Өлеңдер ✍️
ПЛАНЕТА ТАҒДЫРЫ
Бас көтеріп әр жерлерде жүр бүлік...
Болмадық па, соғыс деген сырды ұғып?!
Бозторғай да шырылдайтын еді ғой,
Боз даланың амандығын жыр қылып.
Ей, адамдар, тағдырың бір жерменен,
Жер деген бұл, бесігің ғой тербеген.
Ұрпағымыз ұрыс үшін келмеген,
Шарпылмасын көкірегі шерменен.
Бала-бақыт, жылатпайық жүрегін,
Торламасын қайғы бұлты нұр өңін.
Қанат қаққан көгершіндер көгіме,
Алып ұшсын бейбіт күннің тілегін.
Қиял шарлап аспан төсін көкпеңбек,
Көңіліміз жүргенімен көктем боп.
Нагасаки, Хиросима қайғысы,
Қара жердің кеудесінен кеткен жоқ.
Сүліктердей қызыл қанға семірген,
Сұрқиялар тек байлыққа емінген.
Адамзатқа ажал тілеп аттанған,
Жорықтардың жолы болмай жеңілген.
Құдірет боп көрінгелі Ескендір,
Даңқ іздеумен қырғын өмір кешкен құр.
Шын құдірет шайқаста емес, шабытта –
Асқақ ән мен жүректерден ескен жыр!
Шыңғысхан да ат үстінде шіреніп,
Шығыс жері мың күйзелген, мың өліп...
Масаттанған Мамай қолы майрылды,
Ұлы орыс найзасына тіреліп.
Басқа түсіп талай нәубет ноқтасы,
Ойрандалды, о, қаншама от басы.
Наполеон да таба алмады нәпақа,
Ыссы болып Бородино ботқасы.
Керуен көшсе, әдеті ғой ит үрер,
Өрт қойғандар өз отына үйтілер.
Империя орнатам деп мың жылдық,
Күлге айналды фашизм мен Гитлер...
Өктемдігін жүргізе алмас бізге өлім,
Қара ниет жау жұлынын үзді елім.
Ізгіліктің қамқор қолы емдеуде,
Соғыс салған жарақаттың іздерін.
Жерде мынау, десең гүлдей жайқалам,
Арамдыққа өзің үкім айт, Адам!
Жарып шықты тажал нейтрон бомбасы,
Жұмыртқадан, кесір Коэн шайқаған...
Аландатып адал ойлы мұратты әр,
Әлем кезіп ала құйын жүр ақпар.
Жер ананың жаралайды жүрегін,
Оқтай тиіп, болып жатқан сынақтар.
Бар әлемге біз тілейміз мәңгі бақ,
Қалмасын деп жер бетінде қанды дақ.
Болсын бейбіт күн жұлдызды, ал бірақ,
Сұм соғысты «жұлдызды» деу сандырақ!
Даламызда – жота болып жатқандар,
Арамызда – соғыс зарын тартқандар.
Күлім қағып атуы үшін ақ таңдар,
Дейді бізге: «Тыныштықты сақтандар!»
Тас төбеден ажал күтіп телмірмей,
Өркен жайып өссін жастық өндірдей.
Ұстатайық келер ұрпақ қолына,
Бабалардың жаққан отын сөндірмей.
Оранбасын десек өмір жалынға,
Күреске шық, орын берме дамылға!
Аяландар.Абайландар, Жер шары:
Айналып тұр, адам алақанында!...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter