Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  97


Автор: Медет Дүйсенов

САРҒАЙҒАН ХАТТАР

Үш бұрыш хаттар легі,
Майданға кірді, жетті елге.
Окоптарға кеп түнеді,
Ұмтылды алғы шептерге.
Тіл қатып қалам ұшымен,
Алуан ұлттар тілінде.
Оралды оттың ішінен,
Осынау хаттар бүгінге.
Жазатын былай жеңгеміз,
Солдаттың жары елжіреп:
«Біздерді қойшы, елдеміз,
Сен аман жүрсең болды!» - деп.
Қарайды әже белеңге,
Күтумен ұлын жүреді.
Сенбейді өлді дегенге,
Көнбейді оның жүрегі.
Қимастық осы сезімнің,
Босамас бойдан құрсауы.
Әжетай, ұйықтап көз ілгін,
Әлдилеп жаздың нұр шағы.
Боздақтар күні батқасын,
Төсегі болды-ау жат мекен.
Қанша үйдің келіп қақпасын
Қаралы қағаз қақты екен?!
Жылдарды сонау жаралы
Ойға алып әркім отырар.
Ерлікке баулыр баланы,
Жауынгер сөзі оқылар.
Бұлақтар небір сарқылып,
Өтті ғой бастан шақ талай.
Сағыныш демге шарпылып,
Сарғайып кеткен хаттар-ай!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу