Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
26.07.2022
106
Кеп тұрмын туған мекенге...
Кеп тұрмын туған мекенге,
Көп тұрдым қарап елжіреп.
Сезімім іңкәр жетер ме
Бұлақтай анау мөлдіреп?
Өмірдің мезгіл зергері
Тастапты жерге белгі сап.
Киіз үйі орны дөңдегі
Тақырға басқан мөрге ұқсап.
Жатушы ем ойда тербеле,
Аспанды барлап сыр бүккен.
Жұлдыздар жыр боп кеудеме
Құйылатындай түндіктен.
Айлы түн.
Ақ бұлт - жол шаңы...
Ақсүйек ойнап жарысқан.
Кездер-ай...
Көздер сондағы
Тұрғандай қарап алыстан.
Құлыншақ – қиял шұрқырап,
Армансыз кезді даланы.
Таныды ма екен бұл тұрақ,
Баяғы тентек баланы?!
Жасарып кеткен жаңбырдан,
Құрақтай, жаздым енді бой.
Бал дәурен шағым алдымнан
Дөңгелеп жүре берді ғой!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter