Өлеңдер ✍️
Өлеңдер ✍️
26.07.2022
130
![](/uploads/shorttexts/author_image/2022-07-25-19-35-13.png)
СЕРТ
Арманыма жетсем деп алға асығам,
Таңға асығам, ататын тау басынан.
Асау өзен сияқты сезім сонда
Асып-тасып жатады арнасынан.
Көктем дәуір құлпыртып, гүлімді ашам,
Қуантатын халқымды күнім қашан?!
Мен боламын –
жерұйық – мекенді емес
Жыр ұйығын іздеген бүгінгі Асан.
Құйынында тірліктің сыры түрлі,
Иығымда замана жүгі тұрды.
Дауылыңмен қаңбақтай ұшырып кет,
Ақтамасам, туған жер, үмітіңді.
Мақсат – мәре, сен қандай жырақ едің?!
Қамшыладым талаптың Құлагерін.
Сүрінбесін деп ұлым сапарында,
Ақ тілегін бағыштап тұр-ау елім!
Қиындықтың құзынан сескенбедім,
Парнасқа тарт, пырағым, төске өрлегін!
Серттен шығам!
Өйткені батыр бабам
Кіндігімді қылышпен кескен менің!
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter