Өлеңдер ✍️
СОҢҒЫ БӘЙГЕ
Бәйге болмақ, аттар озып келем деп,
Көз ұшында құйындайын жөнелмек.
Кәрілеу бір күрең тұлпар шеттегі,
Тықыршиды жан-жағына елеңдеп.
Шабандоздар қатар түзеп тұр енді,
Шал әкелді, қосу үшін күреңді.
Кісінеді... түсінеді жағдайын,
Күрең үшін, соңғы бәйге бұл енді!
Шапқан еді бәйгелерге ат талай ,
Қазір енді қалай болар бақ-талай?
Бақыт еді бұрын жету мәреге,
Қайран сол бір озып келген шақтар-ай!
Бәйге деген жеңісті іздеп, жоқ қарау,
Осы сөздің өн бойында от бар-ау!
Күрсінтеді кейде құйттай кідіріс,
Жарыс заңы – тек зымырау, тоқтамау!
Жебедей боп ыршып ұшқан садақтан,
Жөнелді аттар, шаң бұрқылдап алаптан.
Ортасында күрең тұлпар келеді,
Ащы терін алып әбден жаратқан.
Ауған бұлттай, аумалы да төкпелі,
Озғаны ма, шынымен-ақ көктемі?
Қақ маңдайдан қара суық қариды,
Шабыс емес, намыс қысып өкпені!
Бұл өмірде көп қуаныш, көп қайғы,
Жел де үнемі бір бағытта соқпайды.
Тас қамалын тағдыр алдан тосқасын,
Қас жүйріктер амалсыздан тоқтайды.
Әйтпесе ол, әйтпесе ол тоқтар ма,
Жүрегінде жалын барда, от барда?!
Үркердей топ барады өтіп жанынан,
Ұқсап бейне зу-зу еткен оқтарға.
Болды-дағы тек самғаудан өзге ұмыт,
Ұмтылды кеп, мойнын алға оздырып.
Қиып барып құлағанын мәрені,
Қайран тұлпар, кетті білмей, көз жұмып...
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter