жүрді.
Қыршынынан қиылды талай боздақ,
Келешектің көре алмай көркін нұрлы.
Бастан кешті келіншек бұл күйді сан:
Ирелеңдеп жыландай сырғиды қан...
Етпетінен жер құшып жатыр ері,
Айғай сала шошынып тұрды ұйқыдан.
Алқынды ару... арман күн мәңгі батып,
Кілт үзілді жіп-тірлік қанжылатып.
Тұғырдағы мызғымас тас мүсіндей,
Қалды қатып, қараумен алдына тік!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу