Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  92


Автор: Медет Дүйсенов

Қапыға барып қайтайық...

Жадыра жинал, қайтайық Қапыға барып,
Қыдырмай өткен көп күннің қақын алалық.
Көктемге ғашық болып біз қаншама күттік,
Сезім сабасын сұлулық сапырары анық.
Тәнті қылады көзді үйіріп, таңсық үйлесім,
Көктем көрікті-ау, гүл тәжін алшы кигесін!...
Құлдыраңдаған қарашы кішкентайыма,
Салқындап қалар, Гүлназдың салшы түймесін
Болыңдар енді, шақыршы балалар қайда?
Жол қапшықтарын жинақтап, ала бармай ма.
Жотасын тосып күткендей, бейне бір бізді,
Көсіліп жатқан Қаратау, қара нардай ма!?....
Бұйығылыққа жүргенмін, беу, неге көніп,
Желпінейінші ,жібектей желге бөленіп.
Көңіл көншітпей, кеткелі көп болып еді-ау,
Қонақтар ма екен жыр құсы кеудеме келіп.
Ұмытып бір сәт, талақ қып өмір күйбеңін,
Жандарым менің, шадыман көңіл-күйге енің!
Қойып кетемін, Қапының құшағына анау,
Қанат бітіріп қиялға,көгілдір көгім.
Қалғандай мынау Қапыға арбалып аспан,
Аңыз боп жеткен бүгінге, аңғары-дастан.
Бабалар қашап түсірген жұмбақ жазуды,
Балалар көрсін,сыр тартып таңбалы тастан.
Киелі жерге, көпшілік атына қанық,
Қаншама мезгіл, құдай-ау, қатынамадық.
Жыңғылы бүрлеп,жайқалап тұрған-ақ шығар,
Жадыра жинал, қайталық Қапыға барып.....




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу