Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  106


Автор: Медет Дүйсенов

ҚАЛАҚ ПЕН ҚАЛАМ

(Сайын Назарбекұлына)
Шалмасын деп өнердің қорығын мұң,
Әр ісіңді адамдық жолы қылдың.
Қалақ, қалам – туыстас, егіз екен,
Аға, сені көрдім де, соны ұғындым!
Қалағың мен қаламың – қос қанатың,
Ауыр жүкті кезің бұл төске алатын.
Жұмбағы көп өлеңнің жарысына,
Құлагерін кешеңдеу қосқан ақын.
Қылса деймін ұрпақтар үлгі өзіңді.
Бейқам жүрген көрмеппін бір кезіңді.
Кім айтады, ғажайып жыр емес деп,
Қалағыңнан өрілген күмбезіңді?!
Бер, ағатай, ірікпей береріңді,
Мезгіл өлшер тайызың, тереңіңді.
Кім айтады, ғажайып жыр емес деп,
Қаламыңнан өрілген өлеңіңді?!
Қалақ тұрғай, әр тасқа ән жайлатып,
Қалам тұрғай, сияға талмай батып,
Қамын ойлап, қайда да өз халқыңа –
Керегіңді сезіну, қандай бақыт!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу