Өлеңдер ✍️

  26.07.2022
  134


Автор: Медет Дүйсенов

АДАЙ БАТЫРДЫҢ ЖАУЫНА АЙТҚАНЫ

Ей, тепсінбе, ербеңдеп,
Топтанып артта түменің.
Майданда талай өлген көп,
Қан аңсап келген – қан құсып,
Арқалап қайтқан жүгенін.
Індетіп келіп, не білдің,
Жоғың бар ма еді бұл маңда?!
Ешқашан, туған жерімнің,
Жотасында жау жортпас,
Көзім тірі тұрғанда!
Алдымнан шықтың, жағалап,
Қора айналып үретін,
Көпек иттей абалап.
Қамшы да жарап қалар-ау,
Жоныңнан таспа тілетін.
Күпсініп тұрсың соншама,
Деп пе едің мені құрыды?!
Кішкентай әлі болса да,
Келімберді, Құдайкем,
Жұртының болар ұлығы.
Кім кепіл, күліп миықтан,
«Күшік» деп айтқан қос ұлым.
Домалатып иықтан,
Анау шақша басыңды,
Астына ілмесіне мосының!?
Тереңде жатқан түбірі,
Елім бар еді емендей.
Қара орман – қазақ түгілі,
Он екі ата Байұлы –
Жазылмас саған шемендей.
Бөденедей жауы бұғатын,
Қаптаған шақта ұрандай:
Демі – дауыл, жығатын,
Шынашақтай қатыннан,
Шыққан ұлдар – шынардай.
Құлағыңды басарсың,
Көн дабылды қаққанда.
Қояндай ырғып қашарсың,
Құлан үнді кернейді,
Көтеріп көкке тартқанда.
Қазмойынды қазанат,
Қиялай шауып, не желер,
Азынаған жел азалап,
Қарағай садақ қандауыз,
Қарағұсыңды межелер.
Көре алмас жолын, көз алдың,
Құрсаса бұлттай қабағым.
Несіне асықтың ажалдың?
Көтеру саған күш болар,
Жерге түссе жарағым.
Семсердей сұғып сұсымды,
Суын тектіден ат мініп,
Әй, басармын мысыңды.
Көк бөрілі байраққа,
Көк найзаны сап қылып.
Меселі қайтқан талайдың,
Шолақ судай тасыма.
Арына тисең Адайдың,
Көбеңді бұзып, жебенің
Таңбасын салар тасыңа!
Сен қасиетсіз құладын,
Тырнағын салған тышқанға.
Құмардан қалай шығамын?
Кез қылмады-ау құдайым,
Дені дұрыстау дұшпанға.
Одырандап от бассаң,
Оңалуы қиын артының.
Оныңды айт тоқтассаң,
Жұлыныңды үзбей жібердім,
Жөніңді тап, жарқыным!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу