Өлеңдер ✍️
Кездестік те, үйленгенбіз ұнатып...
Кездестік те, үйленгенбіз ұнатып,
Тағдыр-тылсым толқынындай теңіздің.
Жаным жылап қалған шақта,жұбатып,
Менің сәби сезімімді еміздің.
Болмысымды бес саусақтай білер-Сен,
Күлгенімде, өңің жайнап гүлдеді.
Соқыр тұман сияқтанып түнерсем,
Шамшырақ боп шақырасың түндегі.
Ұямызда келеді өсіп ұл-қыздар,
Жеріміз жоқ олар үшін аянған.
Біздік аспан төсіндегі жұлдыздар
Әрқайсысы бір-бір арман, аяулы ән.
Жаным менің-шырылдаған бозторғай,
Жүреді ұшып,тек солардың үстінде.
“Оқың” деймін, абыз сынды сөз толғай,
Өкінбеймін, өтіп кеткен: түс-күнге.
Білем, көңіл-күй де сондай сендегі,
Киіп алған қиындықтың қамытын.
Еш нәрсемен өлшенбейтін еңбегі,
Анасың ғой, бала сүю-бақытың.
Бірін-бірі үнсіз ұғу-ұлылық,
Адалдықтың мұрат қылып жүр шынын.
Жанарыңның шуағына жылынып,
Көкіректе жырым жарды бүршігін.
Тек сенімде, бұл өмірдің бағасы,
Сонда ғана көңіл шіркін бірленбек.
Керегені құрап тұрған, қарашы:
Нардың мойын терісінен тілген көк!..
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter